Сенушілер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Февраля 2013 в 21:49, реферат

Краткое описание

Мен ағылшын дәрігері Патрик Диксонның «ЖҚТБ және Сен» атты кітабының қазақ тілінде жарық көргеніне өте қуаныштымын. Ол бүгінгі күні Қазақстанда өте маңызды кітап. Оның авторы 1987 жылы мәсіхші сенушілердің назарын бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған ЖҚТБ эпидемиясы (індеті) мәселесіне аударған қауым жетекшілерінің алғашқыларының бірі. Оның «ЖҚТБ туралы ақиқат» атты алғашқы кітабы Англиядағы көптеген сенушілер қауымдарына терең әсер етіп, олардың АҚТҚ/ЖҚТБ індетіне қарсы күреске құлшынысын оятты.

Содержание работы

Кіріспе: Сенушілер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде
1 Тарау: ЖҚТБ — сізге де төніп тұрған қатер!
2 Тарау: Вакцина, дәрі-дәрмек және сақтандырғыштар
3 Тарау: Адамдар жиі қоятын сұрақтар
4 Тарау: Баратын жер жоқ
5 Тарау: Сіз қалай ойлайсыз?
6 Тарау: Біз қайда бара жатырмыз?
7 Тарау: Біз не істей аламыз? Әрекет жасайтын мезгіл жетті

Содержимое работы - 1 файл

Патрик Диксонның СПИД (ЖҚТБ) туралы кітабынан.doc

— 506.00 Кб (Скачать файл)

 

Жақсы жыныстық қатынасты  бұзудың жолы

Көптеген елдерде қыздар бұндай нәрселерді әдетте өздері кездесіп жүрген ер адамдардан әлдеқайда ерте түсінеді. Оларға тұрақты әрі қауіпсіз махаббаттың  артықшылықтарын айтудың қажеті жоқ. Шын мәнінде (өздерінің шешіміне /ойына қарсы) кейбіреулердің достарымен төсектес болуға келісулерінің негізгі бір себебі — өздерін құрбыларына ұсыну арқылы олармен ұзақ уақыт қарым-қатынаста бола аламыз деген үміттерінде.

Өкінішке орай, тәжірибе бізге бәрінің  де керісінше екендігін айтады. Сол  қызды сыйлап, тіпті табынып жүрген жігіт оған енді басқа құнсыз қыздар секілді қарайтын болады. Әйелдердің еркектерді өзіне қаратуының ең негізгі әдістерінің бірі — ол әйелдің құпиясы, ал өзінің досымен төсектес болуға келіскен сәтте-ақ, құпияның ашылуына қауіп төнеді. Киелі кітап еркек әйелмен жақындасқанда, ол оны «танып-біледі» дейді. Қандай да бір мағынада оның жан дүниесінің сыры ашылады.

 

4. Жыныстық қатынас  және қауым

Қауымдағы абыржу

Құдай жыныстық қатынасты жаратқан: ал некеден тыс болатын жыныстық қатынасқа Ол қамығып, ренжиді.

Қазіргі кезде қауымның кейбір бөліктерінде барлық сұрақтарға байланысты қайшылықтар  байқалады. Қайта тірілу ешқашан  болмаған және Киелі кітапқа толықтай сенуге болмайды деген оймен Исаны  Құдай Ұлы деп қабылдамай, Оның пәк қыздан туылғанын мойындамай-ақ, кейбір елдерде епископ болуға болады деген әсерде қаласыз. Қауымның көптеген тарихи ілімдері мен Киелі кітаптың маңызды бөліктерін қабылдамауды ұйғарған адамдардың тобы құрылғаннан кейін, үлкен мәселе туындайды. Нәтижесінде кез келген адамның пікірі маңызды болады. Демек, қанша адам болса, сонша дін бар сияқты көрінеді.

 

Адал болу — ер жүректілік

Егер мен Киелі кітаптың өмір туралы не айтатынын түсіну үшін оны  әр жерінен, 1-2 аяттан емес, шынымен  толықтай мұқият оқып шықсам, онда маған  өте-мөте сақ болу керек. Контекстің әрбір жерінен сөздерді теріп алып, оны өз дегеніңізге келтіріп талқылау тіптен қиын емес. Өте маңыздысы — жалпы мағынасы.

Мынау — Киелі кітапта жыныстық қатынас туралы айтылған нәрселерге байланысты жасаған менің қорытындыларым. Сіз Киелі кітапты өзіңіз үшін оқып шығуыңыз керек. Не жайлы айтылып жатқанына көзімді анық жеткізу үшін, егжей-тегжейлі конспект жазып, анықтама әдебиеттерді қолдана отырып үш жыл ішінде мен Киелі кітапты қатарынан үш рет оқып шықтым. Менің айтайын дегенім — сол жұмысымның нәтижесі.

Киелі кітап бізге әуел баста  Құдай әйел мен еркекті Өзіне  рухани жағынан ұқсас етіп жаратқандығын  үйретеді. Құдай еркектің әйелге үйленгенін және бір-біріне өмір бойы бағышталған  әйел мен еркекті біріктіретін жыныстық қатынастың ғажайып сый әрі құпия болғанын қалады.

Осы жомарт тәндік махаббаттан қауіпсіз әрі сүйіспеншілікке кенелген шаңырақта  ата-әжелерімен, аға-әпкелерімен, жиен-бауырларымен және отбасы өміріне өз еркімен ат салысатын жалғыз басты адамдармен бір ұяда өсіп-тәрбиеленетін балалар дүниеге келеді.

Неке — қоғамның негізгі іргетасы. Сондықтан сенуші ата-анасы ажырасып кеткен, отбасында зорлық-зомбылық болған, ерлі-зайыптылар бір-бірін алдап, көздеріне шөп салған, әрі бір-біріне қолдау көрсетуден қалған жанұяда жүрегі қатты жараланған, жасқаншақ, өз-өзіне сенбейтін балалардың өсетінін көргенде, оған таңғалмайды. Вандализмнің, есірткі мен ішімдікке салынудың және басқа да жағдайдардың көптеп байқалуының себебін жастардың бақытсыз отбасынан көруге болады.

Киелі кітап жақсы да тұрақты некеге септігін тигізетіндердің бәрін қолдай отырып, некенің қоғам қалыптасатын іргетас іспетті рөлін мойындамайтын нәрселердің бәріне қарсы шығады. Кейбір батыс елдерінде неке орынсыз нәрсе болып санала бастаған. Неке — сән-салтанат емес. Жарнама суреттеріне көз салыңызшы. Некелік сақинаны тағып жүрген — жастар маңызды емес — әйелдер көп пе?

Мансап  қуған әйелдер балалы болуды  алдыңғы он жылдыққа қалдырады. Өкініштісі сол, ақыр аяғы әйел сәбилі болуды қалаған сәтте көбіне өзінің дүниеге нәресте әкелу қабілетінен айырылғанын біледі, ал денсаулығы нашар не жарымжан бала табу қаупі одан бетер күшейеді. Медицинада тұңғыш баласын отыз жастан кейін босанған әйелдер «кексе» ана болып есептеледі, өйткені дәрігерлер әйелдердің денесі тұңғыш баланы тым кеш босануға жаралмағанын біледі.

 

Жыныстық қатынас неке үшін жаралған

Киелі кітап некені жақтап, оған қауіп  төндіретін барлық нәрсеге қарсы  тұратындықтан, ол жыныстық қатынастың тек некелері қиылған ерлі-зайыптылар арасында болуға тиіс екенін мақұлдайды. Жүкті болуға қарсы дәрілер ойлап табылғаннан шамамен жиырма жыл бұрын төсек қатынасы жүкті болып қалу қаупін білдіретін, ал нәресте үнемі әке мен шешеге мұқтаж. Кез келген отбасылық дәрігер сізге кездейсоқ қарым-қатынастың балаларға да, отбасы өміріне де кері әсерін тигізетінін айтады. Иса некеден тыс болған жыныстық қатынас — күнә деп үйрететін дәстүрлі іліммен келісетінін анық айтады. Шын мәнінде Ол одан әріге барып, некеден тыс жыныстық қатынас туралы ойлардың өзінің — күнә екендігін айтады.

Мен сіздердің мұнымен келісулеріңізді сұрамаймын. Менің бір өтінерім: өзіңізге адал болыңыз, Киелі кітаптың шын мәнінде айтары да осы екенін ең болмағанда мойындаңызшы. Қауым әуелден-ақ осыған үйреткен, әйтсе де, өз заңдарын орнатып, нәтижесінде қауымнан алшақ қалған азын-аулақ адамдар топтары әрқашанда табылатын. Бұл ілім қандай да бір деноминацияның емес, Исаның кезінен бастап мейлі католик, мейлі православие, мейлі протестант немесе басқа болмасын барлық қауымдарға арналған. Шын мәнінде бұл — әрқашан сенушілерді біріктіретін аздаған нәрселердің біреуі.

 

Шектен шығу

Кейбір адамдар бір жынысты  өзара ынтызар ерекше адамдардың бар екенін дәлелдеуге тырысқан. Киелі  кітап бізге адамдардың нәпсілерінің қозуы көптеген түрлі жағдайларда  болатындығын айтады. Бұл айдан анық. Киелі кітап еркектің еркекпен, ересектердің балалармен, еркектердің өз аналарымен, адамдардың жануарлармен жыныстық қатынасқа түсетіні жайлы, жын-ойнақ, жезөкшелік және көптеген басқа нәрселер туралы айтады. Гомосексуалдардың жыныстық қатынасы жайында Киелі кітаптың бірқатар жерінде тікелей айтылады — ол тыйым салынған нәрселердің бірі.

Дегенмен, Киелі кітап сонымен  қатар, мысалы, Рут пен Нағима секілді әйелдер және Дәуіт пен Жонатан секілді ер адамдар арасындағы жақын, жылы қарым-қатынас туралы да суреттейді. Егер қаласа, Дәуіт пен Жонатан тәндік тұрғыдан өте жақын бола алар еді, бірақ олар өзара жыныстық қатынасқа әуестенбеді.

 

Кезінде жұртқа тартымды көрінген  сенім

Адамдар бұл әділетсіздік қой дейді. Өзінің сүйген жігітінің басқаға  үйленгенін білген қызға немесе Исаның соңынан ергендердің арасында некелесуге лайықты ешқандай қалыңдық жоқ деп ұйғарған жігітке жалғыз қалуға мәжбүр екендіктерін қабылдау өте қиын. Ал айналасында әйел не күйеу боларлық адамдар толып жүрсе де, бірақ олардың қай-қайсын да жұбай ретінде көз алдына елестетуге болмаса және бірде-біреуі болашақ ана не әке деп сенім артуға лайықты болмаса, онда бұл одан бетер қиынға соғады.

Біз осы жыныстық қатынас үстемдік етіп тұрған заманда ер адам басқа  адаммен төсектес болып, өзінің жыныстық белсенділігін көрсетпесе, онда ол табиғат заңына қайшы деп есептеуге дағдыланып кеткенбіз. Бұл әйелге де қатысты, бірақ оның бір ғана айырмашылығы бар: әдетте жас жігіттің жыныстық сұранысы жас келіншекке қарағанда әлдеқайда жоғары. Өмірінің жартысында бұл жағдай көбіне керісінше өзгеретін болады.

Мәсіхшілік сенім сәнді (мода) қумайды  және мәсіхтік дәстүр некесіздікті, яки  пәктікті әрдайым жоғары тұтқан. Бұның  үлгісін бізге Исаның Өзі және елші Пауыл да көрсеткен. Қауымның алғашқы  құрылған уақытында жыныстық азғындыққа түскен адамдар көп болған. Бірақ Иса да, Пауыл да Құдайдың бәріміздің алдымызға қойған мақсаты ретінде тұрақтылықты, тәртіпті, ұстамдылықты, пәктікті және адалдықты сақтауымыз керектігін нақты айтады. Келесі жүзжылдықта адамдар жыныстық қатынас пен жыныс жолдары арқылы таралатын жұқпалы аурулар үстемдік етіп тұрған заманда жүктілікке қарсы ойлап шығарылған дәрілерден кейін туып-өскен бірінші және екінші ұрпаққа таңғалып қарайтын болады. Өкінішке орай, олар шаңырақтың шайқалып, отбасының күйреуі жүз миллиондаған балалардың обалына қалатындығынан байқалмауы мүмкін емес.

 

5. Күтім көрсету —  келісу емес 

Мүмкін, сіздер менімен келіспейтін  шығарсыздар. Менімен келісуіңізді сұрамаймын да, бірақ мен сіздің пікіріңіз сияқты құнды, екі мың  жыл бойы өзгеріссіз тұрақты келе жатқан Қауым ілімінің бейнесін көрсететін пікірді жазып шыққанымды көрсеңіз екен деймін.

 

Іс жүзінде күтім  көрсету

Бір әйел маған ЖҚТБ ауруына шалдыққандардың  өздерін ауруға душар еткен бұрынғы  өмір сүру салтын құптамаса да, науқастарға  жандары ашып, оларға күтім көрсететіндігі үшін кейбір сенушілерге налитынын айтқан еді.

Мен оған оның күтім көрсетуді келісумен  шатастырып алғанын айттым. Медицинада бұл екі сөз бір мағынаны білдірмейді. Егер мен дәрігер ретінде өзім қолдайтын партияға дауыс беретін, менің сенімімді ұстанатын, мен баратын қауымда Құдайға табынатын және менің қалауыма қарсы еш нәрсе істемейтін адамдарды ғана емдейтін болсам, онда мені дереу медицина саласынан қуып шығу керек болар еді. Дәрігерлер мен медбикелер ауруға шалдыққан кез келген науқасқа, оның сол ауруға қалай шалдыққанына қарамастан, көмекке мұқтаж адамдардың бәріне жанашырлық танытып, күтім көрсетуге тиісті. Осының бәрі жәрдем берушілерге де қатысты.

Бүгінгі күнде бүкіл әлемде ЖҚТБ-ға шалдыққандар мен аурудың алдын алу жұмыстарын атқаруда қауымдардың алдыңғы қатарда тұрғандығын көру қуанышты.

 

Алтыншы тарау

Сіз қайда бара жатырсыз?

 

Өлім аузында жатқандарға күтім  көрсету үшін ең алдымен өлім жайлы  өзіміз не ойлайтынымызды біліп алған  жөн.

 

Қатыгездіктің озбырлығы

Өлімнің бетіне көз алмай қарау  үшін ержүректік керек. Бұндай жағдай ең алғаш рет мен мектепте оқып жүргенде болған. Мен машина көп  жүретін жолмен келе жатқанымда кенеттен бір әйелді автобустың қағып кеткенін көрдім. Ол қансырап, дем ала алмай  тұншыға қырылдап жерде жатты. Біз бәріміз оның жанына жиналдық. Мен ешқашан мектепте алғашқы жәрдем көрсеткен емеспін және сол сәтте не істеу керектігін білмедім. Біреу зақымданған әйелдің басын көтерді. Жүрегі аузына тығылып, есі шыққан жүргізуші кабинадан шықты, «жедел жәрдем» шақырдық. Мен алысырақтан әйелдің кенеттен құсып, қақалып, бірден көгеріп барып жан тапсырғанын көрдім.

Мен болған жағдайдың қатігездігіне  қайран қалып үйге қарай бет алдым. Біз бұндай сан алуан жағдайларды  теледидардан үнемі көреміз, бірақ  сондай жағдай өз көз алдыңызда болғанда, ажалдың шынайылығын сезінеміз. Мен кейінірек әлгі әйелдің шалқасынан жатып, құсығына шашалып өлгенін естігенде, одан бетер жаным түршікті.

Өліммен екінші рет мектепті бітіре салысымен бетпе-бет келдім. Кешкі  уақыт болатын, жаңбыр жауып тұрды, мен үлкен екі қабатты автобустың астыңғы салонында отырған едім. Оның артқы есігі ашық болатын. Автобус жылтыраған қара жолмен зымырап келе жатқан, кенеттен мен арт жақтан жерге шашылған ұсақ тиындардың сылдырын естідім. Мен артыма қарап, еш нәрсе байқамадым. Бірақ артқы терезеден кондуктордың жолда жатқанын көргенде, жүрегім зу ете қалды. Ол тайғанап барып, басын кабинаға соғып, автобустан құлап кеткен.

Мен жүгіріп барып ауыр автобус  тоқтағанша қоңырауды өлгенше бастым. Автобустан секіріп түсіп, артқа қарай жүгіре жөнелдім. Шұбырған машиналар легі тоқтап қалыпты. Біреуінен бір медбике шығып, апатқа ұшыраған адамға алғашқы жәрдем көрсетті, бірақ ол бәрібір өліп кетті.

Біздің көпшілігімізге өлім туралы айтқан ұнамайды. Біз өлімнің бар екенін мойындамаймыз. Егер кейбір адамдардың сөздеріне құлақ салсақ, олар ешқашан өлмейтіндей әсерде қаламыз. Кейбір елдерде жерлеу рәсіміне балаларды қатыстырмайды, мүмкін, үлкендер үшін балалардың көзінше жылау ыңғайсыз шығар. Дәл осы белгісіздіктің алдындағы өлім қорқынышы — ЖҚТБ-ның неге соншалықты сұсты болып көрінуінің басты себебі. Адамдар менен рак ауруына шалдығып өлім аузында жатқандардың, кейінірек ЖҚТБ ауруларының қасында қалайша ұзақ уақыт өткізгенімді жиі сұрайды. Жауабы қарапайым: өйткені мен қайтыс болғаннан кейін қайда баратынымды білемін.

Мен енді ғана дәрігер болып жұмысқа  кірген кезімде алғашқы пациенттерімнің  бірі рак ауруы соңғы сатыға жеткен орта жастағы әйел болды. Бір күні кешкісін мен оның жанында отырғанымда, ол кенеттен менің қолымды алғаны есімде. «Мен өлгеннен кейін сіз мені ұмытпайсыз ғой? — деп сұрады. Мен басымды изедім. Содан соң ол: — Сіз өлгеннен кейін қайда баратыныңызды білесіз ғой, солай ма? Сіз Құдайға сенесіз ғой?»

Мен оған өзімнің сенімім жайлы  ешқашан айтқан емеспін. Менің киімімде ешқандай белгі жоқ, мен өзіммен бірге Киелі кітапты алып жүрмеймін, әйтсе де, ол бір нәрсені сезді. Ол менің оның өлімін тыныштықпен қабылдайтынымды түсінді. Оның аурудан айығуына деген ешқандай үмітім қалмағанына қарамастан, менің өзін тастап кетпейтінімді және қорықпайтынымды көрді.

Өлім жайлы түрлі ойлар біздің қартайған шағымызда келеді. Әдетте балалар өлімге тура қарайды. Өлімге душар бүлдіршіндер өлімді өмірдің ісі деп қабылдайды және бұны үлкендерге қабылдаудың қаншалықты қиын екенін көріп таңданады. Олар ата-аналары мен медицина қызметкерлерін жабықтырмас үшін үндемеуге тез үйреніп алады.

 

Өлім — ол құпия

Егер өміріңізде біреудің өліп бара жатқан сәтінде сізге оның қасында  болу құрметі бұйырса, сіз құпияны  бастан кештіңіз. Мынау — уақыт пен кеңістікке бағынышты әйел. Сіз оның қолынан ұстап қасында отырсыз. Ол демін тыныш алып жатыр. Уақытының көбін ол ұйқымен өткізеде, ара-арсында көзін ашып, бір нәрселерді айтады. Оның еш жері ауырмайды және еш нәрсені уайымдамайды. Ол не болып жатқанын нақты біледі. Оның жаны тыныш, қорқыныш жоқ.

Информация о работе Сенушілер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде