Экономика

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Февраля 2012 в 17:15, курс лекций

Краткое описание

Транзиттік экономика жағдайындағы реформаларды ойдағыдай жүргізу үшін өндірістік салалардағы, әлеуметтік сферадағы, сондай-ақ аймақтардағы барлық әлеуметтік-экономикалық үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу қажет. Рыноктық шаруашылық жағдайында экономиканы реттеу мемлекеттің ең маңызды қызметтерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік реттеу бүкіл қоғамның мүддесіне арналған экономикадағы іс-әрекеттердің қолданыстағы формаларының ұтымдылығын арттыру және жағымсыз үдерістерді шектеу үшін пайдаланылады. Ол шаруашылық және әлеуметтік сфералардың, аймақтардың түгелдей дерлік мүдделерін қамтиды да олардың дамуына аса зор әсер етеді.
Мемлекеттік реттеу негізін экономикалық үдерістерді реттеуші тікелей және жанама тетіктер мен әдістер құрайды. Мемлекет экономикалық іс-әрекеттердің әртүрлі аспектілерін бюджеттік, банктік жүйелер, мемлекеттік тапсырыстар және кедендік қызмет арқылы реттеп отырады. Реттеу ісінде жоспарлау, экономикалық болжау, бақылау және басқа да басқару функциялары кеңінен қолданылады.

Содержимое работы - 1 файл

LEKSIA Экономиканы мемлекетт3к Реттеу.doc

— 1.12 Мб (Скачать файл)

Мақсатқа бағдарланған әдіс арнайы тәсілдерді талап ететін нақты проблеманың шешімін табу үшін қолданылады. Бұл әдіс негізделген проблеманы шешуге жан-жақты және кешенді тәсілдерді пайдалануға жол ашады.

Нормативтік әдісті жеке, дербес, сонымен бірге басқа әдістер жиынтығында қолданады. Нормативтік әдіс әртүрлі баланстарды талдап жасау кезінде ресурстар қажеттілігі мен оларды табу мүмкіндіктерін қарастыруда пайдаланылады. Мысалы, айналмалы жабдықтар мен қаражаттар, амортизациялық төлемдер нормативтері мен нормаларын анықтауда аталған әдістің мүмкіншіліктері мейлінше пайдаланылады. Норма дегеніміздің өзі белгілі бір сапалық деңгейдегі өнімнің бірлігін өндіру үшін ресурстардың қоғамдық қажетті шығынын анықтайтын ғылыми негізделген мөлшер (шама) екендігі белгілі.

Рыноктық экономика жағдайында нормативтік әдісті қолдану техникалық-экономикалық нормалар мен нормативтер жүйесін жасаудан экономикалық, әлеуметтік, экологиялық нормативтерді негіздеуге бағытталып отыр.

Экономикалық нормативтер жалпы экономикалық дамуды, сондай-ақ жекелеген әлеуметтік-экономикалық процестерді реттегіш болып табылады. Олардың қатарына мыналар жатады:

                  Мүлікке, табысқа, тауарлар мен қызмет көрсетулерге салықтар, кедендік баждар т.б. түріндегі нормативтер;

                  Трансферттер, субсидиялар, бюджетке төлемдер сияқты қаржылық нормативтер;

                  Міндетті резервтік нормативтер, есептік қойылым-мөлшерлеме сияқты банктік нормативтер, т.б.

Мемлекеттің әлеуметтік қолдау құралдарына әлеуметтік кепілдіктер, стандарттар, тұтынушылық бюджеттер еңбекақының ең аз мөлшері т.б. әлеуметтік тұрақтандырушылардың нормативтік шамалары жатады. Әлеуметтік кепілдіктерде мемлекеттің азаматтар алдындағы, сондай-ақ азаматтардың мемлекет алдындағы міндеттері мен жауапкершіліктері заңнамалық негізде белгіленеді. Отбасы мен балаларды, мүгедектер мен қарттарды қолдау, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениетке арналған бағдарламаларды дамытуға басымдықтар беріліп, қаражат бөлінеді. Едәуір ақша ресурстары зейнетақы, жұмыспен қамту, әлеуметтік және медициналық сақтандыру сияқты бюджеттен тыс әлеуметтік қорларда шоғырландырылады.

Әлеуметтік стандарттар азаматтардың Конституцияда көрсетілген әлеуметтік кепілдіктер саласындағы құқықтарын қамтамасыз ету құралы болып табылады. Олар, сондай-ақ қаржылық нормативтерді де анықтау үшін қажет. Мемлекеттік минималды әлеуметтік стандарттар біртұтас құқықтық база және әдістемелік принциптер негізінде талданып жасалады.

Минималды тұтынушылық бюджет экономиканың дағдарысты кезеңінде халықтың кедей топтарын қолдауды жоспарлауға негіз болады және еңбек пен зейнетақының ең аз деңгейін есептеу үшін пайдаланылады. Жоғарылатылған стандарт нұсқасында ол жұмысшы күшін қалыпты ұдайы өндіруді қамтамасыз етсе, төмендетілген стандарт нұсқасында өмір сүру (физиологиялық) минимумы көрсеткіші болып табылады.

Өмір сүру минимумы, немесе минималды табыс әлеуметтік саясаттың маңызды құралдарының бірі. Оның көмегімен халықтың өмір сүру деңгейі бағаланады, табыстары реттеледі ол әлеуметтік төлемдерді есептеуде ескеріледі. Өмір сүру минимумы дегеніміз экономика дамуының белгілі бір деңгейінде адамдардың денсаулығын сақтауға және өмірі мен қызметіне қажетті ғылыми негізделген азық-түлік, тауарлар мен қызмет көрсетулердің минималды мөлшерін құндық бағалау.

Қазақстан Республикасында өмір сүру минимумын анықтау кезінде «корзиналық тәсіл» деп аталатын әдіс қолданылады. Тамақтанудың минималды нормалары және азық-түлікке жатпайтын (тұрғын үй, дәрі-дәрмек, киім-кешек т.б.) тауарлар тұтынушылық корзинасы негізінде есептеледі. Тұтынушылық корзина (қапшық) – бұл нақты азық-түлік және басқа тауарлар мен қызмет көрсетулер минимумының жиынтығы. Ал, жалақының минималды мөлшері біліктілігі ең төмен, қарапайым еңбек үшін төленетін ақша сомасы болып табылады.

Қазақстан Республикасы өңірлерінің дифференциациясы деңгейінің жоғары болуы, яғни экономикалық және әлеуметтік даму дәрежелерінің әрқилылығы тиімді өңірлік әлеуметтік саясат жүргізуді талап етеді. Өңірлік саясат табиғи-географиялық, ұлттық-мәдени факторлардың өзіндік сипатын, өңірлердің шаруашылық кешендері мен ғылыми-техникалық әлеуеті ерекшеліктерін ескеруі тиіс. Өңірлік әлеуметтік саясаттың мақсаты – әрбір өңірдегі тұрғындардың лайықты әл-ауқаты деңгейін қамтамасыз ету болып табылады.

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарына мыналар жатады.

1.                 Халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату.

2.                 Тиімді әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру.

3.                 Еңбек қатынастары мен халықты жұмыспен қамтуды орнықтыру.

4.                 Миграциялық процестерді реттеу.

5.                 Зейнетақы жүйесін жетілдіру.

6.                 Денсаулық сақтау және әлеуметтік сақтандыруды қамтамасыз ету.

Экологиялық нормативтер дегеніміз атмосфераға тарайтын зиянды өндіріс қалдықтарының, судың ластануының шекті шоғырлануы шамасы, сондай-ақ жер-су пайдаланудың нормативтері. Адам мен қоршаған ортаның өзара әрекетінің заманауи түсінігі бойынша адамзаттың зияткерлік (интеллектуалдық) мүмкіндіктері қоршаған ортаға зиянды әсерлерді кемітуге бағытталуы тиіс. Экологиялық-экономикалық тепе-теңдікті бұзудың мысалдарына өндірістік факторлардың әсерімен байланысты қоршаған ортаның ластана түсуі, тиімсіз пайдалану себебінен табиғи-ресурстық әлеуеттің кемуі, тұрғындар ішіндегі аурулардың көбеюі мен өмір сүру мерзімінің қысқаруы жатады. Табиғатты қорғау және оны қалпына келтіру, сондай-ақ жағымсыз жағдайлардың алдын алу қазіргі экономиканы мемлекеттік реттеудің негізгі талаптарының бірі ретінде саналады. Бұл талаптарды жүзеге асыруда экологиялық нормативтер үлкен рөл атқарады. Экологиялық нормативтер дегеніміз табиғатты өзгертудің шекті шамалары. Мұндай нормативтерді мемлекеттің өкілетті органдары белгілейді.

Нормативтер жүйесіне ресурстар шығынының үлес салмағы (шикізат, жанармай, электр қуаты); күрделі қаржының үлес салмағы; амортизациялық төлемдер; қорлар үшін төлемдер және т.б. кіреді.

Экономикалық өсу бойынша мемлекеттік саясатты жүргізу егер оның экологияға оңды әсері болмаса тиімсіз деп танылады, сондықтан экономиканың қоршаған ортаға әсері макроэкономикалық және микроэкономикалық деңгейлерде қарастырылады.

Мемлекеттік реттеу әдістерінің басқаша жіктелуі әлеуметтік-экономикалық процестерге әртүрлі шаралардың ықпалы шеңберінде анықталады. Бұл жағдайда мемлекет экономикаға тікелей және жанама әсер ету әдістерін (шараларын) қолданады.

Мемлекеттің экономикаға тікелей әсер ету әдістеріне келесі шаралар жиынтығын жатқызуға болады. Олар:

                  Экономика дамуының стратегиялық мақсаттарын анықтау және оларды индикативтік жоспарларда, мақсатты бағдарламаларда көрсету;

                  Мемлекеттік тапсырыстар және белгілі бір өнім түрлерін жеткізуге, жұмыстарды атқаруға, қызмет көрсетуге келісім-шарттар жасау:

                  Бағдарламаларға, тапсырыстарға және келісім-шарттарға мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру;

                  Технологиялар және өнімдердің сапасы мен сертификациясына нормативтік талаптар;

                  Құқықтық және әкімшілік шектеулер және белгілі бір өнімдерді шығаруға тыйым салу және т.б.;

                  Тауарлардың экспорты және импорты бойынша операцияларды лицензиялау, яғни сыртқы сауда операцияларын қадағалау.

Экономикалық процестерді мемлекеттік реттеудің жаңаша әдістері негізінен тауар-ақша тетіктеріне сүйенеді де рыноктық шаруашылықтағы «ойын ережелерін» шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық мүдделеріне әсер ету арқылы жүзеге асырады. Оларға мыналар жатады:

                  Салық салу, салықтың деңгейі және салықтық жеңілдіктер жүйесі;

                  Бағаларды реттеу, олардың деңгейлері мен арақатынастарын анықтау;

                  Ресурстар үшін төлемдер, кредит үшін пайыздық қойылымдар және кредиттік жеңілдіктер;

                  Экспорт және импортты кедендік реттеу, валюта бағамдары және валюта айырбастау шарттары.

Экономиканы мемлекеттік реттеудің тікелей әдістері қосымша материалдық ынталандыруды немесе қаржылық шығын шығару талаптарымен байланысты емес, олар мемлекеттік биліктің беделі мен күшіне негізделеді. Ал, жанама реттеуші әдістерді қолдану сферасы рыноктық экономика дамыған сайын кеңейе береді де үдемелі ұдайы өндіріс процестеріне мемлекеттің тікелей араласуы мүмкіндіктерін шектей түсетін болады.

Тікелей және жанама әсер ету әдістері көбінесе өзара «кірігіп» қолданылатындықтан оларды пайдалану шектері де шартты сипатта болады. Өтпелі экономиканың аралас экономикаға жалғасуы жағдайында әкімшілік және экономикалық әдістердің арақатысы ғана өзгермейді, сонымен бірге нақты әдістердің міндеттері мен мазмұны да өзгерістерге ұшырайды.

Экономикасы дамыған елдерде реттеудің жоспарлы құралдары дамудың стратегиялық мақсаттарын анықтауда, басым мәселелерді ерекшелеуде едәуір рөл атқарады. Сондықтан, нақты экономикалық іс-әрекетті қалыптастырушы жоспарлы реттегіштердің де, сондай-ақ көптеген өндірушілер мен тұтынушылардың өзара іс-қимылдарының нәтижесі ретінде объективті түрде қызмет атқаратын рыноктық реттегіштердің де экономикаға мемлекеттік әсер етуші маңызды құралдар екендігінде ешқандай күмән жоқ. Мәселе, мемлекеттік реттеудің методологиясын, әдістерін мейлінше шығармашылықпен қолданып, олардың экономикаға оңды әсерін арттыра түсуде болса керек.

 

§3 Мемлекеттік басқару және мемлекеттік реттеу

Аралас экономикада экономикалық ресурстарды, объектілерді, үдерістерді басқаруға арналған ғылыми еңбектер мен оқулықтарда «мемлекеттік басқару» және «мемлекеттік реттеу» терминдері тұрақты түрде кездеседі және кеңінен қолданылады. Басқаруға арналған дерек көздерінде «реттеу» сөзі көп жағдайларда экономиканы мемлекеттік реттеумен байланыстырылады. Ал, «басқару» термині тек қана экономикалық емес, сонымен бірге саяси және әлеуметтік сфераларда қолданыла береді.

Ғылыми дерек көздерінде де, сөздіктерде де «басқару» және «реттеу» түсініктерінің мағыналық айырмашылықтары туралы сенімді түсіндірмелер жоқтың қасы.

«Мемлекеттік реттеу» сөз тіркесінің мәнінде өткен кездегі социалистік басқару мен капиталистік реттеу арасындағы кеңестік экономикалық ғылым «мөрлеген» принципті дейтін айырмашылықтың табы қалғандай көрінеді.

Қазақстан экономикасының рыноктық формалар мен шаруашылық жүргізу әдістеріне көшуінен болар, енді мемлекеттік басқарудың барлық түрлеріне, функцияларына, үдерістеріне қатысты «экономиканы мемлекеттік реттеу» сөз тіркесін батыл қолданатын болдық. Жекелеген жағдайларда «экономиканы мемлекеттік басқару» деп те айтады, өйткені жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда, бағдарламаларда «мемлекеттік және муниципалдық басқару» сөз тіркесі әлі де қолданылады.

«Басқару» және «реттеу» түсініктерін шартты түрде экономикалық объектілерге қатысты синонимдер деп қарастыруға да болар еді. Дегенмен, бұл мән-мәнісі бойынша бір-біріне жақын түсініктердің экономикалық үдерістерге қатысты айырмашылықтары табиғатын ашып көрсету қажет деп санаймыз.

Біздің ойымызша «басқару» категориясы «реттеу» категориясына қарағанда жалпы сипаттағы түсінік және реттеу басқарудың құрамдас бөлігі. Басқаша айтқанда реттеу басқарудың жекелеген көрінісі.

Мұндай келісте реттеу басқару функцияларының бір бөлігінің ғана рөлін атқарады, сөйтіп басқару функцияларын толықтырады. Олар: жоспарлау, бағдарлау, ұйымдастыру, есептеу, бақылау т.б.

«Экономиканы мемлекеттік басқару» және «экономиканы мемлекеттік реттеу» түсініктерін ерекшелеу үшін реттеуді басқарудың басқа түрлерінен, функциялары мен әдістерінен ажыратып алу керек. Егер, басқару дегеніміз субъектінің (белсенді тарап) мақсаты объекті (енжар тарап) іс-әрекетін субъектіге керекті арнаға бағыттау болса, реттеу басқару бағыт беретін экономикалық объекті қызметін түзетуді, дәлдеуді, икемдеуді, үйлестіруді жүзеге асырады. Басқаша айтқанда басқару толықтай қозғалыс, даму траекториясын анықтайды, ал реттеу тірек жоспар, бағдарлама траекториясын қалыптасқан жағдайларға, қосымша талаптарға, ерекше мемлекеттік мүдделерге сәйкес түзетеді, өзгертеді және дәлдейді.

Басқару функциялары – мақсатты анықтау, сараптау, болжау, жоспарлау, бағдарлама түзу, ұйымдастыру, ынталандыру, түзету, есептеу, бақылау қызметтері болып табылады.

Басқару функцияларының осы тізбегінен реттеуге белгілі бір дәрежеде сараптау, болжау, жоспарлау (индикативті), ынталандыру, түзету, бақылау жатады. Басқару әкімшілік-нұсқаулық, экономикалық, моральдық-психологиялық әсер ету әдістеріне, яғни басқарудың бүкіл түрлері қатарын жинақтап қолданады. Мемлекеттік реттеу негізінен экономикалық әдістерге, ынталандыру және шектеу сипатындағы механизмдер арқылы рыноктың стихиялығы, монополизмге ұмтылысы сияқты белгілерін жоюға немесе әлсіретуге бағытталады. Мемлекеттік реттеу, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілердің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты мақсаттарына сәйкестігін, аймақтар мен салалардың экономикалық әлеуетті тиімді пайдалану, табиғи ресурстарды, қоршаған ортаны қорғау міндеттерін тиімді ұйымдастыру істеріне назар аударады.

«Мемлекеттік реттеу» сөз тіркесі мағынасына оның объектіні сыртқы басқаруы түсінігі дәлірек келеді, яғни мемлекеттік реттеу ішкі басқаруды, өзін-өзі басқаруды толықтырады. Экономикалық объектілердің өзіндік, ішкі басқару жүйесі бар. Бірақ, мұндай жүйелер басқару функциялары кешенін толыққанды жүзеге асыруға қабілетті емес, олар басқару әрекеттерін жеке мүдделеріне сай ыңғайластырады, сөйтіп жоғары сатылы мүдделерге кедергі келтіруі мүмкін.

Сондықтан бұл объектілердегі өзін-өзі басқару, сыртқы, мемлекеттік реттеумен толықтырылады. Оны мемлекеттік аппарат жүзеге асырады.

Информация о работе Экономика