Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Ноября 2011 в 15:36, реферат
Ш. Ш. Уәлихановтың ата-бабалары байырғы сұлтандар әулетіне жатады. Оның бабасы, Орта жүздің ханы Абылай алғашқылардың бірі болып Ресейдің қол астына кіріп, өмірінің соңына дейін Ресеймен сауда және саяси байланыс жасап отырды. Абылайдың үлкен баласы, Орта жүздің соңғы ханы Уәли бұл байланысты одан әрі дамыта түсті*2. Шоқан Уәлиханов фамилиясына туған атасы Уәли есімін алады.
Дүниеден қайтардан біраз бұрын Ш. Уәлиханов әкесіне соңғы хатын жолдады. Бұл хатында ол өзінің туысқандарын, таныстарын сағынғанын жазып, орындалмай қалған армандарын айтып, өкінеді. «Қажыдым, күшім бітті, - дейді Шоқан, - қан-сөлім кетіп, құр сүйегім ғана қалды, кешікпей жарық дүниеден кетермін. Менің аяулы туыстарым мен достарыммен көрісуді тағдыр жазбай тұр. Бұл менің ең соңғы хатым. Қош болыңыздар, баршаңызды құшағыма алдым». Арада біраз уақыт өткеннен кейін Сырымбетке Шоқанның дүниеден өткені жайлы Тезектен хат келді.
Шоқан әкесіне жолдаған ең соңғы хатында: «Жетісуға келіп, бейшара Айсараны (әйелі) елге алып қайтыңыз, оны қараусыз қалдырмаңыз», - деп жазған еді. Шоқанның осы ақырғы тілегін орындау үшін 1865 жылдың жазында Көкшетаудан Алтын Емелге керуен жіберілді.
Керуенмен келгендер Ш. Уәлиханов зиратының басына күйдірген кірпіштен күмбез орнатты. Бұл зираттың фотосуреті*125 мен Г. Н. По-таниннің қарындашпен салған суреті сақталған*126. Керуен Шоқанның әйелін алып кейін қайтты.
Шоқан Уәлихановтың бейнесін оның достары мен жолдастары Г. Н. Потанин, Н. М. Ядринцев, Г. А. Колпаковский, И. И. Ибрагимов, Н. Ф. Усов және басқалар мәңгі естерінде сақтады. Шоқан Уәлихановтың ғылым саласына сіңірген еңбегін есте қалдыру үшін генерал К. П. Кауфманның тапсырмасы бойынша және сәулетші П. Зенковтың көмегімен XIX ғасырдың 70-ші жылдары Ш. Уәлихановтың кесенесіне қазақ және орыс тілдерінде жазылған мәрмәр тақта орнатылды. Бұл жазбаның сөздерін К. П. Кауфманның*127 өзі жазып, қазақ тіліне И. И. Ибрагимов (1891 ж. Хиджазда ресейлік консул қызметінде қайтыс болды) аударды. К. П. Кауфманның тапсырмасында: «... жазудың сөздерін мұқият және қатесіз орналастырып, іскер шеберді іздестіру керек» делінген*128. Мәрмәр тақтаны Екатеринбургтен алдыртып, Алтын Емелге Омбы мен Семей арқылы жеткізіп, Шоқан Уәлихановтың зиратына орнатты. Тақтадағы жазуда: «Бұл жерде 1865 жылы дүниеден өткен штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың сүйегі жатыр. Бұл ескерткішті Уәлихановтың ғылымдағы еңбегі ескеріліп, Түркістан генерал-губернаторы Кауфман I-ң тілегі бойынша генерал-лейтенант Колпаковский 1881 жылы орнатты» делінген*129.
Жазудың алғашқы нұсқасында бұдан әрі «Бұл құлпытас бәрімізге сүйікті және құрметті марқұм Шоқан Уәлихановқа қойылды», - деген жазу болған*130, кейін бұл сөздер алынып тасталған.
Содан бері жүз
жылдан астам уақыт өтті, Ш. Уәлихановқа
орнатылған ескерткіш әлдеқашан қирап,
бүлінді. Бірақ қазақ халқының тамаша
асыл перзентін бүгінгі ұрпақ ұмытқан
жоқ. 1958 жылы Шоқан Уәлихановтың зиратына
зәулім ескерткіш орнатылды. Оның 150 жылдық
мерейтойының қарсаңында, Шоқан атындағы
колхоз жанында мемориалды кешен салынды
(музей, ескерткіш, обелиск).
* * *
Қазақтың аса көрнекті ғалымы әрі ағартушысы Ш. Уәлиханов өзінен кейін мол әдеби мұра қалдырды. Өзінің қысқа өмірінде ол Орта Азия мен Қазақстан халықтарының тарихына, географиясы мен этнографиясына арналған бірсыпыра еңбектер, сондай-ақ едәуір көлемде қоғамдық-саяси тақырыптарға арналған еңбектер жазып үлгерді. Ол терең энциклопедиялық білімі бар, өз заманындағы ғылымда бірқатар мәселелерді жаңаша көтере білген кемелді ірі ғалым еді. Деректі материалдардың кең қамтылуы, қаралатын мәселелердің кеңдігі, көптеген шешімдердің негізділігі қазіргі зерттеушілерді дереккөздердің біркелкілігі ретінде оның еңбектеріне көңіл бөлуде ерекше жігерлендірді. Ш. Уәлихановтың шығармаларынан нақты қорытынды және өзі жүргізген зерттеулерді де, ертеде өткен, халық зердесінде сақталған мәліметтерді таба аламыз. Халықтық дәстүрлер мен аңыз-әңгімелерді, көптеген деректі материалдарды білу оған Қазақстан тарихының ең қасіретті кезеңде кең көлемде және терең зерттеуге мүмкіндік берді*131.
Өзінің ғылыми қызметін Ш. Уәлиханов кадет корпусында оқып жүрген кезде-ақ бастаған болатын. Шығыстанушы И. Н. Березиннің еңбектеріне қызығушылық білдіріп, Ш. Уәлиханов онымен хат жазысып және оның тапсыруымен қазақ тілі саласы бойынша біраз ізденіс жасады. Ш. Уәлиханов сонымен бірге, И. Н. Березиннің «Хан жарлықтары» еңбегіне сын-пікір жазды, ол оның тұңғыш ғылыми еңбегі болды. Қадырғали Жалайырдың «Джами'ат-тауарихынан» көп нәрселер алып, алғаш рет оның негізгі тарауларын орыс тіліне аударып, түсініктер беріп, аудармаға қосымша шығыс терминдерінің сөздігін жасады. Ол «Шейбани-наме» мен «Шежіре-и-түрктің» (И. Н. Березин басылымы) көптеген жерлерін жазып алып, солардың негізінде теориялық жағынан маңызды «Қырғыздың шежіресі» атты еңбегін жазды.
«Джами'ат-тауарихты» Уәлиханов сирек ұшырасатын тарихи шығарма, XV, XVI ғасырлардағы қазақтың тарихи аңыздар жинағы ретінде бағалады. «Қырғыздың шығу тегі туралы аңыздар, - деп жазды ол, - Ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан қырғыз жазған «Джами' ат-тауарих» пен «Шейбани-намеде» айтылған жайлармен дәлелденеді».
Осыдан бұрын айтылып өткендей, Ш. Уәлиханов бірнеше шығыстық және еуропалық тілдерді жақсы білді. Соның арқасында ол көне дереккөздерді түпнұсқада оқуға мүмкіндік алды. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының географиясына, тарихына қатысты материалдардың орыс тіліндегісінен басқа, барлық еуропалық және шығыстық дереккөздермен де қиналмай таныса алды. Ол ұзақ та мұқият қарастырған парсы, араб, түрік тілдеріндегі дереккөздер оған жақсы таныс болды. Кейіннен Ш. Уәлиханов өз еңбектерінде пайдаланған белгілі «Бабырнама», «Тарих и Рашиди», «Тазкира и Ходжаған» (Қожалар тарихы) деректерін зерттеді.
1854 жылы К.
К. Гутковскийдің
Ғылыми салада Ш. Уәлиханов үшін 1856-1858 жылдар аса жемісті болды. Жетісу өлкесінде ол көне Алматы, Қойлық, Алмалық қалашықтарын зерттеп, көне тиын ақшалар коллекциясын жинады, Таңбалы тас (Іле өзенінде), Шолақтаудағы және Жоңғар қақпасы маңындағы тасқа қашалған суреттерді, Ыстықкөлдің солтүстік жағасы мен Аягөз өзеніндегі балбал тастардың түр-кескінін қағазға түсіреді.
Оның Ыстықкөл, Құлжа, Қашғар сапарларында жазған тамаша күнделіктері, «Көкетай ханның өлімі», «Оңтүстік Сібір тайпалары-ның тарихы туралы ескертпелер» (№1 жазба) осы кезеңге жатады.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерінің ішінде Жетісу, Ыстықкөл, Тянь-Шань, Шығыс Түркістанға арналған тарихи-географиялық шолу түріндегі - «Жоңғар очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Алтышар немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының хал-жайы туралы», (Кіші Бұхара ) еңбектері үлкен қызығушылық туғызды.
Ш. Уәлихановтың
қазақ халқының тарихы мен этнографиясы
туралы зерттеулері, сондай-ақ қазақ
даласындағы әлеуметтік-саяси
Кейбір еңбектерде Шоқан тарихшы, этнограф қана емес, әдебиетші, публицист, тамаша сөз зергері екенін де танытады. Қазақ халық поэзиясының теориясы мен қырғыз эпосы «Манас» туралы аяқталмаған зерттеулері де ерекше назар аудартады.
Қазақ әдебиетінің тарихы үшін Ш. Уәлихановтың эпистолярлық мұрасы, орыстың көрнекті жазушылары мен ғалымдарымен хат алмасуы - ерекше маңызды. Бұл хаттарда күнделіктеріндегідей Уәлихановтың публистикалық дарыны айқын аңғарылады. «Егер Шоқанның еңбектерін қазақ халқының арасында оқи алатын ортасы болғанда, - деп жазды Г. Н. Потанин, - ол өз халқының кемеңгері болып, өзімен пікірлестердің әдебиет жағынан жандануларына негіз салған болар еді».
Ш. Уәлиханов күнделіктері көркем очерк мәнерінде жазылған, кейде лирикалық шегіністер жасап отырады («Құлжа сапарының күнделігі», «Қашғар сапарының күнделігі»). Бұл күнделіктерде табиғатты халық өмірін терең білу арқылы жанды, тартымды етіп бейнелеу бар. Құлжа күнделігінде Шыңжан халықтарының елеулі тарихи кезеңдері, тұрмысы мен мәдениеті, олардың көне дәуірден XIX ғасырға дейінгі мәдени байланыстары айтылған. Онда Тянь-Шань мен шекаралық Жоңғария халықтарының тұрмысын жанды қабылдау мен қызыға бақылау бар.
Ш. Уәлиханов сонымен қатар, Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген халықтардың ауыз әдебиетін, сирек қолжазбалары мен нумизматикалық ескерткіштерін, сфрагистика, қолөнер үлгілерін қажымай-талмай жинаушы ретінде де танымал. П. П. Семенов Тянь-Шаньский мен Ф. Р. Остен-Сакен былай деп жазды: «Бұл материалдарды жинау үшін Уәлиханов аянбай еңбектеніп, қаржысын да жұмсап, өз халқының аңыз, жыр-дастандарын мұқият жазып алып жүрді. Орта Азия халықтарының диалектілерін зерттей жүріп, көне мұраларды қымбатқа сатып алды, өлімге бас тігіп будда монастырларынан сирек кездесетін қолжазбаларды алды»*132.
Ш. Уәлихановтың
Орта Азия мен Шығыс Түркістанды
зерттеуші ретінде ғылымға сіңірген
еңбегін дүниежүзі ғылымы тегіс мойындады.
Оның еңбектері орыс, ағылшын, неміс және
француз тілдерінде жарияланды. Ғалымдар
оларды лайықты бағалады, бәрінен бұрын
П. П. Семенов Тянь-Шаньский, И. В. Мушкетов,
М. И. Венюков, Н. А. Аристов Шоқанның бұл
еңбектеріне жоғары баға берді. И. В. Мушкетов
атап өткендей, Уәлихановтың Тянь-Шань
мен Жетісу географиясы жөніндегі еңбектері
«ғылыми маңызы зор, автордың білімпаздығы
мен байқампаздығын танытады». М. И. Венюков
таулы Тянь-Шань елін ғылыми тұрғыда зерттеу,
шынында да, Уәлиханов пен Голубев еңбегі
деп бағалады. «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов
шығыстану ғылымында аққан жұлдыздай
жарқ етті де жоқ болды, - деп жазды белгілі
ғалым В. И. Веселовский, - Орыс шығыстанушылары
оны ілуде бір кездесетін ғажайып дарын
иесі деп таныды және одан түркі халықтарының
тағдыры жөнінде аса маңызды жаңалықтар
ашады деп күткен еді»*133. Ресейдің ірі
шығыстанушы-ғалымдарының бірі - Веселовскийдің
бұл қанатты сөздері Ш. Уәлиханов қызметін
көпшілік мойындаған баға болып танылды.
* * *
Ш. Уәлихановтың саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарастары күрделі тарихи кезеңде қалыптасты. XIX ғ. 40-60 жылдары жүз жылдан астам уақытқа созылған Қазақстанның Ресейге қосылуы процесі аяқталды. Бірақ бұл процесс бірқалыпты, тыныш өтпеді... Ш. Уәлиханов: «қазір Шығысқа еліктейтін мұсылмандық ескілік пен орыс мәдениетіне еліктейтін жаңашылдық арасында бірден байқала қоймайтын, бірақ өте күшті күрес жүріп жатыр*134», - деп көрсетті.
Сонымен қатар, Ресейдің өзінде де шеткі ұлт аймақтарының экономикалық және саяси дамуына елеулі әсер еткен маңызды оқиғалар өтіп жатты. XIX ғ. ортасында басыбайлық дағдарысқа байланысты Ресейде саяси және идеологиялық күрес шиеленісе түсті. Халық күресінің күшейе түсуіне байланысты Ресейде басыбайлық жүйені жойып, дамудың демократиялық жолына түсу мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Қазақстандағы, сондай-ақ, Ресейдегі саяси жағдайдың шиеленісуі мен күрделене түсуі жалпы алғанда Ш. Уәлихановтың көзқарасына әсер етпей қоймады. Оның шығармаларында қазақ халқының жанды мәселелері көтеріліп, ол халықтың қиын тауқыметін жеңілдетудің жолын іздеді. Оны қазақ халқының, Ресейдің басқа халықтарының тағдыры толғандырды.
Жарияланған шығармалар мен мұрағат материалдарына жасалған әлеуметтік талдау Ш. Уәлихановтың саяси-әлеуметтік көзқарасы Ресейдегі патшалық-басыбайлық құрылымға, патшалық үкіметтің отаршыл саясатына қарсы алдыңғы қатарлы демократиялық топтардың көзқарасымен сәйкес екенін көрсетеді. Ш. Уәлиханов дамуды қолдаушы, демократиялық жаңарудың жақтаушысы болып, өз қоғамының кеселдерін жоюға ұмтылды. Ш. Уәлихановтың қызметі ағартушылық сипатқа ие, бірақ соның өзінде оның еңбектерінде сол кездегі қоғамдық құрылысқа сыни көзбен қарау элементі де бар. Осының бәрі Ш. Уәлихановты ағартушы-демократ, өз елінің үлкен патриоты, толық мәніндегі гуманист деп атауға құқық береді.
Ш. Уәлихановтың ағартушы-демократ ретіндегі дүниетанымы патша үкіметінің қазақ даласына жер аударған орыс қоғамының бір бөлігі - декабристер мен петрашевскийшілердің ықпалы арқасында, сондай-ақ орыстың революционер-демократтары Н. Г. Чернышевский мен Н. А. Добролюбовтардың да ықпалының нәтижесінде қалыптасты. Ш. Уәлиханов дүниетанымы қалыптасуының тағы бір көзі - қазақ халқының көп ғасырлық мәдениеті, оның саяси тарихы, бостандық пен тәуелсіздік жолындағы халық күресі болды.
Ш. Уәлихановтың көптеген шығармаларына қазақ қоғамының бұдан арғы тарихи даму жолдары туралы ой алтын арқау болды. Ш. Уәлиханов жас кезі-ақ тек орыс халқының көмегі, орыстың алдыңғы қатарлы мәдениетімен байланыста болу арқылы ғана қазақ халқы экономикалық, саяси және мәдени ілгерілеу жолына түсе алады деген тоқтамға келген еді.
Ол өзінің көптеген шығармаларында өз халқының артта қалғандығы туралы жаны ауырып, халық әлі күнге қоғамдық дамудың «жасанды емес кезеңі» формасында өмір сүріп жатқанын айтады*135. Ш. Уәлиханов Ресеймен байланысты одан әрі нығайту қазақтарға жан-жақты экономикалық және мәдени дамудың көкжиегін ашады деп санады. Халық мүддесін көздеп, ол ұлттық тұйықталу мен шектеушілікке ашықтан-ашық қарсы болды, халықтар достығы, алдыңғы қатарлы ең дамыған ұлттардың артта қалған халықтармен байланыста болу идеяларын қолдады.
Қазақстанның
артта қалушылығын жоюда