Сенушілер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Февраля 2013 в 21:49, реферат

Краткое описание

Мен ағылшын дәрігері Патрик Диксонның «ЖҚТБ және Сен» атты кітабының қазақ тілінде жарық көргеніне өте қуаныштымын. Ол бүгінгі күні Қазақстанда өте маңызды кітап. Оның авторы 1987 жылы мәсіхші сенушілердің назарын бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған ЖҚТБ эпидемиясы (індеті) мәселесіне аударған қауым жетекшілерінің алғашқыларының бірі. Оның «ЖҚТБ туралы ақиқат» атты алғашқы кітабы Англиядағы көптеген сенушілер қауымдарына терең әсер етіп, олардың АҚТҚ/ЖҚТБ індетіне қарсы күреске құлшынысын оятты.

Содержание работы

Кіріспе: Сенушілер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде
1 Тарау: ЖҚТБ — сізге де төніп тұрған қатер!
2 Тарау: Вакцина, дәрі-дәрмек және сақтандырғыштар
3 Тарау: Адамдар жиі қоятын сұрақтар
4 Тарау: Баратын жер жоқ
5 Тарау: Сіз қалай ойлайсыз?
6 Тарау: Біз қайда бара жатырмыз?
7 Тарау: Біз не істей аламыз? Әрекет жасайтын мезгіл жетті

Содержимое работы - 1 файл

Патрик Диксонның СПИД (ЖҚТБ) туралы кітабынан.doc

— 506.00 Кб (Скачать файл)

АҚТҚ аса үлкен жылдамдықпен таралып жатқанына қарамастан, сенімнің жолына түсушілердің саны артуда. Соңғы  жиырма жыл ішінде, әсіресе, кедей  елдерде сенушілердің саны бұрынғыға  қарағанда әлдеқайда арта түскен. Мен осы өмірді өзгертетін сенімнің таралуы ЖҚТБ-ның таралуына жол бермеуге көмектесіп, жаңа жанашырлық ниет, күтім және түсіністікке ояныш болуы үшін мінажат етемін.

 

Патрик Диксон - Шілде 2005

 

Бірінші тарау

ЖҚТБ — сізге де төніп тұрған қатер!

 

Келешекте біраз жыл  шамасында осы дүниедегі әрбір адам өзінің таныстарының біреуі ЖҚТБ-дан (СПИД, ЖИТС) өлгенін еститін болады. Қазіргі күндері жер шарында тұратын әрбір жүзінші ересек адам АҚТҚ-ны (ВИЧ, АИТВ) жұқтырған. Ол біреудің бауыры, қарындасы не сіңлісі, бөлесі, ағасы, бір көшеде тұратын көршісі, дүкен сатушысы, мектептегі не жұмыстағы бір танысы. Бұл Африканың көптеген елдердерінде және оңтүстік-шығыс Азияның кейбір аймақтарында, сонымен қатар ТМД елдерінде, оның ішінде Ресейде күнделікті жағдайға айналған. Сіз бұл туралы білмеуіңіз де мүмкін, себебі ЖҚТБ жайлы мәлімет көбіне құпия сақталуда. Сізге адам рак ауруынан не қандай да бір басқа аурудан қайтыс болды деп айтуы мүмкін, бірақ шын мәнінде сол адамның ажалы ЖҚТБ-дан болған. 2004-жылғы АҚТҚ-ны жұқтырғандардың саны шамамен 60 миллион болғаны ықтимал — нақты санын ешкім білмейді. Бүгінгі таңда АИТ  вирусы дүние жүзінде бес жыл бұрынғы уақытқа қарағанда екі есе артық жылдамдықпен таралуда.

Кейбір адамдар қорқыныштан  өзін қоярға жер таппайды. Олар «ЖҚТБ» деген сөзді естісімен теледидар  каналын бірден басқасына ауыстырады. Оларға кеше кеште ғана сөйлескен адамы осы ауруға шалдыққан болса керек деген ойдың өзі қорқынышты. Олар ЖҚТБ-мен ауыратын адамның қолын ұстағаны немесе байқамай оның стақанын алып, одан ішкені туралы ойлай қалса болғаны, дүрліге кетеді. Егер олар өздерін қоршаған адамдардың бірнешеуі ауру жұқтырғандығын білетін болса, дүрбелең емес, байбаламға басады.

 

«Скафандр» киген дәрігерлер

Індет (эпидемия) шыққан алғашқы  жылдары адамдар өздерін қызық  ұстаған. Ұлыбританияда полиция  қызметкерлері АҚТҚ-ны жұқтырған болуы мүмкін қылмыскерді тұтқындау үшін қолдарына қолғап, беттеріне бетперде, аяқтарына резеңке етік киетін. Біреуді ЖҚТБ ауруына шалдыққан деп күдіктенсе, «жедел жәрдемнің» қызметкерлері оны алып кету үшін нағыз «скафандр» киетін. Кейбір қауым жетекшілері Нан үзу рәсімі кезінде қолына қолғап киіп, нанды ағаш қалақшаның ұшына қойып ұсынатын. Науқастардың үйлеріне таратылатын ыстық тамақ кіре берісте суып қалатын, өйткені жүргізуші қоңырауды басып, үйге кіруге қорқатын.

Үндістанның Калькутта қаласында ЖҚТБ ауруына шалдыққандарға арналып жаңадан салынып біткен емхана жабылып қалған, себебі онда жұмыс істеуге ниет білдірген ешбір дәрігер де, медбике де табылмаған. Сол қалада дәрігерлер бір ананың АҚТҚ-ны жұқтырғанын білгенде оны кішкентай нәрестесімен емханадан қуып шыққан. Біраз уақыт бұрын Угандада егер біреу ЖҚТБ-мен ауырған адамның үйіне кіргеннен кейін ауырып калса, ауылдың тұрғындары оған мүлдем жоламайтын болған және ол сусыз, ауқатсыз қаза табатын.

Кез келген мәдениетте, кез  келген халықта ЖҚТБ-мен ауыратындарды қабылдамаудың, олардан жирену және озбырлық көрсетудің мысалын табуға болады. Бір қуанарлығы көптеген жерлерде бұл қарым-қатынас өзгеруде, әйтсе де, мәселе сол күйінде қалуда. Дәрігер ретінде мен адамдар арасында осындай теріс сезімдерді тудырған басқа ешқандай ауруды білмеймін.

Осы ауру алдындағы қорқыныш көп ұзамай науқас адамға қарсы ащы  ыза тудырады. Адамдар науқастың  үйінің терезесіне кірпіш лақтырып, кейде  ғимараттың өзін де күлін көкке ұшырып өртеп жібереді (бұндай жайт Лондонда екі рет орын алған). Адамдарды тонап, үйлерінен далаға қуып шығады. Мұндай мәселе үдей түсуде.

 

Мәселені қабылдамау

Батыс елдеріндегі мен  араласып жүрген адамдар ауру адамды өздері кездестірмейінше, ЖҚТБ мәселесін  шындап қабылдамайды. Сіздің жан досыңыздың өлім үстінде жатқандығын білу — естен тандырарлықтай жайт. Бұл «дұрыс емес» ауру деп ол туралы ешкімнің сөйлескісі келмейтіндігін байқаудан зоры жоқ шығар. Ол қатерлі ісік (рак) ауруына шалдықпаған, сондықтан да АҚТҚ-ны жұқтырған адамның басқалар үшін тіршілігі жойылады. Мұны ешкімнің де білгісі келмейді.

Алайда Руанда, Бурунди, Зимбабве, Оңтүстік Африка немесе Уганда секілді елдерде бәрі керісінше: мұнда әрбір отбасы ЖҚТБ-ның не екенін басынан кешкен. Адамдар үнемі  осы аурудан қайтыс болып жатады: жолдың шетінде өздерінің өнімдерін тізіп қойған табытшыларға немесе ЖҚТБ-дан қаза тапқандарды көметін орын болмай, Африканың көптеген қалаларындағы зират басында жылап-еңіреген адам топтарына қараудың өзі де жеткілікті. Бірақ ЖҚТБ адамды таңғалдыратын жылдамдықпен тараған жерлерде басқа да мәселе бар: адамдар жантүршігерлік ақиқаттан теріс бұрылып, шындықты мойындамайды.

ЖҚТБ адамды білдірмей  өлтіреді, өйткені АҚТҚ-ны жұқтырушы  өзінің сырқаты жайлы тым кеш  біледі. Бірақ мәселе адамдардың көпшілігі гомосексуал не нашақор еместігіне қарамастан, АҚТҚ-ның күн сайын 14 000-ға жуық адамға жұғып отыруында.

ЖҚТБ-дан мәңгілікке көз  жұмып жатқан адамдардың көпшілігі  некеге тұрғанға дейін ала жіпті  аттамай, пәктігін сақтап келгендер. Олар ауруды өздерінің серіктерінен не дәрігерлік жәрдем алған кезде құрамында АҚТҚ бар қанды немесе лас ине мен дербес инені (шприц) қолданғаннан жұқтырған. Үндістан тәрізді елдерде көптеген адамдар ЖҚТБ туралы уайымдамайды, өйткені әзірше … олардың ешбіреуінің танысы бұл аурудан қаза тауып жатқан жоқ. Бірақ мәселе мынада: сіз достарыңыздың біреуі ауруды жұқтырғанын естіген кезде, сол ауруды тағы жүз адамның жұқтырғанын және олардың көп ұзамай о дүниеге аттанатынын болжай аласыз. Істің нәтижесі бірден бола қоймайды.

 

Тізбекті реакция

Қазіргі теледидардан көрсететін немесе олар туралы газеттерде жазатын  ЖҚТБ ауруына шалдыққандар ауруды 90-жылдардың  бас кезінде жұқтырса керек. Соңғы  бес-он жыл ішінде олар өздерін қалыпты  сезінген және тіпті инфекция жайлы  ойларына кіріп те шықпаған шығар.

Алғашқы жылы сіздің ықшам  ауданыңызда екі-ақ адам ауру жұқтырғанын  көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Он екі ай өткеннен кейін олардың  саны енді төртеу болады. Тағы бір жыл  өткенде олардың саны сегізге  жетеді, ал тағы бір жыл өткеннен кейін он алты болады. Әзірше бәрі өздерін жақсы сезінеді әрі сырттай денсаулығы дұрыс секілді болып көрінеді. Тіпті ешкім денсаулығымда мәселе бар деп күдіктенбейді де. Жарты жыл өткен соң қырық адам, ал тағы да жарты жылдан соң жүзге жуық адам о дүниеге аяқ басады. Таралудың мұндай жолдары Африка және басқа да елдерде кәдімгідей орын алған.

Осы кезде алғашқы болып  ауру жұқтырғандардың бірі жұмбақ сырлы  жұқпалы вируспен ауырып, алты апта көрінбей кетеді. Ауруханадан шыққаннан  кейін ол біршама шаршағандай  болып көрінеді, әйтсе де, бір-екі аптадан соң әдеттегі күнкөрісіне қайтып оралады. Алты ай өткеннен кейін достары оның жүдеп кеткенін және күндердің күнінде ол дем ала алмай тұншыға бастағандықтан, оны «жедел жәрдем» әкетіп бара жатқанын байқайды.

Келесі күні таныстарының біреуі оның халін сұрамақшы болып келгенде, оның өкпе қабынуынан қайтыс болғанын біледі. Бір апта өткен соң оның ағасы сыраханада біреуге дәрігерлер оны ЖҚТБ-дан қайтыс болды деп күдіктенетіндігін айтады. Дәл сол түні сол «клубта» 102-нші адам ауру жұқтырған адаммен қауіпті байланысқа түскен. Егер сіз осылайша өзіңіз тұратын қалада он адамның ЖҚТБ-дан қаза тапқанын білетін болсаңыз, онда сіздің қалаңызда өзін жақсы сезініп жүрген шамамен 250-ден 1000-ға жуық адамның вирусты жұқтырғанын да білуге тиіссіз.

 

Ормандағы өрт тәрізді  тарап өрши түседі

Әлемнің кез келген жерінде АҚТҚ-ны (ВИЧ-ті) тасымалдаушы бір адам бірнеше  ай ішінде орта есеппен оны бір  адамға жұқтырады. Бір адамның екі  адамға, екеуінің төртеуіне, төртеуі  — сегізіне, сегізі — он алтысына және тағы сол сияқты ауру жұқтыру уақыт аралығын «уақыттың еселенуі» деп атайды.

Әдеттегі тұмау тез таралады, оның еселену уақыты — шамамен  бір апта. Мерзімнің бірінші күні бір адам тұмау жұқтырады. Келесі апталарда тұмауратқандардың саны алғашқыда баяу өседі: біреу, одан кейін екеу, содан соң төртеу, сегіз, он алты, отыз екі. Бес аптадан кейін бұл қиынға соғады: алпыс төрт адам тұмаумен ауырады. Тағы бір апта өткен соң жағдай одан бетер қиындайды: 128 адам мұрнын шүйіріп, түшкіреді. Бір аптадан кейін 256 адам өзін нашар сезінеді, ал тағы бір аптадан соң 512 адам денсаулығына байланысты жұмыстан қалады.

Шын мәнінде жағдай соншалықты жаман  емес. Егер осы уақытқа дейін 512 адам жұқтырған болса, онда тек 256-сы ғана түшкіретін болады, өйткені тұмау  бір аптаға ғана созылады, ал қалғандары болса бір аптадан ұзақ уақыт бұрын жұқтырған және одан бері денсаулықтары түзеліп қалған. Егер мектепте 1000 оқушы болатын болса, онда бірнеше аптадан кейін олардың барлығы да тұмаумен ауырып шығады деп топшылауға болады. Бірақ бұл солай емес, өйткені кейбіреулер бізге түсініксіз себептермен тіпті ауырмайды.

Тұмаудың мектепте таралуы АҚТҚ-ның  қалай таралатынын көрсетеді. Әйтсе  де, бұл жерде бір не екі маңызды  айырмашылық бар. АҚТҚ-ға қатысты  жағдайда уақыт еселенуі бір аптаны емес, әдетте 6-12 ай аралығын қамтиды. Ауруды мың адам жұқтырғаннан кейін мектептегі тұмаурату тәрізді уақыт еселенуі, тіпті, бірнеше жылға дейін баяулауы мүмкін. Мектепте әлі ауырмаған немесе ауруға қарсы тұруға қабілеттілердің саны бар-жоғы 100 ғана қалғанда, жаңадан ауырғандардың саны бір апта ішінде азая түседі: 256, содан соң 512, содан соң 100, содан кейін 50. Бір апта өткен соң бұл мектепте тұмаумен ешкім де ауырмайтын болады.

 

Өлім екпесі (инъекциясы)

Бірақ АҚТҚ-ның жыныстық қатынас  арқылы таралуы адамдар өз серіктерін күнделікті ауыстырып отырмайтындықтан салыстырмалы түрде баяу болғанымен, нашаның екпесі арқылы таралуы өте жылдам болуы мүмкін. Оның жылдам таралуы соншалық, бір нашақордың өзі кем дегенде күніне бір адамға жұқтырады. Бұндай жағдайда ауру жұқтырғандардың саны бірнеше күннің ішінде-ақ 1-ден 2-ге, 4-ке, 8-ге, 16-ға, 32-ге, 64-ке, 128-ге, 256-ға, 512-ге... 1000-ға дейін өседі. Міне, сондықтан да бұл күндері Италияда, Америкада, Ресейде, Шотландияның кейбір бөліктерінде және басқа да жерлерде есірткі мәселесі аса шиеленіскен, демек, көп ұзамай-ақ оларда ЖҚТБ мәселесі кеңінен орын алмақ.

 

Бүкіл әлемнің өліп қалуы  мүмкін бе?

ЖҚТБ бәрімізді бірдей өлтіре қоймас. Кез келген топта, қалада немесе халықта  нар тәуекел деп өмір сүру салтын ұстанатындар арасында ЖҚТБ ауруы тез таралады. Тәуекел етуге аса асықпайтындар арасында баяуырақ, ал тәуекелге бел байлауға құштар емес адамдар арасында өте баяу таралады. Қанша адамның ауруды жұқтыратыны және қаншалықты тез екендігі тек аталған топтардың әрқайсысына қанша адам жататындығына байланысты. Егер біз үнемі нар тәуекел деп өмір сүру салтын ұстанатын адамдарды осы райынан қайтуға көндірсек, ең болмағанда ЖҚТБ-ның таралуын бәсеңдетер едік. Угандада АҚТҚ-ны жұқтырған жас келіншектердің саны 22%-дан 7%-ға дейін азайған. Ағартушылық іс адам өмірін сақтайды, бірақ бүкіл қоғамның жүріс-тұрысын өзгерту — уақытты талап етеді.

 

Кім өзін «аурудан қауіпсізбін» деп айта алады?

Италияда ЖҚТБ-ны нашақорлардың обасы (чумасы) деп айтады. Ал Африкада оны ерлер мен әйелдердің обасы дейді. Ұлыбританияда алғашқыда бұған гейлердің ауруы деген атақ таққан. Бірақ бәрі де өзгереді. ЖҚТБ — қарым-қатынас ауруы және оның вирусы арақатынас жолымен таралады. Ол ерлер клубтарында, фабрикаларда, кеңселерде, би кештерінде, мектептерде таралады.

Бір нәрсені шүбәсіз айтса болады: ЖҚТБ ешқандай шекараны  білмейді —  ұлтты да, нәсілді де, жеке басты  да, жыныстық бағытты да. Вирус жыныстар арасында, жыныстық қатынаста болған бір жынысты адамдар арасында немесе қан я болмаса бір адамның  денесінен бөлінетін сұйықтардың  басқа біреудің қан айналымына енген кезінде таралады.

Ұлыбританияда АҚШ-тағыдай алғаш  ауру жұқтырып, ең көп жапа шеккендер  гомосексуалдар қауымдастығы. Өзіміз байқағандай, таяқтың бір ұшы  бір топқа бірнеше жыл бұрын  тиіп кетсе болғаны, мәселе 100 есе ұлғаятыны анық. Егер сіз сол топтың мүшесі болсаңыз, бұл сізді ЖҚТБ-мен ауырасыз деген жалған әсерде қалдыруы мүмкін.

 

 Түйеқұстың қылықтары  

Әрдайым адамдарға тым кеш болмайынша, өздеріне қауіп төніп тұрмағандай  көрінеді. Үкімет те солай ойлайды. Сан-Францисконың билік иелері  Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі жастарды өлтіріп жатқан ЖҚТБ деп аталатын жаңа ауру туралы бәрін білді. Олар аурудың таралу белгілерін өз қалаларынан іздей бастады. Бірақ олар уақытты бекерге өткізіп алды. Үкімет басы бұл мәселенің жедел екендігін түсінгенде, гей қоғамдастығындағы әрбір төртінші адам АҚТҚ-ны жұқтырған болып шықты. Дәл осындай оқиға Азия мен Африканың көптеген жерлерінде орын алған, бірақ онда вирус әйелдер мен ерлер арасындағы жыныстық қатынас арқылы таралған.

Көптеген қауымдардың жетекшілері  түйеқұс іспетті «бастарын құмға  сұғып жасырады». Олар маған: «Біздің  қауымда ЖҚТБ мәселесі жоқ», — дейді. «Онда сіздің қауымыңыздың басқалардан  ерекше болғаны ғой», — деп жауап  қатамын. Қауымдар өсіп жатқан жерде адамдар сенім жолына түсіп, өмірлері өзгереді. Бірақ егер бір керемет болмаса, олар жұқтырып алған АҚТҚ өзінен-өзі жоғалып кетпейді.

 

«ЖҚТБ бұл жерде ешқашан  болмайды»

Орталық Африканың кейбір бөліктерінде барлық жас әйелдер мен ерлердің әрбір бесіншісі ЖҚТБ-дан өлімге кесілген. Енді біз ЖҚТБ Африкада АҚШ-тағыдай 60-жылдары болғандығын білеміз. Барлық медицина қоғамының қырағылығына қарамастан, адамдар осы аурудан өліп жатқан. Ал 1983 жылы Африкада ЖҚТБ-мен ауырған деген тек бір ғана мәлімет тіркелген. Тек сол жылы ғана біз Орталық Африкада болып жатқан апатты кенеттен түсіне бастадық. Он мыңдаған адам ЖҚТБ-дан көз жұмып, миллиондаған адам ауру жұқтырған. Оларға көмек беру тым кеш болды.

Информация о работе Сенушілер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде