Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Марта 2012 в 14:11, курсовая работа
Бюджет– мемлекеттің қажетті атрибуты. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және жергілікті құрылымдардың ақша қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржы ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырландырылады, бұл мемлекеттің қаржы саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.
Бюджеттің рөлі экономиканы ынталандырушы есебінде арнайы бюджеттік механизм арқылы іске асырылады. Ол механизмнің арқасында объективтік түрде бар қатынастарды экономиканың даму мүддесінде пайдаланудың мүмкіншілігі болады. Бюджеттік механизм – ол бюджеттік қатынастарды ұйымдастыруға мемлекеттің құрастырған және пайдаланатын арнайы формалар кешені мен қаржылық ресурстарды қоғамдық іс-әрекет салалары, экономика салалары және елдің аумақтар арасында қайта бөлуді қамтитын әдіс-тәсілдерінің жүйесі болып табылады.
1.3. Бюджеттік жүйенің түрлері, ерекшеліктері
Бюджеттік жүйе – мемлекеттің барлық қаржы жүйесінің маңызды құрамдық бөлігі болып табылады. Бюджеттік жүйе экономикалық категория ретінде мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын – бюджетті – қалыптасу мен пайдалану бойынша заңды, жеке тұлғалар мен аймақтар арасындағы барлығы қаржылық қатынастар, бюджеттік қалыптасу мен атқарудың әдіс-тәсілдері және сол қатынастарды басқару органдарымен танысты. Басқаша айтқанда, барлық деңгейдегі бюджеттер мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және экономикалық қатынастар мен құқықтық нормаларға негізделген бюджеттік процесс пен бюджеттік қатынастар қосындысын бюджеттік жүйе деп түсіндіріледі.
Дүние жүзінің әр түрлі елдерінде бюджет құрылысы мемлекеттің құрылысына, аумақтық-әкімшілік бөлінісіне, экономиканың даму деңгейіне және нақтылы мемлекеттің басқа айрықша белгілеріне байланысты өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Әр түрлі елдердің бюджет жүйелері өзінің құрылымы, бюджеттердің жекелеген түрлерінің саны жағынан түрліше болып келеді, өйткені олардың аумақтық құрылысы мен аумақтық бөлінісіне байланысты болады.
Бюджет жүйесінің құрамы елдің ұлттық-мемлекеттік құрылымымен анықталады. Мемлекеттің федеративтік және унитарлық құрылымы болуы мүмкін.
Федеративтік мемлекеттерде бюджет жүйесі үш буыннан тұрады:
мемлекеттік бюджет немесе федералдық бюджет немесе орталық мемлекеттің бюджеті;
федерация мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та–штаттардың, ГФР-да-жерлердің (ландтардың), Канадада-провинциялардың, Ресейде-федерация субъектілерінің бюджеттері);
жергілікті бюджеттер.
Унитарлық (біркелкі) мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады: орталық (республикалық) бюджет және толып жатқан жергілікті бюджеттер.
Екі жағдайда да олардың бюджеттік жүйелерінде бюджеттердің оқшаулануы мен дербестігінің әр түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік-экономикалық үдерістерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төменгі тұрған бюджеттерге қатынасы жөнінен белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады.
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі бюджет құрылымының унитарлық типімен анықталады, өйткені Қазақстан федералдық емес, басқарудың Президенттік нысаны және сайланатын Парламенті бар унитарлық мемлекет.
Қазақстан Республикасында жиынтығында мемлекеттік бюджетті құрайтын бекітілетін, атқарылатын және дербес болып табылатын мынадай деңгейдегі бюджеттер жұмыс істейді:
Республикалық бюджет;
Облыстық бюджеті, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана бюджеті;
Аудан бюджеті (облыстық маңызы бар қалалар бюджеті)
Қазақстанда төтенше немесе соғыс жағдайында Төтенше мемлекеттік бюджеті әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін. Ол республикалық және жергілікті бюджеттердің негізінде қалыптастырылады және енгізілген мерзім ішінде қолданыста болады. Мұндай бюджет тек қана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен енгізіледі және күшін жояды.
Мемлекеттік бюджет – бұл араларындағы өзара өтелетін операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, бекітуге жатпайтын жиынтық бюджет, ол тек талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылады.
Мемлекеттік (республикалық) және жергілікті (муниципалдық) бюджеттер кез келген басқа мемлекеттердегідей Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің орталық буыны болып табылады. Республикалық бюджет мемлекеттік бюджеттің жоғары деңгейі, ал жергілікті бюджет төменгі деңгейі санатымен ажыратылады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетінің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған. Республикалық бюджет – бұл салықтық және басқа түсімдер есебінен қалыптастырылатын және мелекеттік саясаттың жалпы республикалық бағыттарын іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.
Жергілікті бюджеттің (әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеті) құрамы облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттерін қамтиды. Жергілікті бюджет – бұл ұлттық табысты аумақтық тұрғыда қайта бөлуге және де жергілікті деңгейдегі экономикалық және әлеуметтік міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды.
Қазіргі кезде Қазақстандағы жергілікті бюджеттер кірістері мен шығыстары бойынша мемлекеттік бюджеттің қаражаттары көлемінің 50% аралығын құрайды. Олар мемлекеттік бюджеттің құрамды бөлігі болып есептелмейді, республикалық бюджетпен бірге қоғамның мемлекеттік бюджетінің жиынтығын құрайды.
Дамыған нарықтық экономикасы бар елдерде биліктің жергілікті органдарының бюджеттері мемлекеттің бүкіл қаржы ресурстарының 30-дан 60% қайта бөледі (Англия, АҚШ, Жапония, Германия) және өңірдің өндіргіш күштерін, нарықтық инфрақұрылым құрып, кеңейтуде маңызды рөл атқарады.
Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімімен бекітіледі. Бюджет жүйесінің жұмыс істеуі бюджеттердің әр түрлі деңгейлерінің өзара байланысына негізделеді және оларды жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, бақылау тәртібімен, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есеппен қамтамасыз етіледі.
II. БЮДЖЕТТІ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ БОЛЖАМДАУ
2.1. Бюджетті жоспарлау мен болжамдаудың рөлі және мақсаттары
Бюджеттің барлық әрекет етуі жоспарлы түрде жүргізіледі, себебі әрбір шаруашылық өз алды болжам-жоспарлық жүргізуді талап етеді. Бұл, кезекті ретте, бюджеттік қарым-қатынастың осындай болжам-жоспарлық формада әрекет етуіге талап етеді. Мемлекеттің ақша қаражаттары орталықтандырылған қорының қозғалысы жоспарлық форма мен бюджеттік байланыстардың арнайы қаржы құжатында – бюджетте, яғни мемлекеттің негізгі қаржы жоспарында анықталады. Бұл құжатта бюджеттің экономикалық мазмұнын құрайтын барлық бөлу процестері қарастырылған.
Бюджеттік үдеріс – бюджетті жоспарлау, әзірлеу, қарау, бекіту, атқару, түзету жөніндегі, бюджеттің атқарылуы бойынша бюджет есебі мен есептемені жүргізу, мемлекеттік қаржылық бақылау, сонымен қатар жоспарлау мен пайдалану жөніндегі қызмет.
Бюджеттің жобасын уақтылы және сапалы әзірлеу мен бюджетті нақтылау және атқару жөнінде ұсыныстар жасауды қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасының Президенті бюджеттік комиссияны құрады, ол туралы қағиданы бекітеді, оның құрамын анықтайды. Бюджеттік комиссиялардың құзырына мыналар кіреді:
алдағы үш жылдық кезеңге орта мерзімді фискалдық саясат жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;
тиісті қаржы жылына арналған бюджеттер жобаларының көрсеткіштерін айқындау жөнінде ұсыныстар талдап жасау;
тиісті қаржы жылына арналған бюджеттерді нақтылау жөнінде ұсыныстар талдап-жасау;
бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау нәтижелерін қарау және олар бойынша ұсыныстар талдап-жасау.
Республикалық және жергілікті бюджеттерді және Ұлттық қорға жіберілетін бюджеттік түсімдерді жоспарлау жоспарланып отырған кезеңге арналған бюджеттік түсімдердің көлемін және стратегиялық міндеттерді ескере отырып әрі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттеріне сәйкес оларды пайдалану бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстарды әзірлеу үдерісі болып табылады.
Бюджет бір қаржы жылына жоспарланады. Кезекті қаржы жылына арналған бюджеттің жобасымен бір мезгілде алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттің болжамы жасалады.
Республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды, жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу тәртібін Үкімет айқындайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспары, Үкіметтің алдағы үш жылдық кезеңге арналған орта мерзімдік фискалдық саясаты, мемлекеттік, салалық бағдарламалар, Президенттің Қазақстан халқына елдегі ахуал және республиканың жыл сайынғы ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы жолдауы, өткен және ағымдағы қаржы жылдарындағы республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері, республикалық бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әэірлеу үшін негіз болып табылады.
Бюджет үдерісінде маңызды рөл бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға беріледі, ол тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдардың жобаларын әзірлейді және оларды қарауға Үкіметке табыс етеді, бюджеттік өтінім жасаудың және табыс етудің тәртібін айқындайды.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджеттік комиссия қабылдаған шешімдердің негізінде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының түпкілікті нұсқасы негізінде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын жасайды және ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешіктірмей оны Үкіметке қарауға табыс етеді. Үкімет жоспарланып отырған жыл алдындағы жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізеді. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасын Парламент палаталарының бірлескен отырысында кемінде екі оқылымда және ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті бекіту Парламент палаталарының бірлескен отырысында заң қабылдау арқылы жүзеге асрылады.
Парламент ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдамаған жағдайда Президент алдағы қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары туралы жарлық шығаруға құқылы, ол республикалық бюджетті Парламент бекіткенге дейін қолданылады. Бұл республикалық қаржы жоспары ағымдағы жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірілмей алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасының төрттен бір бөлігі көлемінде бекітіледі. Кезекті қаржы жылының бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары бекітілген жағдайда осы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылғы 1 наурыздан кешіктірілмей бекітілуі тиіс. Бұл ретте алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет сол жылдың бірінші тоқсанына арналған республикалық қаржы жоспары ескеріле отырып бекітіледі.
Бюджеттің атқарылуы ағымдығы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанында аяқталады және кассалық негізде жүзеге асырылады.
Бюджеттік құралдардың қалыптасу, бөлісу және пайдалану процестерін басқару бюджеттік жоспарлау мен болжамдау арқылы іске асырылады. Бюджеттік жоспарлау мен болжамдаудың рөлі мен мәні бюджеттік құралдарды қалыптастыру мен олардың негізгі мақсаттарда, яғни әлеуметтік реформаларды дамыту мен әрі қарай тереңдетуге, білім мен денсаулықты сақтауды дамытуға, индустралды-инновациялық дамуға, аграрлық сектордың дамуына, пайдаланудағы мемлекеттің мүмкіншіліктерін анықтайтын адресті қаржылық жоспар – бюджетті құрғанда көрінді.
Бюджеттік жоспарлаудың экономикалық мағынасы барлық қаржылық жүйенің әр түрлі буындары арасында қоғамдық өнім құны мен ұлттық табысты орталықтандырылған түрде бөлісу мен қайта бөлісу бойынша мәнерленеді және әр деңгейдегі бюджеттерді жасау мен атқару процестерінде көрінеді. Бюджеттік жоспарлаудың негізі болып елдің мемлекеттік әлеуметті-экономикалық даму бағдарламасы табылады.
Жалпы қаржылық жоспарлау және оның маңызды құрамалы буыны – бюджеттік жоспарлау, яғни бюджетті құру мен атқаруына байланысты жоспарлау, барлық халық шаруашылығын жоспарлаудың органикалық бөлшегі болады. Сонымен қатар, қаржы ресурстарын басқарудағы бюджеттік жоспарлаудың рөлі өте зор, себебі ол тек қана бюджеттің кірістері мен шығындарының жоспарын құруы және оларды атқаруы, яғни төлемдер бойынша міндеттемелерді тағайындау мен бюджеттік қаржыландыру көлемін анықтаумен шектелмейді. Бюджеттің басқа қаржы жоспарлар ішінде алатын ерекше ахуалы бюджеттік жоспарлауға жалпымемлекеттік мән береді. Ол мемлекеттік басқаруды реформалау мен биліктік өкілеттілікті орталықсызданудың барлық бюджеттік процеске қатысушылар арасындағы қаржылық және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру байланысында және мемлекеттік шығындарды, олардың формалары мен қаржыландыру әдістерін ұтымдылауда білінеді.
Бюджеттік жоспарлау қаржылық жоспарлаумен, бюджеттік арнаулардың мақсаттық сипаттарымен, резервтердің барлығымен және кірістер мен шығындардың теңгерушіліктерімен өзара байланыс талаптарына сәйкес болуы тиіс. Жоспарлау процесінің негізгі мақсаты – ол төлемдердің әрбір түрі бойынша салықтар мен басқа да кірістердің жылдық түсімін анықтау және әр түрлі деңгейдегі бюджеттер арасында кірістерді дәйекті бөлісін қамтамасыз ету. Кірістер мен шығындарды басқарудың мағынасы тиісті өкілетті органдардың мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін болжамдау, талдау мен бақылау жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыру мен басшылық ету, бюджеттік құралдарды тиімді жұмсау және мемлекеттік бюджеттің кірістік мен шығындық бөлімдерін атқару жөнінде есеп дайындаумен тұжырымдалады.