Шоқан Уәлиханов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Ноября 2011 в 15:36, реферат

Краткое описание

Ш. Ш. Уәлихановтың ата-бабалары байырғы сұлтандар әулетіне жатады. Оның бабасы, Орта жүздің ханы Абылай алғашқылардың бірі болып Ресейдің қол астына кіріп, өмірінің соңына дейін Ресеймен сауда және саяси байланыс жасап отырды. Абылайдың үлкен баласы, Орта жүздің соңғы ханы Уәли бұл байланысты одан әрі дамыта түсті*2. Шоқан Уәлиханов фамилиясына туған атасы Уәли есімін алады.

Содержимое работы - 1 файл

Шоқан Уәлиханов.docx

— 114.20 Кб (Скачать файл)

1856 жылдың басында  Ш. Уәлихановқа кезекті поручик шені берілді*49.

Омбыға қайтып келгеннен кейін Шоқан өзінің жинаған материалдарын қорытындылауға кірісіп, сол материалдар негізінде қазақтардың жерді пайдалану, рулық және отбасылық қарым-қатынастары мен ертедегі діни ұстанымы жайлы ресми есеп жазды.

Ш. Уәлихановтың ғылыми еңбегінің дамып, өркендеуіне  кең өріс 1856 жылы ашылды. Ол полковник М. М. Хоментовскийдің басшылығымен ұйымдастырылған ірі әскери-ғылыми экспедицияға қатысты. Экспедицияның мақсаты - қырғыз халқымен танысу және Ыстықкөл алабын топографиялық картаға түсіру еді. «Бұл экспедицияға қатысуымыз үлкен абырой болды, - деп жазады Уәлиханов, - және қара қырғыздардың арасында екі ай жүріп, көбінесе олардың аңыздары мен тілін зерттеп, әрқилы пайдалы мәліметтер жинап алдық»*50.

Ыстықкөл экспедициясы туралы М. М. Хоментовскийдің ресми есептері мен хабарларынан құралған іс сақталған. Баяндау мәнері мен тәсіліне қарағанда, олардың көп бөлігін, сірә, Шоқан Уәлиханов құрастырған болу керек және жалпы алғанда мазмұны жағынан оның Ыстықкөл туралы күнделігінің деректерімен сәйкес келеді.

1856 жылдың мамыр  айының екінші жартысында М.  М. Хоментовскийдің экспедициясына  қатыса отырып, Ш. Уәлиханов өзінің  саяхатын бастады. Оның сапары  Алакөлден Орталық Тянь-Шаньға және Ыстықкөлге бағытталды. Алғашында ол Іле Алатауына барып, асулармен Күнгей Алатауға, одан кейін Теріскей Алатауға өтіп, Ыстықкөлдің солтүстік және шығыс жағалауларында болды, содан соң Жырғалаң өзенінің алқабымен жоғары көтеріліп, Орталық Тянь-Шань шыңына шығып, Хан тәңірін шолуға мүмкіндік алды. «Менің саяхатымды, - деп жазды Уәлиханов, - жүрген жерлерімнің сипатына қарай екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең Жоңғарияға, яғни, Жетісу мен Іле өлкесіне және Ыстықкөлге дейінгі сапарымды қамтиды... Мен Жоңғарияда бірінші рет 1856 жылы болдым, онда полковник Хоментовскийдің Ыстықкөлге жасаған бірінші экспедициясына қатыстым. Содан соң Құлжада үш ай тұрдым. Жоңғарияда бас-аяғы бес ай болып, бұл өлкенінің Алакөлден Тянь-Шаньға дейінгі аймағын түгел көріп шықтым, ал Тянь-Шаньға сол жылы Жырғалаң өзенімен көтерілдім»*51. Бұл сапарында Шоқан орнитологиялық (зоологияның құстарды зерттейтін бөлімі) және энтомологиялық (зоологияның құрт-құмырсқаларды зерттейтін бөлімі) топтама жасап*52, гербарий жинап, Жетісу мен Ыстықкөлдің өсімдіктер мен хайуанаттар әлемін зерттеп, Ыстықкөлді қағаз бетіне түсіруге қатысты. Нәтижесінде жаңа картаға көл жағажайының өзгертілген формасы түсті.

Ш. Уәлихановқа Жетісу мен Тянь-Шаньда кездескен ерте заманғы мәдениеттің өте сирек ескерткіштері үлкен әсер етті. Оны әсіресе Ыстықкөлдегі ертедегі қала мәдениеті, суландыру жүйелерінің қалдықтары, сәулет өнерінің ескерткіштері, эпиграфика (көне ескерткіш жазулар туралы ғылым) және балбал тастар қатты қызықтырды. Бұл ескерткіштерді зерттеу Уәлихановқа өткен замандардағы Ыстықкөл алқабы мен бүкіл Жетісу атырабын мекендеген халықтар өмірінің көрінісін мейлінше қалпына келтіруге мүмкіндік берді. «Орыс Жоңғариясында*53, - деп жазды ол, - көшпелі тұрмыс анағұрлым басым болғанымен, аз да болса отырықшылық болған; бұл туралы алғашқы тарихи мәліметті, атап айтқанда, Чигу қаласы туралы мағлұматты қытай тарихынан табамыз, бұл қала Ыстықкөлдің шығыс жағалауында орналасқан болуы мүмкін және оны үйсін күнмиіне арнап қытай жұмысшылары салды деп шамалауға болады. Ортағасырларда мұнда, әсіресе, Іле алқабында отырықшылық кең өріс алған. Алмалық (қазір Түркістан қыстағы) Қанақай мен Қайнақ (қазір де бар) және Алмату (қазіргі Верный бекінісі) қалалары саудамен аты шығып, генуя көпестерінің Қытайға және қыпшақ елшілерінің ұлы ханға баратын үлкен жолының бойындағы станциялар қызметін атқарған. Тағы бір айта кететін жай, Азияның бұл бөлігінде несториандық және монофизиттік діни конгрегациялар өте көп болған, ал Ыстықкөлде каталондық карта мәліметіне қарағанда, сириялық якобиттердің ғибадатханасы болыпты. Христиан дінінің мұнда кең таралғаны сондай, ол бірнеше рет қуғын-сүргінге ұшыраған. XVI ғасырда Ыстықкөлде бірнеше мұсылман мекендері болған. Бұл мәліметтер мені қатты қызықтырды...» Бұл сапарында Шоқан орыс Жоңғариясының барлық жерінде дерлік отырықшылық іздерін тауып, ол жерлерде тараған аңыздарды жинады. Ол былай деп жазды: «...ежелгі Алмалықтың қирандыларынан табылған бірнеше алтын заттар мен тиындарды қолыма түсіре алдым. Мұны арнайы мақалада айтуды көздеп отырмын»*54.

Ыстықкөл мен  Орталық Тянь-Шаньда саяхаттай жүріп Шоқан қырғыз ауылдарында болып, буғу, сарыбағыш, солту руларының өмірімен және тұрмысымен танысады. Шоқан солардың арасында ұзақ тұрып, қырғыздардың өткенін жақсы білетін адамдармен әңгімелесіп, қырғыз жыршыларының жырлары мен әңгімелерін тыңдап, тынбастан аңыз, тарихи және шежіре әңгімелерді, ертегілер мен эпостық дастандарды жазып алып отырды.

Шоқан Тянь-Шань мен Ыстықкөл бассейні қырғыздары арасында ғылыми ізденістерін жүргізіп жүргенде, Петерборда Шәуешек қаласындағы орыс факториясын өртеп жібергеннен кейін Қытаймен үзіліп қалған сауда қатынастарын реттестіруге Қытай үкіметімен келіссөз жүргізу үшін «айрықша адамды» Құлжаға аттандыру мәсе-лесі шешіліп жатты. Осы мәселені екі жаққа да тиімді етіп шешу үшін Қытай үкіметіне «бірлесе ойласуды талап ететін нәрселерді Құлжада талқылайтын екі жақтан да сенім көрсетілген адамдар тағайындау» ұсынылды*55. Бұл ұсынысты Қытай үкіметі қабылдады. Бастапқыда Ресей өкілі ретінде Ұлы жүз қазақтарының приставы, подполковник М. Д. Перемышельский тағайындалған еді, бірақ кейіннен бұл міндет Шоқан Уәлихановқа тапсырылды. Осыған байланысты генерал Г. Х. Гасфорт М. М. Хоментовскийге Ыстықкөл экспедициясының жұмысын дереу тоқтатып, кері оралуға шұғыл жарлық берді. Бұған жауап ретінде Хоментовский былай деп жазды: «Ұлы мәртебелім отрядты Ыстықкөлден кері қайтару жөніндегі әміріңізді шабарманнан 27 маусымда алып, мен сол күні бүкіл отрядпен Ақсудан шығып, Верный бекінісіне аттандым». 13 шілдеде Шоқан күнделігіне: «Мен Ыстықкөлден кетуді ұйғардым. Менің көріп-білуіме керектің бәрін бітірдім», - деп жазды*56.

Шоқан шілденің ортасында Верный бекінісіне оралып, одан өзін Құлжаға баратын өкілдік  миссияға қатысатын басқа адамдар  күтіп отырған Қапалға беттеді. Шоқанмен бірге Қапалға досы М. М. Хоментовский де аттанды.

1856 жылы тамыз  айының бас кезінде Шоқан Уәлиханов Құлжа қаласына аттанды. Жолшыбай Батыс Қытайдың бірнеше шекара бекеттеріне соқты. Шоқанға Сыртқы істер министрлігі нұсқау берген еді. Онда: «Барлық әрекеттер Құлжадағы консулмен кеңесіп жүргізілсін»..., «Басты мақсат Қытаймен достық жолмен келісімге келіп, үзілген сауда байланыстарын тездетіп қалпына келтіру..», «қытайлықтар талап еткен жағдайда, Қытаймен шекара жөнінде келіссөзге келу керек»*57. Осылайша Ш. Уәлихановқа Қытаймен сауда-саттықты қалпына келтіріп, талас тудырған мәселелерді шешуге байланысты күрделі дипломатиялық миссия жүктелді. Бұл маңызды тапсырма ойдағыдай орындалды. Қытай шенеуніктерімен Құлжада өткізген бірнеше кездесулерден кейін өкімет сауда қарым-қатынастарын реттеп, екі мемлекет арасындағы достық байланыстар қалпына келді. А. К. Гейнстің куәлік етуі бойынша, Уәлихановтың Құлжаға жасаған сапары «Тарбағатай келісіміне және Құлжа мен Шәуешекте консулдық ашуға» негіз салды*58.

Шоқан Уәлиханов Құлжа өлкесінде үш айдай болып, содан кейін күздің соңғы айларында Омбы қаласына қайтып оралды.

1857 жылы ол  Алатау қырғыздарына тағы да  сапар шекті. Уәлихановтың бұл  сапары жөнінде Батыс  Сібір генерал-губернаторы Г. Х. Гасфорт Сыртқы Істер министрлігіне былай деп хабарлады: «Менің қол астымда қызмет істейтін поручик - сұлтан Уәлиханов Алатау қырғыздарының мекен-жайларына Батыс Қытайдың біздің Оңтүстік шекарамызбен іргелес бөлімдеріндегі оқиғалардың барысын - Қашғар көтерілісінің беталысын, көтерілісті басу үшін Қытай үкіметінің қандай шаралар қолданып отырғанын және Құлжа мен Ақсу қалаларының маңындағы халықтарды, атап айтқанда, Маньчжур әулетіне наразы екені мәлім қытайдың қырғыздар мен сарттардан тұратын тайпаларын жақыннан бақылау үшін аттандырылды»*59.

Тянь-Шань тауларында болған уақытта Шоқан қырғыз халқының өмірі мен тұрмысы жайлы мәлімет жинауды жалғастырып, оның тарихы мен этнографиясын, халық поэзиясын терең зерттеді. Қажымас еңбектің нәтижесінде ол қырғыз халқы туралы өте бай тарихи-этнографиялық материал жинады. «Этнографиялық очерктер, статистикалық мәліметтер, тарихи оқиғалар, үйсіндер мен Алатау қырғыздары халық әдебиетінің мұралары жайлы жазбаларым бірнеше дәптер болды», - деп жазды Шоқан Уәлиханов*60.

Жас зерттеушінің қырғыз халқының атақты эпикалық жыры «Манасқа» алғаш рет көңіл  бөліп, оның бірінші ғылыми жазбасын жасап, ішінара орыс тіліне аударуының ерекше маңызы болды. Ол жырға тұңғыш рет тарихи және әдеби тұрғыдан сараптама жасап, аты аңызға айналған бас кейіпкері - Манас образына және қырғыз фольклорының басқа кейіпкерлеріне талдау жасайды. «Қырғыздардың, - деп жазды Ш. Уәлиханов, - ноғайлы дәуіріне жататын «Манас» атты жалғыз жыры бар. «Манас» - қара қырғыздардың барлық мифтер, ертегі, аңыз-әңгімелерінің бір кезеңге және бір адамның - Манас батырдың төңірегіне топтастырылған энциклопедиялық жинағы. Бұл дала Илиадасы тәрізді нәрсе. Қырғыздардың тұрмысы, әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі, географиясы, діни ұғымдары мен медициналық түсініктері және олардың халықаралық қатынастары осы орасан зор жырда айқын суреттеледі. «Манас» - жекелеген көп оқиғалардан құралған тұтас еңбек. «Семетей» атты екінші бір жыр «Манастың» жалғасы іспетті және ол қырғыздардың «Одиссеясы»*61.

Шоқан «Манастың» «Көкетай ханның өлімі мен оның асы» деген қызықты үзіндісін орыс тіліне аударды. Бұл үзінді Шоқанға  өзінің шынайылығымен, қырғыздар жайлы  тарихи-этнографиялық, шаруашылық, тұрмыс-салт және заң саласындағы құнды мәліметтерімен, сонымен бірге Қазақстан жерін  мекендеген ертедегі тайпалардың қарым-қатынастары жөніндегі мағлұматтарымен ұнайды. Бұған қоса, үзіндіде ертедегі қырғыздардың Оңтүстік Сібірден Тянь-Шаньға көшуі айқын суреттелген.

Жас Ш. Уәлихановтың 1856-1857 жылдардағы алғашқы саяхаттарының  ғылыми нәтижелелері «Ыстықкөл сапарының  күнделігі», «Қытай империясының Батыс  провинциясы және Құлжа қаласы», «Қырғыздар жайлы жазбалар» атты тамаша сапар -очерктерінде баяндалған. Бұл еңбектер Ш. Уәлихановтың жиырма жасында жазылды. Солардың өзінде Шоқан Уәлиханов өзін байқампаз, Тянь-Шань мен Жетісу географиясы, ежелгі заманда осы жерді мекендеген халықтардың тарихы жайлы терең танымы бар білімді ғалым ретінде көрсетті. Оның Тянь-Шань мен Жетісу табиғатын, жергілікті жердің орографиясы, өсімдік дүниесі мен хайуанаттар әлемін сипаттауы қызығушылық тудырады.

Әсіресе, оның 1856 жылы Құлжа туралы жазған күнделігі  өте қызықты. Бұл күнделікте Құлжаға  барған саяхат толықтай тартымды әрі көркем тілмен жазылған, шекаралық Жоңғарияны мекендеуші халықтардың (қытайлар, сибо, солондар мен қалмақтардың және т. б.) өмірі мен тұрмыс салты суреттелген.

Шоқан Уәлиханов  қырғыз халқының көне заманғы тарихына қызығушылық танытады. Әсіресе, оны  қырғыздардың бір уақытта Енисей мен Тянь-Шань, Памир мен Алтай тауларын мекендеген дерегі ойландырды. Бұл маңызды мәселені шешу, қырғыз халқының Саян таулары мен Тянь-Шань арасында көшіп-қону тарихын анықтау жас ғалым үшін маңызы зор ғылыми мәселе болады. Бұл мәселені тек жазба мәліметтер негізінде, шежіре әңгімелер мен аңыздардың негізінде шешуге болатынын Шоқан өте жақсы түсінген Ш. Уәлиханов XVII- XVIII ғасырлардағы қырғыздар тарихын айқындайтын мәліметтер табудан үміттеніп, мұрағат материалдарын қарастырды.

Жинақталған деректер негізінде Тянь-Шань қырғыздары сол  өңірдің автохтонды тұрғындары және ол араны ежелден мекендегенін Ш. Уәлиханов тұңғыш рет дәлелдеді. Бірақ олар ерте заманда, Енисей аймағы Алтай мен Жоңғар даласы және Тянь-Шаньмен олардың бір тармағы ретінде географиялық біртұтас өлке болып тұрған шақта байланысып отырған, қырғыз тайпаларының оңтүстіктен солтүстікке қарай көшіп-қонып жүретін жолдары осы жерлерді басып өткен. «Қырғыздар Әндіжан тауларын өздерінің алғашқы отаны санайды, - деп жазды Ш. Уәлиханов, - Оңтүстік Сібірден Алатауға көшу жайлы аңыз-әңгімелер оларда сақталмаған, бірақ олар оңтүстіктен солтүстікке көшкенде Қара Ертіске, Алтай мен Қанғайға дейін, ал шығысқа қарай Үрімшіге дейін тараған деген аңыз бар»*62.

Шоқан Уәлиханов географ К. Риттер мен А. Гумбольдтың және шығыстанушы В. Шотт пен Г. Ю. Клапроттың еңбектеріндегі ертедегі қырғыздар тарихы жөнінде жіберілген қателіктерді сынға алды.

Қазақтың жас  ғалымының географиялық және тарихи зерттеулері П. П. Семенов Тянь-Шаньский арқылы Петербордың ғылыми ортасына белгілі болды. 1857 жылы ақпан айының 27 күні Шоқан Уәлихановты Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылдады. Жас ғалымға П. П. Семенов Тянь-Шаньский мен В. И. Ламанский ауызша мінездеме берді. Олар Ш. Уәлихановты, әсіресе осы кезге дейін тың жатқан Орта Азия мен Қазақстанды тануда көп пайдасы тиетін талантты зерттеуші ретінде ұсынды. П. П. Семенов Тянь-Шаньскийдің пікірі де хаттаманың сараң тілімен сақталып қалған: «Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің шығыс жағалауына саяхат жасап, қазақ даласы жөнінде географиялық, этнографиялық және тарихи құнды материалдар қорын жинады және оларды жариялауға әзір» деп жазылған*63. Шоқан Уәлихановтың Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне сайлануы, оның орыс ғылымына қосқан ерен еңбектерін мойындауды білдірді.  

***

Шоқан Уәлихановтың ғылыми және ағартушылық қызметі, әсіресе, XIX ғ. 50-ші жылдардың аяғы мен 60-шы жылдардың бас кезінде жандана түсті.

1858-1859 жылдары  ол өзін батыл саяхатшы ретінде  даңққа бөлеген белгілі Қашғарға саяхатын жасады. Еуропаға беймәлім дерлік бұл елдің географиясымен, тарихымен және саяси жағдайымен, мәдениет ерекшелігімен танысып, Ш. Уәлиханов Шығыс Түркістанды зерттеуге үлкен үлес қосты. Ертеден қалыптасқан Қашғариядағы тәртіп бойынша бұл ел еуропалықтар үшін жабық еді. Шоқаннан бір жыл бұрын Қашғарияға барған белгілі географ Адольф Шлагинтвейттің басын қожа Уәлихан төре алады. Тағдыры бүкіл ғылыми қауымды толқытқан ғалымның қайғылы қазасы жайлы анық хабарды алғаш Шоқан алып келеді. «Шоқан Уәлиханов бүкіл Алтышардың жағдайы туралы құнды материалдар жинап үлгерді, - деп жазды П. П. Семенов Тянь- Шаньский*64, - және сонымен қатар Ад. Шлагинтвейттің қазасының себептері мен қандай жағдайда болғанын бірінші рет анықтап білді».

Қашғарға бару өте қауіпті еді. Ол кезде бүкіл  Шығыс Түркістанды наразы болған жергілікті халықтардың (ұйғыр, дұнған, қырғыз және т. б.) көтерілісі алып тұрған болатын.

Шоқанның Қашғар сапарына негізінен ұйтқы болғандар  орыстың тамаша ғалымдары Е. П. Ковалевский  мен П. П. Семенов Тянь Шанский еді. Бұған Шоқан Уәлихановтың Шығыс Түркістанды зерттеуге деген ыстық ықыласы қосылды.

Тянь-Шань экспедициясынан  қайтып келе жатып, П. П. Семенов Тянь-Шаньский Қашғарға экспедиция жіберу қажет екендігі жөнінде Г. Х. Гасфортқа ой салып, ол міндетті орындауды Ш. Уәлихановқа  тапсыруға кеңес береді. «Менің бұл  дарынды жасқа генерал Гасфорттың ерекше көңіл аударуын өзіме міндет деп санағаным өзінен-өзі түсінікті, - деп ғалым кейіннен еске алады, - сондықтан Тянь-Шань саяхатынан қайтып келгеннен кейін, Уәлихановты қырғызша киіндіріп, сауда керуенімен Қашғарға жіберу жайлы ой салдым және Уәлиханов бұл міндетті зор табыспен орындап қайтты»*65. Ол Г. Х. Гасфортқа: «генерал-губернатордың қарамағындағы қызметкерлердің арасында Қашғарға қырғыздардың ұлттық киімін кигізіп жіберген күнде, өзінің білімі мен дарындылығының арқасында тек Қашғар емес, бүкіл Алтышардың бүгінгі жағдайы жөнінде Ресей үшін аса бағалы мәліметтер жинап және сол кездегі Қытай Түркістанында болып жатқан бүліктердің себептерін анықтай алатын бірден-бір офицер - Уәлиханов» деп атап көрсетеді*66. П. П. Семенов Тянь-Шаньский және К. К. Гутковский Шығыс Түркістанды зерттеу жөнінде материалдар жинаудың бағдарламасын жасады. Ғылым қамқоршысы деген атаққа ұмтылған Г. Х. Гасфорт бұл ұсынысты құптап, П. П. Семенов Тянь-Шаньскийден мұндай экспедицияны ұйымдастыру рұқсатсыз жүзеге аспайтындықтан, үкімет алдында қолдауға көмектесуін сұрады.

Информация о работе Шоқан Уәлиханов