Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 17:15, курс лекций
Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік реттеу бүкіл қоғамның мүддесіне арналған экономикадағы іс-әрекеттердің қолданыстағы формаларының ұтымдылығын арттыру және жағымсыз үдерістерді шектеу үшін пайдаланылады. Ол шаруашылық және әлеуметтік сфералардың, аймақтардың түгелдей дерлік мүдделерін қамтиды да олардың дамуына аса зор әсер етеді.
Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық іс-әрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.
Мұндай реттеу нормалар, ережелер, шектеулер, тыйымдар түрінде мемлекеттік басқару органдарының заңдар, нұсқаулықтар, жөн-жобалар сияқты формаларында көрініс табады. Мемлекеттік реттеу рыноктық механизмнің қажетсіз әрекеттерін шектейді, оларға мемлекеттік тұрғыдан бағдар береді. Бейнелеп айтқанда мемлекет реттеу арқылы шаруашылық механизмін елге қажетті әуенге қарай жетелеуге болады.
Жекелеген авторлар реттеуді әртүрлі экономикалық ресурстарды бөлуге балайды. Бірақ, шынтуайтында экономикалық үдерісті мемлекеттік реттеу өндіріс, бөлу айналым, тауарлар мен қызмет көрсетулерді тұтыну мәселелерін қамтиды.
Экономикалық теорияда «автоматтандырылған тұрақтандырғыштар» деп аталатын экономикалық реттегіштер туралы айтылады. Оларға табыс салығының прогрессивті қойылымдары негізіндегі табысты шамадан тыс артық алу, табыс деңгейіндегі шектен шығулар (әлеуметтік топтар арасында), азаматтардың әртүрлі категориялары табыстарын қадағалау сияқты әрекеттер жатады. Бұл жағдайда прогрессивті салық табыстарға, жинақтарға, капиталдың қорлануына түзетушілік әсер ететіндіктен мемлекеттік реттеу құралы рөлін атқарады. Сондай-ақ өндірістік құрылымдар пайдасының бір бөлігіне жеңілдікті салық салу өндірісті тікелей инвестициялауды өсіріп, мемлекеттік реттеу арқылы өнеркәсіптің өрлеуіне мүмкіндіктер береді.
Мемлекеттік реттеуді мемлекеттік басқарудың ерекше бөлімі ретінде қарастыру басқару объектісін құрайтын мүлікке меншік қатынастарының сипатында болса керек. Егер, бұл мүлік мемлекеттік меншік, яғни мемлекет иелік ететін мүлік болса, онда ол оны басқарады, толықтай иемденеді. Ал, егер мүлік мемлекеттік емес, басқа меншік иесінің қарамағында болса, онда мемлекет оны толықтай иемдене алмайды, бірақ қоғам атынан мүлікті пайдалану жөніндегі үдерістер мен қатынастарды реттеуге хақылы. Мемлекеттік реттеу шектеулі басқару, ол өзінің іс-әрекетін меншік құқығына байланыссыз, басқару функциясының бір бөлімі ретінде, мемлекеттің ерекше рөлін анықтайтын заң шығарушы, бақылаушы, қадағалаушы қоғамдық мүдделер өкілі болып табылады.
Жинақтай қорытсақ экономиканы мемлекеттік реттеу экономикалық объектілерді басқару формасы. Ол мемлекеттік органдардың экономикалық үдерістерге түзету әрекетін жүзеге асыру үшін және оларды бағыттау, орнықтыру, қолдау мақсатында әртүрлі әсер ету механизмдерін пайдаланады.
Мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік басқару арасында ерекшеліктердің болуы мемлекеттік реттеуді әрқашан-ақ басқарудың басқа түрлері мен функцияларынан бөліп қарастыру дегенді білдірмейді. Мәселе мемлекеттік басқарудың институттары мен құралдары жарым-жартылай экономиканы мемлекеттік реттеуге жатады, соның өзінде де олар тікелей басқару құралдары болып қала береді.
Мысалы, мемлекеттің салық төлеушілерден салықтар мен салықтық төлемдерді алуы мәжбүрлеу формасындағы тікелей мемлекеттік басқару болып табылады. Соның өзінде мемлекет салық түрлерін, салықтық қойылымдарды, салық салу базасын, салық салу көздерін өзгерту формасында салықтық реттеуді жүзеге асырады. Өкілетті мемлекеттік органдар жалға беруде жалға беру ақысын алуды басқару ісін өз құзырында қалдырады да, жалға беру келісіміндегі шарттарды пайдалану арқылы мемлекеттік мүлікті басқарудан реттеуге көшеді.
«Мемлекеттік басқару» және «мемлекеттік реттеу» түсініктерінің сәйкессіздігінің күнделікті қолданыста принциптік сипаттағы айырмашылығы жоқ.
Түпкі нәтижеде, мәселе басқару түрін қалай атауда емес, оның нақты мақсаттары, міндеттері, шарттарын іс-тәжірибеде қолдану тиімділігінде болса керек.
Ізденіс сұрақтары
1. Экономиканы мемлекеттік реттеудің (ЭМР) негізгі формалары
2. Рыноктық экономика жағдайында мемлекеттік реттеудің әкімшілік әдістері және олардың мәні
3. Әлеуметтік нормативтер және олардың ЭМР-гі рөлі
4. Мақсатты бағдарламалар жіктемесі
5. Индикативті жоспарлау мен директивті жоспарлаудың ерекшеліктері
6. Мемлекеттік басқару және реттеудің бірлігі мен айырмашылықтары
III-тарау Өсудің экономикалық факторлары және оны тұрақтандырушы мемлекеттік шаралар жүйесі
§1 Экономикалық өсудің негізгі факторлары және құралдары
Экономикалық өсудің негізгі мақсаты ұлттық шаруашылық қызметінің жағдайы мен сапасын қолайлы өзгерту, жақсарту және жоғарылату екендігі белгілі мәселе. Бұл үшін өндіріс тиімділігінің көрсеткіштері мен сапалық дәрежесі әлемдік деңгейлерге ұмтылуы тиіс. Ал, бұл болса халықтың әл-ауқатын арттыру, оның табысы мен тұтынушылық деңгейін жоғарылатудың бірден-бір кепілі болып табылады.
Кез-келген әлеуметтік-экономикалық жүйенің өміршеңдігі өндіріс және тұтыну құрылымына, ресурстық қамтамасыздандырылуына, іс-әрекет нәтижелілігіне байланысты.
Егер мемлекеттің негізгі мақсаты халықтың әл-ауқатының өсуіне қол жеткізу болса, экономиканы мемлекеттік реттеудің мақсаты тиімді экономикалық өсуге жетудің алғышарттарын жасап, соның негізінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейін жоғарылату болып табылады.
Экономикалық өсу деп жалпы ұлттық өнім, жалпы жиынтық өнім, ұлттық табыс, жалпы ішкі өнім т.б. сияқты макроэкономикалық көрсеткіштер динамикасының өзгерістері арқылы сипатталатын ұлттық шаруашылық дамуындағы оңды қозғалысты айтамыз.
«Экономикалық өсу» негізінен сандық сипаттағы категория болып табылады. Бұл категорияның сандық мәні ретінде пайыздық өлшемдегі өсу қарқыны және жалпы ішкі өнімнің немесе ұлттық табыстың өткен жылғы салыстырмалы көрсеткіштері алынады.
Ал, «экономикалық даму» болса ел экономикасын негізінен сапалық тұрғыдан сипаттап оны жан басына шаққандағы ұлттық табыс өндірісімен анықтайды.
Экономикалық өсу қарқыны ұлттық экономиканың динамикасын, оның салалық және аумақтық құрылымдарын сараптау үшін пайдаланылады. Экономикалық өсу экономикалық факторлармен қатар экономикалық емес факторлар әрекетінің нәтижесі болып табылады. Экономикалық емес факторларға әскери-саяси, географиялық-климаттық, ұлттық-демографиялық, мәдени және т.б. факторлар жатады.
Қандай болмасын экономикалық емес фактордың әсері әртүрлі болып келеді және уақыт бойынша өзгерістерге ұшырайды. Айталық, климатқа, географияға байланысты экономикалық емес факторлардың әсері XX-ғасырда едәуір кеміген болса, әскери-саяси және ұлттық факторлардың әсері арта түсті. Мұндағы анығы экономикалық емес факторлардың әсері тек қана теріс мәнге ие болып қоймайды, олар өндіріс тиімділігін жоғарылататын оңды әсерлер де болуы мүмкін. Дегенмен экономикалық өсу факторларын таза экономикалық және экономикалық емес факторларға бөліп қарастыру шартты нәрсе және оның өзін сандық жағынан ажырату оңай емес. Кез келген экономикалық өсу факторы ішінде экономикалық емес фактор жүреді және керісінше де бола береді.
Өткен ғасырдың 80-жылдары шетелдік және кеңестік экономикалық әдебиеттерде экономикалық өсудің көп факторлы моделдері молынан пайда бола бастады.
Көпфакторлы моделдер авторларының басым көпшілігі экономикалық өсуге сапалық факторлар әсерінің сандық өлшемін беруге ұмтылады.
Экономикалық өсуді анықтайтын шығынды сипаттағы барлық факторлардың аражігін тәптіштей ашып, нәтижесінде олар экономикалық өсу тиімділігі деп бағаланатын «қалдық» санын шығарады.
Дегенмен, экономикалық өсуді еңбек және капитал арқылы немесе материалдық өндірісте қамтылғандардың еңбек өнімділігі арқылы дәстүрлі сараптаудың өзі осы екі фактордың әрқайсысының ұлттық табыс өсімділігі «салмағын» сандық тұрғыдан анықтау кезінде қиыншылықтар кездеседі. Мұның өзі өндірілген ұлттық табыс, жұмысшы күші және өндіріс құрал-жабдықтары өзара әрекетінің аса күрделі екендігінің белгісі болса керек. Сондықтан әрбір факторды жекелей отырып, оның маңыздылығын сандық тұрғыдан анықтау шартты сипатта жүретіндігі де құпия емес.
Қоғамдық өндірістің дамуы және әлеуметтік прогресс экономикалық өсудің жекелеген факторларының мән-маңызын өзгерістерге ұшыратады. Өнеркәсіп өндірісінің дамуы мен экономикалық өсуге әсер еткен, сонымен бірге атқарған рөлі мен алған орны бойынша басым сипатқа ие болған факторлар тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Сонымен тарихи ұзақ мерзім бойына экономикалық өсуді қамтамасыздандыруда шешуші рөлді табиғи факторлар-шикізаттар, еңбек ресурстарының сандық параметрлері атқарды. Тек XVIII-ғасырдың соңына қарай негізгі бағыт техникалық прогреске қарай ауыса бастады. Нәтижесінде экономикалық өсуге «технократтық» көзқарас қалыптасып, күшейе түсті.
Алайда, XX-ғасырдың соңына қарай жағдай тағы да сапалық өзгерістерге ұшырай бастады. Ғылыми-техникалық прогрестің өзі де, сондай-ақ дамудың постиндустриалдық кезеңіне аяқ басқан елдердің экономикалық өсуі де адам капиталы деп аталатын өзара байланысты факторлар кешенімен анықталатын болды. Бұл, әрине Ғ.Т.П.-ның орасан зор рөлін кемітпейді, бірақ экономикалық өсуді таза «технократтық» түсінік ретінде де қалдырмайды. Шаруашылық жүргізу мәдениетін қабылдаған Батыстың да, Шығыстың да дамыған елдерінде экономикалық өсу динамикасының қарқындылығы мен тұрақтылығы мейлінше анық байқалады.
Тек қана адамға тән функция – басқару функциясының қазіргі экономикалық өсудегі маңызы күшейе түсуде. Білімпаздық негізінде басқару ғылыми-танымдық прогресс жетістіктерін адами қабілеттермен ұштастыра отырып тиімділікті арттыруға мол мүмкіндіктер береді. Ғ.Т.П. және тиімді басқару қазіргі экономикалық прогрестің шешуші факторлары екендігін түсініп, қолдана білген Жапон елі тарихи қысқа мерзім ішінде экономикалық даму деңгейі бойынша әлемдік лидерлер қатарынан орын алды.
Белсенді әлеуметтік саясат жүргізу экономикалық мәселелерді ойдағыдай шешудің маңызды алғышарты болып табылады.
Әлеуметтік саясаттың көптеген аспектілерінің өзектілігін мойындай отырып, соның ішінде халықтың еңбек белсенділігін және еңбекке деген мүдделігін арттыру, жұмыспен қамтуды тиімді ұйымдастыру, рыноктық жағдайда орын алатын әлеуметтік олқылықтарды азайту мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажеттілігін айту керек.
Экономикалық өсудің сипатына сәйкес экстенсивті және интенсивті факторларды бөліп қарастыруға болады. Айта кететін бір жәйт экономикалық дамудың аталған факторлары қазіргі кезде таза түрінде кездесе қоймайды. Дегенмен, экономикалық өсудің экстенсивті типі факторлардың сапалық жағынан өзгермей сандық тұрғыдан өсуін көрсетсе, өсудің интенсивті типі өндіріс құрал-жабдықтары мен жұмысшы күшінің сапалық дамуын айғақтайды және сонысымен өндіріс факторларының тиімділігін жоғарылатады.
Экономикалық өсудің сыртқы және ішкі факторларына келетін болсақ, онда көмірсутек шикізаттарына (мұнай, газ және т.б.) әлемдік бағалардың өсуі мемлекеттік бюджет табыстарын арттырып, экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Бірақ, бұл сыртқы, конъюнктуралық фактор болып табылады.
Экономикалық өсу негізінен ішкі факторлармен анықталуы тиіс. Олар: еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс шығындарын кеміту, жалпы айтқанда экономиканың нақты секторының пайдалылығын жоғарылату. Бұл бағытта ҚР үкіметі бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру мақсатында кластерлік жүйелер жасап, технопарктер құрып едәуір жетістіктерге қол жеткізіп отырғанын айта кету керек.
Әлемдегі ешқандай ел экономикалық дағдарыстан шығу, экономикалық мешеуліктен арылу, халықтың табысы мен тұтынуын арттыру, ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін тиімді экономикалық өсу саясатын жүргізуден басқа жол тапқан жоқ.
Жаңа индустриалды елдер мен Қытайдың экономикалық өсу қарқыны және соның нәтижесінде экономикалық дамудағы үздік жетістіктері соңғы жылдары батыстық және отандық экономикалық ғылымның зерттеу объектісіне айналды.
Бүгінгі таңдағы ғылыми салыстырмалы сараптама экономикалық өсу қарқынын капиталистік немесе социалистік саяси таңдаумен байланыстырғанды қаламайды. Барлығы да талдап, таңдалған экономикалық стратегияға және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру қабілеттілігіне барып тіреледі. Ал реформа жүргізудің өзі тек қана мемлекеттік функция болып табылады. Әлемдік, соның ішінде қазақстандық тәжірибе көрсеткеніндей ұлттық мүдделерді айқын сезінетін қажетті реформалардың авторы сонымен бірге жүргізілетін реформалардың лидеріде болуы тиіс.
Экономикалық жетістіктердің негізін кезінде дұрыс таңдалған стратегия құрауы қажет. Барлық елдерге бірдей жарамды стратегия болуы мүмкін емес. Реформаторлардың алғырлығы елдің ағымдағы ішкі, сонымен қатар сыртқы жағдайын тап басып, дәл есептей білуінен көрінеді.
Өтпелі кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік реттеу қажеттілігінің маңызы арта түседі. Бұл кезде рыноктық экономика негіздерінің қалыптасуы аяқталып, мемлекеттің экономикаға тікелей әсері бәсеңдей түседі де, инициатива рыноктық заңдар мен жеке тауар өндірушілердің қолына өтеді. Экономиканы қайта құрудың бастапқы кезеңдерін алып қарастыратын болсақ, онда тек қана рыноктық қатынастардың жетегінде кететін мемлекеттің реттеуші қуатының кемшін кезеңіндегі реформалар діттеген мақсаттарына жете алмады.
Реформалардың ойластырылған, жан-жақты негізделген мемлекеттік стратегиясы болмауы себебінен көптеген қиыншылықтарды бастан өткеруге тура келді.
Едәуір экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуеті бар Қазақстанда экономикалық жаңғырудың айқын мемлекеттік стратегиясы түзілмегендіктен 90-шы жылдары ұлттық экономика құрылымдық дағдарысты басынан кешіруге мәжбүр болды.
Осы тарапта Қытайдың экономикалық өсу тәжірибесі өте қызғылықты.