Экономика

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 17:15, курс лекций

Краткое описание

Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік реттеу бүкіл қоғамның мүддесіне арналған экономикадағы іс-әрекеттердің қолданыстағы формаларының ұтымдылығын арттыру және жағымсыз үдерістерді шектеу үшін пайдаланылады. Ол шаруашылық және әлеуметтік сфералардың, аймақтардың түгелдей дерлік мүдделерін қамтиды да олардың дамуына аса зор әсер етеді.
Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық іс-әрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.

Содержимое работы - 1 файл

LEKSIA Экономиканы мемлекетт3к Реттеу.doc

— 1.12 Мб (Скачать файл)

Қаржылық жүйе қолма-қол ақша, есепшоттағы ақша, бағалы қағаздар сияқты ақша агрегаттарының барлығын біріктіретін алуан сипатты қаржылық құралдармен, ақшалай қаражаттармен операциялар атқарады.

Қаржылық жүйеге қатысушыларға Қаржы министрлігі, қазынашылық, Ұлттық Банк, салық инспекциясы, қаржы полициясы, коммерциялық банктер, қор және валюта биржалары, қаржылық-кредиттік мекемелер жатады.

Қаржылық жүйемен кредиттік жүйе тығыз өзара әрекетте болады. Дегенмен, кредиттік жүйенің қаржылық жүйеден айырмашылығы, ол тек қана қайтарымды ақшалай қаражаттармен операциялар жүргізеді.

Қаржылық жүйе, оны құрайтын субъектілері, құрамы және функцияларымен ғана сипатталмайды, сонымен бірге қаржы ресурстары қозғалысымен де ерекшеленеді. Қаржылық жүйенің тікелей және кері қаржылық ағындар түріндегі дамыған сыртқы байланыстары да болады.

Сонымен, жоғарыда көрсетілген «қаржы», «қаржы ресурстары», «қаржылық жүйе» анықтауыш түсініктер негізінде «қаржыны реттеу» сөзжасамына (терминіне) анықтама бере аламыз.

Қаржыны реттеу – бұл тепе-теңдікке қол жеткізу және оны ұстап тұру, қаржылық және экономикалық жүйені орнықтыру, табыс, пайда алу, экономикалық және әлеуметтік түйткілдері шешуді қамтамасыздандыру мақсатында басқару органдарының елдің, аймақтардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысына, сондай-ақ қаржылық үдерістер, қаржылық қызмет, қаржы ресурстарына саналы әсері. Тиісінше, қаржыны мемлекеттік реттеу мемлекеттің қарамағындағы қаржыны мемлекеттік органдар тарапынан басқарып, реттеу болып табылады. Мұнда реттеу объектілеріне мемлекеттік, аймақтық, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржысын реттеу жатады.

Реттеу субъектілері ретінде қаржы туралы заңдар қабылдайтын заң шығарушы органдар, мемлекеттік, аймақтық, жергілікті деңгейде қаржылық үдерістерді бағыттайтын, реттейтін, қадағалайтын атқарушы органдар саналады.

ҚР қаржыны реттеуші мемлекеттік атқару органдарына Қаржы министрлігі және оның аймақтық органдары, мемлекеттік салық қызметі, мемлекеттік бюджет атқарылуын қадағалау қызметі, кеден қызметі, қаржы, бағалы қағаздар рыноктарын бақылаушы қызметтер, мемлекеттік қазынашылық жатады.

Қаржыны мемлекеттік реттеудің мазмұны оның функцияларын атқаратын реттеу түрлері арқылы ашылады.

Қаржы-шаруашылық қызметті сараптау қаржы саласында қажетті шешімдер қабылдау үшін қажетті ақпаратты қалыптастырады. Сараптама бюджеттік, баланстық, бухгалтерлік, статистикалық және ағымдағы құжаттарға негізделеді. Қаржылық сараптау барысында аудит әдістері кеңінен қолданылады.

Қаржылық болжау қаржы ресурстарына қажеттілікті қаржылық үдерістерді, мемлекеттің қаржылық саясатын жүргізудің ықтимал үрдістері мен нұсқаларының келешекте күтілетін жағдайын ашып көрсетеді.

Қаржылық ресурстар мен қаржылық қызметті жоспарлау мемлекеттік қаржы жүйесінің алдағы жағдайының параметрлерін, қаржы ресурстарын алу көлемі мен көздерін және оны жұмсау арналарын, түсімдер мен шығындардың сәйкестігі деңгейін, ресурстар тапшылығы дәрежесін анықтайды.

Қаржыны ағымдағы (оперативті) реттеу қалыптасқан ситуацияны қаперге алу, бюджетті түзету, баланстар мен қаржылық жоспарларды дәлдеу, сондай-ақ қайта бөлу мақсатында жүргізіледі.

Қаржы жағдайын бақылау мен қадағалай реттеу тізбегіндегі кері байланыс буыны қызметін атқарады, яғни заңдық ережелердің, нормалардың сақталуы туралы ақпаратты жеткізеді. Қаржылық бақылаудың негізгі элементі аудиторлық тексеру болып табылады.

Қаржы ресурстарының есебі олардың жағдайын, есепшоттағы санын, олардың сақталуы мен өзгеріс динамикасын, сондай-ақ қолда бар резервтерді ашып көрсетеді.

Қаржыны реттеу кредитті (несиені) реттеумен және банктік жүйенің қызметімен тығыз байланысты, өйткені кредит қаржы ресурстарының өте маңызды көзі болып табылады.

Әлемдік шаруашылық жүйесінің дамуы дүниежүзілік қаржы жүйесін қалыптастырады, нәтижесінде халықаралық қаржыны реттеу қажеттілігі туындайды. Бұл функцияны Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық Валюта Қоры және басқа да халықаралық қаржылық ұйымдар атқарады.

 

§2 Қаржы ағындарын реттеу

Қаржылық жүйенің әрекеті оның құрамдас бөліктерінің өзара іс-қимылдарынан көрініс табады. Қаржыға қатысты жүйенің қызметі қаржылық қатынастар агенттері арасындағы қаржылық ресурстар мен ақшалай қаражаттар ағыны арқылы жүзеге асады. Ақшалай қаражаттардың қаржы жүйесіндегі ауыспалы айналымы адам ағзасындағы қан айналымы тәрізді экономикалық өміршеңдіктің белгісі болып табылады. Қаржы ағындары экономикалық қызмет өнімдерін, бөлу, айырбастау бойынша экономикалық үдерістерге қатысушылар арасындағы қатынастарды айқындайды.

Қаржы ағындарын мемлекеттік реттеу өзінің түпкі мәні бойынша қаржы ағындары мен ақшалай қаражат жинақтарын басқару болып табылады. Қаржылық байланыстар мен қатынастарда қаржы жүйесінің негізгі бес агенті (қатысушысы) әрекет етеді. Олар: мемлекет, ұйымдар, үй шаруашылығы, ұлттық банк (кейбір елдерде орталық банк) және коммерциялық банктер.

Мемлекеттің шаруашылық жүргізуші субъектілермен (кәсіпорындар, ұйымдар, кәсіпкерлер) қаржылық қатынастары салықтар, баждар, төлемдер түрінде жүзеге асады, мысалы табиғи ресурстар үшін төлемдер, мемлекеттік меншікті жалға беру ақысы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызмет көрсетулері үшін төлемдер. Салықтардың түрлері мен салық салу қойылымдарын, тарифтер мен прейскуранттарды (қызмет көрсету бағаларын) өзгерту арқылы мемлекет бюджетке түсетін қаржы ағындарын реттейді.

Мемлекеттен шаруашылық жүргізуші субъектілерге қарай қаржы ағынына мемлекеттік сатып алулар төлемі, яғни кәсіпорындар мен ұйымдардың мемлекеттің тапсырысы бойынша дайындаған тауарлары мен орындаған қызметтері үшін бюджеттен төлемдері жатады. Мемлекет шаруашылық жүргізуші субъектілерді қайтарымды және қайтарымсыз формада ақшалай ассигнациялауға (қаржы бөлуге), оларға дотация беруге, салықтар мен төлемдер бойынша жеңілдіктер тағайындауға хақылы.

Белгілі бір тапсырыс көлемін ұсыну, тапсырысқа баға белгілеу, мемлекеттік жеңілдіктердің артықшылықтарын пайдалану арқылы мемлекет шаруашылық жүргізуші субъектілерге берілетін қазыналық ақшалай қаражаттардың ағынына реттегіш әсер ету мүмкіндіктеріне ие болады. Мемлекет пен жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне салық салу, тұрғындарға ақылы мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ мемлекеттің кредиттік пайыздары арқылы өзінің қаржылық ресурстарын жарым-жартылай толықтырып отырады. Үй шаруашылығынан мемлекетке қарай ақша ағындары әртүрлі төлемдер, алымдар, лотерея өткізу, мемлекеттік бағалы қағаздарды сату есебінен де қалыптасады.

Мемлекеттен тұрғындарға ақшалай қаражаттың қарқынды ағынына жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы түріндегі мемлекеттік трансферттер жатады. Мемлекет, сондай-ақ тұрғындарға кредиттер береді, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша пайыздар төлейді, лотерея ұтыстарын қамтамасыз етеді, айналым мерзімі таусылған бағалы қағаздарды қайта сатып алады.

Қағидатты негізде мемлекеттен жұртшылыққа қарай қаржы ағындарына мемлекеттік қызметкерлерге, бюджеттік сфера қызметкерлеріне жалақы төлеуді де жатқызуға болар еді. Бірақ, бұл төлем шаруашылық жүргізуші субъектілер мен заңды тұлғалар қатарына жататын мемлекеттік ұйымдармен атқарылатындықтан оны мемлекеттік тапсырыстың қайтарымы деп те қарастыруға әбден болады. Сонымен бірге мемлекеттік аппарат, мемлекеттік басқару органдары қызметкерлеріне төленетін жалақы мемлекеттен жұртшылыққа түсетін ақшалай қаражат болып табылады.

Бюджет қаражатынан және бюджеттік емес мемлекеттік көздерден төленетін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын және оның шамасын, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы мөлшерінің деңгейлерін реттей отырып, мемлекет тұрғындарға арналған ақша ағынын кеңейту немесе кеміту мүмкіндігіне ие болады. Осыған ұқсас түрде салық түрлері мен қойылымдарына, төлемдерге, мемлекеттік қызмет көрсету тарифтеріне әсер ету арқылы мемлекетке бағытталған ақша ағындарын да реттейді.

Қаржылық байланыстар мен қатынастардың барлық негізгі субъектілері сыртқы қаржылық байланыстарға қатысады, яғни олар қаржы ағындары арқылы басқа елдермен қатынасады. Тұтастай алғанда мұндай ағындар ақшалай қаражатты шетелге шығару және олардың келуін көрсетеді.

Сыртқы қаржылық, валюталық ағындардың келесідей экономикалық жаратылысын көруге болады:

1)                       шетелден сатып алынған тауарлардың (импорт) төлемі және шетелге сатылған тауарлардан (экспорт) түсімдер және валюталық түсімдер;

2)                       шетелден кредиттер алу немесе басқа елдерге кредиттер беру, кредиттерді атқаруға байланысты қаражатты аудару;

3)                       мемлекеттің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, азаматтардың ақшалай қаражаттарын шетелдік банктерге орналастыру, банктік пайыздар алу;

4)                       шетелден сатып алынған немесе шетелге сатылған бағалы қағаздар мен мүліктік құндылықтардың төлемі ретінде ақшалай қаражатты аудару;

5)                       ақшалай көмек, қамқорлық түріндегі ақшалай трансферттерді тегін қолдан қолға өткізу.

Мемлекет өзі иелік ететін және тікелей алушы болып табылатын ақшалай қаражаттардың ғана сыртқы ағындарын толықтай реттейді. Мемлекеттің, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілердің, коммерциялық банктердің, жұртшылықтың дербес бастамаларымен жүзеге асатын сыртқы ақшалай ағындарын реттеу мүмкіндіктері бар.

Капиталдардың, ақшалай қаражаттардың еркін рыногы жағдайында қаражатты жіберушілер мен алушылар заңды тікелей бұзған жағдайда ғана сыртқы қаржылық ағындар қаражаттарын мемлекеттің шектеуі немесе оларға тыйым салуы мүмкін. Қазақстанда көрсетілген ақшалай ағындарды реттеу кедендік шаралар қолдану, шаруашылық жүргізуші субъектілердің валюталық түсімдерінің бір бөлігін Ұлттық Банкке сатуға мәжбүрлеу, валютаны шетелге шығаруды шектеу арқылы жүзеге асады.

 

§3 Қаржы-несиелік және банктік қызметті мемлекеттік реттеу

Қаржыны реттеу қызметінің дербес тармағы – несиені және несиелік қатынастарды реттеу болып табылады. Несие – бұл бір тұлғаның екінші бір тұлғаға уақытша, қайтарымдылық шартымен беретін ақшалай қаражаттары. Несиелік қатынастар дегеніміз – қарызға берумен және қайтарумен ақша есептеулерін ұйымдастырумен, ақша белгілерін және бағалы қағаздарды эмиссиялаумен, сондай-ақ несиені инвестиция көзі ретінде пайдаланумен байланысты ақшалай қатынастар.

Қаржы-несие операцияларын жүзеге асырушы негізгі агент банктер болып табылады, дегенмен мұндай операцияларды тек қана банктер емес, соныимен қатар басқа да қаржылық-кредиттік институттар жүргізеді және оларға ақша қаражаттарын несиеге, пайызбен беретін кез келген ұйымдар жатқызылады.

Қазіргі әлемдік шаруашылықта қолма-қол ақшалай есептеулерді банктер арқылы қолма-қол емес есептеулермен алмастыратын прогрессивті үрдіс үстемдік етеді. Ал, мұның өзі мемлекет пен муниципалдық органдар, шаруашылық жүргізуші субъектілер, үй шаруашылықтары арасында айналыста жүрген ақшалай қаражаттардың негізгі массасы банктер арқылы атқарылады деген сөз. Осыған байланысты мемлекеттің экономикадағы қаржы ағындарын қадағалап, бақылау мүмкіндіктері артады, сөйтіп заңсыз, көлеңкелі қаржылық операцияларға тосқауыл күшейе түседі. Қаржылық ағындардың «мөлдірлігі», (прозрачность) транспаренттілігі (ашықтығы) деңгейі жоғарылайды.

Банктерге қаржылық қатынастарға қаржы-несие ұйымы ретінде ғана емес, сонымен бірге, мысалы акционерлік қоғамдардың акцияларын иемденіп, солардан дивиденд алатын шаруашылық жүргізуші субъекті рөлі де тән. Қаржылық-өнеркәсіптік топтарға мүше болу немесе, тіпті басшы ұйым ретінде де банктер шаруашылық жүргізуші субъектілерге айналады.

Рыноктық экономикасы бар елдерде банктер мен банктік мекемелер екі деңгейлі жүйені құрайды және оның негізгі буыны демек, жүйенің ұшар басы ұлттық банк (орталық банк) болып табылады.

Орталық ұлттық банктер көбінесе мемлекеттік банк болып келеді. Дегенмен, кейбір елдерде ол негізгі акционері мемлекет болып табылатын коммерциялық (мысалы, инвестиция банкі) акционерлік банк болып қалыптасады. Федералдық резервтік жүйе (FRS) деп аталатын АҚШ-тың Орталық банкінің құрылымы ерекше. Ол 12 штаттың орталық банктерінен құралады. Қазақстан Ұлттық Банкі – мемлекеттік болып табылады.

Ұлттық Банк айналымдағы ақша массасының көлемі мен құрылымын реттейді. Бұл функция банктерге берілетін несиелік ресурстардың көлемін өзгерту ашық рыноктағы операциялар ретінде бағалы қағаздар мен шетелдік валютаны сатып алу-сату арқылы іске асырады. Коммерциялық банктер ұстауға тиісті міндетті резервтер нормасын тағайындау мен өзгерту Ұлттық Банктің құзырында.

Ұлттық Банк өз несиелері үшін есептік қойылымдарды (ставка, қайта қаржыландыру қойылымдары) орнықтыру арқылы кредиттер бойынша банктік пайыздық қойылымдарға реттеуші әсер етеді.

Ақша белгілерін айналымға шығару және айналымнан алу құқығы да толықтай Ұлттық Банктің құзырындағы функция болып табылады.

Коммерциялық банктердің қызметін реттеу және бақылау үдерісін лицензия беруден бастап, оның күшін жоюға дейін Ұлттық Банк жүзеге асырады. Коммерциялық банктердің қызметіне бірқатар міндетті нормативтер енгізе отырып, Ұлттық Банк кредиторлардың мүдделерін қорғайды. Мұндай нормативтер қатарына жарғылық капиталдың минималды мөлшері, өзіндік қаражаттар мен активтер сомасының шекті арақатынасы, өтімділік көрсеткіші сияқты нормативтер жатады.

Резервтер нормасын реттеу саясаты мемлекеттің ұлттық банк арқылы банктік депозиттер мен жиынтық кредиттік ақша массасын бақылау құралы болып табылады.

Егер елдегі жағдай күйзелісті (депрессиялық) кезеңге түсіп, мемлекет кәсіпкерлік қызметті жандандыруға мүдделі болса, онда ұлттық банк өзінің кредиттері бойынша пайыздық қойылымдары мен коммерциялық банктер үшін міндетті резервтер нормасын төмендетуді қолға алады.

Ақша массасын реттеудің тағы бір құралы – Ұлттық Банктің «ашық рыноктағы» операциялары болып табылады. Мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату арқылы Ұлттық Банк коммерциялық банктердің кредиттік ресурстарын «тұсайды» немесе босатады. Егер мемлекет инфляцияны төмендетіп, ақша массасын қысқартқысы келсе, онда Ұлттық Банк мемлекеттік облигациялардың белгілі бір мөлшерін ашық рынокқа «лақтырады».

Информация о работе Экономика