Шоқан Уәлиханов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Ноября 2011 в 15:36, реферат

Краткое описание

Ш. Ш. Уәлихановтың ата-бабалары байырғы сұлтандар әулетіне жатады. Оның бабасы, Орта жүздің ханы Абылай алғашқылардың бірі болып Ресейдің қол астына кіріп, өмірінің соңына дейін Ресеймен сауда және саяси байланыс жасап отырды. Абылайдың үлкен баласы, Орта жүздің соңғы ханы Уәли бұл байланысты одан әрі дамыта түсті*2. Шоқан Уәлиханов фамилиясына туған атасы Уәли есімін алады.

Содержимое работы - 1 файл

Шоқан Уәлиханов.docx

— 114.20 Кб (Скачать файл)

Шоқан балалық  шағын әуелі Құсмұрында, содан  кейін ата-бабаларының мекені болған Сырымбетте өткізді. Бұл тарихи аңыздарға  бай Солтүстік Қазақстандағы көркем жерлер Шоқанның балалық шағын және жасөспірім кезінде салған суреттерінде бейнеленген. Әлі тіптен жас Шоқан қазақ халық эпостарын алғаш Құсмұрында жазып алған.

Уәлихановтардың естеліктеріне қарағанда, Шоқан  өте ширақ, әрі ақылды бала болған. Оның балалық шағы далада, өзінің ерлікке толы өткені жайлы көптеген аңыздарды сақтаған халықтың арасында өтті. Алғыр бала жастайынан тарихи аңыздарға құлақ қойып, халық арасынан шыққан адамдармен араласуға, ән-жыр және қарапайым адамдардың әңгімелерін тыңдауға құштар болды. Шоқанның рухани байлығының басты белгілері бала кезінде-ақ біліне басталды. Ол ерте есейіп, үлкендерше ойлайтын болды.

Бала Шоқанның рухани жағынан өсуіне әжесі Айғаным үлкен әсер етті. Тумысынан сезімтал, дарынды балаға әжесі білім мен халық даналығының сарқылмас көзі болды. Ол Шоқанға қазақтың ежелгі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып отырды. Халықтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есте сақтады.

Шоқан әуелі  Құсмұрындағы жеке қазақ мектебінде оқыды. Мұнда ол арабша хат танып, қарындашпен сурет салуды үйренді. Әдетте бұл мектепте қыпшақ және шағатай тілдеріндегі ортағасырлық әдеби мұраларды оқумен, ауызекі араб және парсы сөздерін білумен жаттығып, шығыс ақындарының өлеңдерін жатқа оқумен айналысатын.

Дәстүр бойынша сұлтанның балаларына бірнеше шығыс тілдерін үйрену, яғни «жеті жұрттың тілін білу» міндет болатын. Бұл дәстүр ол кезде әлі сақталып тұрды, сондықтан Шоқан, мұрағат материалдарынан аңғарылғандай, шығыс тілдерімен айналысып, әуелі араб жазуын, кейіннен ұйғыр жазуын да жақсы меңгерді.

Шоқанның бала кезінде құмартқан өнерінің бірі сурет салу еді. Бұл өнерді ол Құсмұрын бекінісіндегі Уәлихановтардың  үйінде ұзақ уақыт тұрған орыстың  суретші-топогрофтары мен геодезистерінен  үйренді. Оның үстіне Уәлихановтардың ауылында жиі қонақ болып жүрген орыс ғалымдары, инженерлер мен білімді офицерлер қабілетті баланы өнер мен әдебиетке құштарландыра түсті.

Жас Шоқанға сұңқармен аң аулау үлкен ләззат сыйлады. Шоқан далада ұзақ жүретін. Оны шексіз де шетсіз кең дала, жасыл орман, өзен алқабының тоғайлары мен биік жартастар өзіне тартты, ол туған елінің сұлу табиғатынан ләззат алатын. Осындай саяхаттар Шоқанды туған өлкесімен етене етті. Бала кезінде-ақ ол Ақмола мен Баянауыл жерлерін аралап, Баянауыл тауының маңындағы нағашыларына жиі қонақ боп жүрді. Бұл сапарларынан алған әсерлер көпке дейін Ш. Уәлихановтың есінен кетпеді. Кадет корпусының тәрбиеленушісі бола жүріп ол досы Г. Н. Потанинге сол жерлер жайлы естеліктерді әңгімелеп беретін**15.

Шоқан Уәлиханов  ерте жастан қазақтың халық поэзиясына қатты құмартып, оның классикалық  үлгілерін жазып алып, ата-анасына  оқып беріп жүрді. Бала кездің өзінде-ақ ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» және «Еркөкше» халық поэмаларының түрлі үлгілерін жазып алып, кейін оларды ұстазы Н. Ф. Костылецкийге табыс етті.

Оның отбасында  жиі қонақ болатын қазақ әншілері мен жыршылары Шоқанның халық  поэзиясына деген қызығушылығын  оятуға көп әсер етті.

Шоқан шығыстың басқа да халықтарының поэзиясымен шұғылданды. Ауылда жүрген кезінің өзінде ол шығыс әдебиеті классиктерінің өлеңдерін оқудан бас көтерген емес. Шоқан өзі жазғандай, шығыс поэзиясына деген сүйіспеншілігін өмір бойы сақтап қалды. «Шоқан ақынжанды және шығыстық кейіптегі адам еді, - деп жазды Шоқанның жақын достарының бірі, белгілі публицист Н. М. Ядринцев*16, - оған араб өлеңдері қатты ұнайтын және ол ұстазы Костылецкиймен бірге сол өлеңдермен масаттанып отыратын».

Шоқанның ғылымға  қызығушылығын қалыптастыруда, жоғарыда айтқанымыздай, әкесінің алдыңғы қатарлы  орыс зиялы қауым өкілдерімен  байланыста болуы көп әсер етті. Шыңғыстың ауылында академик А. И. Шренк, Сібір қазақтарының облыстық басқармасында қызмет істеген декабристер С. М. Семенов, В. И. Штейнгель, Н. В. Басаргин, Қазан университетінің студенттері С. Сотников, Н. Ф. Костылецкий, Т. Сейфуллин сияқты көптеген жоғары білімді адамдар болды*17.

Қазақстанды зерттеп  жүрген орыс ғалымдары үшін түрлі  материалдар жинап, оларды дайындауға Шыңғыс кейде баласын да қатыстырып отырды.

Шыңғысқа қазақтың халық поэзиясы мен ертегілерінің, аңыз-әңгі-мелерінің нұсқаларын жинау жөнінде декабрист В. И. Штейнгельдің сол уақытта Шекаралық комиссияның бастығы полковник М. В. Ла-дыженскийдің атынан жазған хаты бүгінге дейін жеткен.

Шыңғыс М. В. Ладыженскийдің өтінішін орындай отырып, үйіне үздік  ақындар мен жыршыларды талай  рет шақырып, Шоқанның көмегімен  қазақтың әндері мен аңыздарын жаздырып алып, оларды одан соң Омбыға жіберіп отырған*18.

***  

Шоқанның білмекке құштарлығы барған сайын күшейе түсті. Ол үлкен қалада оқуды армандайды. Шыңғыс баласын жақсы білім алатын оқу орнына бергісі келеді.

1847 жылдың күзінде  әкесі 12 жасар Шоқанды Омбыға  оқуға әкелді. Шыңғыстың орыс  достары оған баласын Сібірдің  сол кездегі ең жақсы оқу  орны деп саналған Сібір кадет корпусына оқуға түсіруге көмектесті.

Үлкен қала, байтақ өлкенің орталығы ауылдан жаңа келген қабілетті балаға күшті әсер етеді. Шоқан үлкен сүйіспеншілікпен Омбының көріністерін қарындашпен сала бастады. «Орыстың қаласы баланы таңқалдырып, ол қарындашпен қала көріністерінің бірін салды», - деп еске алады Г. Н. Потанин*19.

Шоқанның кадет  корпусындағы оқу жылдары - бұл николаев реакциясының жылдары және сонымен  қатар феодалдық-басыбайлық құрылысқа қарсы қоғамдық-саяси күрестің күшейген жылдары. Ресей бұл кезде зор тарихи оқиғалардың қарсаңында тұрған болатын. Патшалық құрылысқа қарсы азаттық күрестің жаңғырығы, петрашевскийшілдер жайлы хабарлар самодержавиеге қарсы күреске шақырған В. Г. Белин-скийдің Н. В. Гогольге жазған хаты елдің шалғай аймақтарына да жетіп жатқанды.

Белинский мен  Герценнің алдыңғы қатарлы революциялық-демократиялық идеялары бү-кіл Ресейге белгілі болды, орыс қоғамының маңдайалды өкілдерінің ақыл-ойына өзгерістер енгізді, азаттық қозғалысының дамуына барынша ықпалын тигізді. В. Г. Белинский мен А. И. Герценнің идеялары Сібір мен қияндағы Қазақстанға, сол кезде Шоқан Уәлиханов оқып жүрген Сібір кадет корпусына да жетеді.

Сібір кадет корпусы 1845 жылы Сібір шептік казактарының әскери училищесі негізінде құрылып, сол кездегі ең жақсы оқу орын-дарының бірі деп саналды. Декабрист И. За-валишиннің берген бағасы бойынша ол «оқу-ағарту мен патриотизмнің ордасы болды». Н. Г. Чернышевскийдің досы, корпуста дәріс берген В. П. Лободовский Сібір кадет корпусын «әскери және жалпы білім берудің алғашқы ордасы» деген еді. Бұл оқу орнының мәдени маңызын дәл бағалау өте қиын. Аса көрнекті қоғам және әскери қайраткерлер, ғалымдар мен публицистер осында тәрбиеленіп шықты. Олардың кейбірі өздерінің географиялық және ғылыми жаңалықтарымен әйгілі болды. Сібірді жетік білетін, кейіннен ағартушы ғалым, Сібірдегі тұңғыш жекеменшік баспа органы «Амур» газетін шығарушы әрі редактор болған В. И. Вагин осы корпуста оқыды. Ол өзінің корпустағы оқуы жайлы қызықты естеліктер қалдырды.

Омбы кадет  корпусында кейіннен аса көрнек-ті саяхатшы және Сібір, Қазақстан, Моңғолия мен Орталық Азияны зерттеуші Г. Н. Пота-нин оқыды. Сібір кадет корпусымен XIX ғасырдағы алдыңғы қатарлы орыс қоғамдық ойшылдарының көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстан мен Сібір халықтарын зерттеуші, публицист Н. М. Ядринцевтің есімі де байланысты. Сібір кадет корпусының аса көрнекті түлектерінің қатарына Шоқан Уәлиханов пен Г. Н. Потаниннің досы, кейіннен атақты ғалым-статист және публицист болған Н. Ф. Анненский де жатады. Корпустағы оқу оның көптеген шәкірттеріне, соның ішінде Шоқан Уәлихановқа үлкен игі ықпал етті.

Кадет корпусы  жан-жақты және терең жалпы білім  беретін оқу орны болды. Корпустың оқу бағдарламасында әскери пәндермен бірге жалпы география, Ресей географиясы, жалпы тарих пен Ресей тарихы, орыс және батыс еуропа әдебиеті, философия негіздері, ботаника, зоология, физика, математика, геодезия, архитектураның басты негізіндегі құрылыс өнері және жаратылыс тарихының жалпы түсініктері, сонымен қатар сызу мен сурет сабағы, каллиграфия жүргізіліп, орыс, француз және неміс тілдері оқытылды. Оған қоса корпуста шығыс тілдерінің арнайы сыныбы да бар еді*20. Бұл сыныпта түрік, моңғол, араб, парсы тілдері оқытылды.

Кадет корпусы  сегізжылдық оқу орны еді. Онда екі даярлау сыныбы, бес негізгі және алтыншы - арнаулы сынып болды. Соңғы сыныпта әскери ғылымдар (тактика, артиллерия, далалық фортификация) және ауылшаруашылық ғылымының негіздері оқытылды*21. Даярлау сыныптарында шәкірттер орыс тілі мен арифметика және сурет сабақтарын оқыды. Негізгі сыныптарда шет тілдері, оған қоса шығыс тілдері: қазақ, татар, шағатай тілдері де оқып-үйретілді. Бұл тілдерді үйрету сабақтары мәтін оқу, сөз жаттау, өлеңдер мен аңыз-ертегілерді мәнерлеп оқуға жаттықтыру тәсілдерінен тұрды. Оқу бағдарламасын аяқтағанда шәкірттер бұл тілдерді тәуір игеріп, еркін сөйлеп, түсінісе алатын.

Тарих, география  және әдебиеттен бағдарлама көп нәрсені қамтыды. Бастауыш сыныптардан-ақ кадеттер ежелгі заман тарихын, Еуропа географиясын өтті. Төртінші және бесінші сыныптарда әдебиет теориясы, орыс және батыс еуропа әдебиеттерінің тарихы, Ресей империясының тарихы мен географиясы оқытылды. Географияға пән ретінде энтография мен антропология, адамзат нәсілдерін зерттеу, тілдерді топтастыру, туыстас тілдерді басты топтарға бөлу, халықтарды діни түсініктеріне және өмір салтына қарай бөлу енгізілді.

Азия елдерін (Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Иран) зерттеуге  үлкен маңыз берілді. Мұнда Азия халықтары, олардың шығу тарихы, діндері, тұрмыс-салты; Қытай империясы, оның жері, құрылымы мен басқарылуы; Қытай  билігіндегі және оның қанаты астындағы  жерлер, Тұранның географиялық және саяси  тұрғыдан бөлінуі; Бұқара, Қоқан, Хиуа мен Құндыз хандықтары; Шығыс Үндістан мен Арабия мемлекеттері қаралды*22.

Ресей империясының географиясы жөніндегі оқу бағдарламасы да кең көлемді болды. Ол экономикалық география, статистика бағдарында оқып үйретілді және Ресейдің өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы мәселелерін қамтыды.

Қазақстан географиясына  зор көңіл бөлінді, алайда, оның табиғи байлықтарын зерттеп, игеру мақсатында емес, әскери-стратегиялық тұрғыда қаралды. Онда «Қырғыз даласының шекаралары, жері, жер сипаты, өзендер мен көлдер; судың ерекшеліктері, қатынас жолдары, керуендер жүретін тау жолдары; шүйгін алқаптар, ауа райы және табиғи байлық мәселелері оқытылды. Қырғыздардың саны, тегі, тілі мен діні, бодандықтың басталуы, хандық өкімет билігінің жойылу кезеңі, Бөкей ордасының пайда болуы; сол кездегі ордалардың саны және географиялық орналасуы; Бөкей, Орынбор, Сібір қырғыздарын басқару және соңғыларының ішкі құрылымы; Ресейдің Ұлы жүзді қарауына алуы; Қырғыз даласындағы бекініс орындары және тамаша станицалар*23.

Қолданбалы ғылымдар саласынан сызба геометрия, топографиялық  сызу және сәулет өнері мейлінше кеңінен сөз болды. Соңғысы Орынбордағы Неплюев кадет корпусының азаматтық сәулет өнері бағдарламасы бойынша оқытылды. Оқу бағдарламасы сәулет өнері және оны құрайтын элементтер жайлы кіріспе дәрістерді қамтыды.

Шәкірттер дәрістер тыңдаумен қатар, құ-рылыстарда тәжірибеден өтуге, салынып жат-қан үй-жайлардың жоспарларын белгілеумен, іргетастарды түзетумен айналысуға тиіс бол-ды*24.

Омбы кадет  корпусында оқылған осы көлемді  курстардан көрініп тұрғандай, ол әдеттегі орта білім оқу орындарынан көш ілгері тұрды. Ол шын мәнінде ғылым ордасы болды. Оның оқу бағдарламасына тек арнаулы жоғары оқу орындарында ғана оқылатын пәндер (сәулет өнері, сызба геометрия, топографиялық сызу және басқалар) енгізілді. Корпус Ресейдің шет аймақтары зәру болып отырған жоғары білікті және жан-жақты білімді адамдар даярлауды жүзеге асырды.

Бағдарламадағы  оқу пәндеріне қосымша ретінде ән, гимнастика, жүзу, би, семсерлесу және шабандоздық өнері енгізілді. Сыныптан тыс уақытта кадеттер әскери тактикамен айналысуға тиіс болды. Жазғы лагерь маусымында олар түрлі ұрыс тәсілдерін, топографиялық суретке түсіруді, саперлік және әскери-лабораториялық жұмыстарды, атысуды үйренді.

Ішкі тұрмыс тәртібі бойынша кадет корпусында тәрбиеленушілер екі бөлімге: рота мен эскадронға бөлінді. Ротаға ірі шенеуніктер мен жоғары шенді офицерлердің балалары бөлінді, олар жеке, ерекше дортуарларға орналастырылды. Эскадрон казактардың балаларынан құрылды да, дәрежесі бойынша ротадан төмен тұрды. Шоқан эскадронға жіберілді. Рота мен эскадрон шәкірттері бөлек дортуарларда тұрғанымен, сынып сабақтары кезінде бір жерге жиналатын.

Сол кездегі  әскери оқу орындарының басқарушысы  генерал-адъютант Я. И. Ростов-цевтің (1803-1860 жж.)  бұйрық хаты бойынша 1851 жылдан бастап қазақ тәрбиеленушілерге корпуста кейбір пәндерді (саяси және жаңа тарих) оқыту шектелді, олар әскери ғылымдар оқытылатын арнаулы сыныпқа көшпей, корпусты бір жыл ерте бітіретін. Я. И. Ростовцев қазақ балаларын «астаналық корпустардан жалпы төртінші сынып курсын бітіргеннен кейін офицер болып шығатын» таулықтардың жағдайымен теңестіруді ұсынды*25.

Осыдан соң  корпустың оқу бағдарламасының  жаңа жобасы жасалды.

Омбы кадет  корпусы тәжірибелі педагог, жан-жақты  білімді, сыныптар инспекторы, кейіннен Мәскеу кадет корпусының басшысы  болған И. В. Ждан-Пушкин іріктеп алған аса білікті оқытушылар құрамымен ерекшеленді. Оқытушылар мен профессорлар арасында университеттік білім алған қабілетті педагогтар көп болды.

Шоқан кадет  корпусына келгенде орыс тілін жақсы  білмейтін*26, бірақ сирек кездесетін қабілетінің арқасында осы қиыншылықты  тез жеңіп шықты. «Шоқан тез дамыды, - деп еске алады оның мектептес досы Г. Н. Потанин, - орыс жолдастарын басып озып, оған көп адам назар аударды, оның қабілеттілігі сондай, тіпті оқуға түспестен бұрын сурет сала бастаған еді»*27.

Информация о работе Шоқан Уәлиханов