Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Февраля 2012 в 10:30, курсовая работа
Мақсатпен байланысты осы курстық жұмыстың жазылуының келесідей міндеттерін көрсетуге болады:
- мемлекеттік бюджетке түсінік беру;
- мемлекеттік бюджеттің құрылысын, құрамын және құрылымын анықтау;
- соңғы екі жылдағы ҚР-ның мемлекеттік бюджет кірістеріне талдау жасау;
- салықтық, салықтық емес түсімдерді ажырату және ресми трансферттер, негізгі капиталдан түсетін түсімдерге анықтама беру;
Кіріспе
1 бөлім Мемлекеттік бюджет түсінігі
1.1 Мемлекеттік бюджеттің экономикалық мәні мен рөлі
1.2 Мемлекеттік бюджеттің құрылысы
1.3 Мемлекеттік бюджеттің құрамы мен құрылымы
2 бөлім Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің кірістерінің көздерін талдау
2.1 Салықтық түсімдер
2.2 Салықтық емес түсімдер
2.3 Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер
2.4 Ресми трансферттік түсімдер
3 бөлім Мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және жетілдіру
Қорытынды
Қолданылған әдебиеттер тізімі
Қосымшалар
- жергілікті бюджеттер.
Унитарлық мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады:
- орталық (республикалық) бюджет;
- жергілікті бюджеттер.
Екі жағдайда да бюджеттердің оқшаулану мен дербестігінің түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдетте әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төменгі бюджеттерге қатынасы бойынша белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады /4,296/.
Бюджет кодексіне сәйкес, мемлекеттік бюджет – араларындағы өзара өтелетін операцияларды есепке алмағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын жиынтық бюджет /Қосымша А/.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік бюджеттің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған.
Республикалық бюджет – бұл салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және орталық мемлекеттік органдардың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және мемлекеттік саясаттың жалпыреспубликалық бағыттарын жүзеге асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры.
Жергілікті бюджет (әкімшілік-аймақтық бірліктердің бюджеттері) – облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеті.
Бюджет кодексімен айқындалған салықтық және басқа да түсімдер есебінен қалыптастырылатын және облыстық деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, оларға ведомстволық бағынышты мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын қаржымен қамтамасыз етуге және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте мемлекеттік саясатты іске асыруға арналған орталықтандырылған ақша қоры облыс бюджеті, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеті болып табылады /1/.
Тісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.
Қазақстан Республикасында төтенше немесе соғыс жағдайында төтенше мемлекеттік бюджеттің әзірленуі, бекілілуі және атқарылуы мүмкін. Төтенше мемлекеттік бюджетті бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі /1/.
Республикалық және жергілікті бюджеттер кез-келген басқа мемлекеттердегідей Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің орталық буыны болып табылады. Бюджет – мемлекеттің қажетті атрибуты және оның егемендігінің негізі. Бюджеттің көмегімен тиісті мемлекеттік және муниципалдық құрылымдарының ақша қорлары құрылады, бұл қорлар олардың жалпы маңызды міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді, мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын жүзеге асырудың қаржылық негізін жасайды. Бюджеттерде мемлекеттің қаржы ресурстарының аса ірі бөлігі шоғырландырылады. Бюджетте қаржы ресурстарын шоғырландыру мемлекеттің қаржы саясатын ойдағыдай жүзеге асыру үшін қажет.
1.3 Мемлекеттік бюджеттің құрамы мен құрылымы
Мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын қалыптастырумен және пайдаланумен байланысты болып келетін бюджеттің жұмыс жасауы ерекше экономикалық нысандар – бюджеттің кірістері мен шығыстары арқылы болып отырады. Олар құндық бөліністің жеке көздерін білдіреді. Категориялардың екеуі де бюджеттің өзі сияқты объективті және олардың өзгеше қоғамдық арналымы болады: кірістер мемлекетті қажетті ақша қаражаттарымен қамтамасыз етеді, шығыстар орталықтандырылған ресурстарды жалпымемлекеттік қажеттіліктерге сәйкес бөледі.
Кірістер мен шығыстардың құрамы мен құрылымы нақты әлеуметтік-экономикалық және тарихи жағдайларда жүзеге асырылатын мемлекеттік бюджет пен салық саясатын жүргізудің бағыттарына байланысты болады. Бұл кезде мемлекет белгілі бір жағдайларда кірістерді қалыптастырудың және шығыстарды жұмсаудың қолайлы нысандары мен әдістерін пайдаланады.
Дағдыдағыдай, кірістердің көзі салықтар немесе оларға бара-бар төлемдер болап табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті кірістерінің құрамы мен құрылымы салық төлемдерінің қолданыстағы жүйесімен және салыстырмалы тұрақсыз сипатағы салықтық емес қаражаттардың түсімдерімн айқындалады.
Бюджет кодексіне сәйкес бюджеттің құрылымы мына бөлімдерден тұрады:
1. кірістер:
- салықтық түсімдер;
- салықтық емес түсімдер;
- негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер;
- ресми трансферттер түсімдері;
2. шығындар;
3. операциялық сальдо;
4. таза бюджеттік несие беру:
- бюджеттік несиелер;
- бюджеттік несиелерді өтеу;
5. қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо:
- қаржы активтерін сатып алу;
- қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер;
6. бюджет тапшылығы (профициті);
7. бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану):
- қарыздар түсімі;
- қарыздарды өтеу;
- бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы /1/.
Бюджеттерді бекіту және бюджеттердің атқарылуы туралы есептерді түзу осы көрсетілген құрылым бойынша жүзеге асырылады.
Бюджеттің кірістері салықтық және басқа міндетті төлемдер, ресми трансферттер, мемлекетке өтеусіз негізде берілетін, қайтарылатын сипатта болмайтын және мемлекеттің қаржы активтерін сатумен байланысты емес, бюджетке есептелуі тиіс ақшалар болып табылады. Салықтық емес түсімдер – бюджетке төленетін міндетті, қайтарылмайтын төлемдер, сондай-ақ ресми трансферттерден басқа, бюджетке өтеусіз негізде берілетін ақша. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерге мемлекеттік мекемелерге бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті, мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды, мемлекет меншігіндегі жер учаскілерін жеке меншікке сатудан немесе оларды тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға беруден, мемлекетке тиесілі материалдық емес активтерді сатудан түсетін ақшалар жатады. Ресми трансферттердің түсімдері – бұл бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферттердің түсімдері .
Мақсатты трансферттерді қоспағанда, кірістердің нысаналы мақсаты болмайды.
Бюджеттің шығындары – қайтарылмайтын негізде бөлінетін бюджет қаражаттары. Шығындардың қатаң мақсатты арналымы болады.
Бюджет шығындары мынадай түрлерге бөлінеді:
1. мемлекеттік мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін шығындар;
2. тұрақты сипаты жоқ іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты шығындар;
3. мемлекеттік тапсырысқа арналған шығындар – мемлекеттік саясатты іске асыру меқсатында (мемлекеттік органдардың өздерінің тұтынуына арналмаған) өндірілетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) мемлекеттік органдардың ақы төлеуі;
4. жеке тұлғаларға ақшалай төлемдер – қызметкерлерге еңбегі үшін ақшалай төлемдерден басқа, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жеке тұлғаларға ақшалай нысандағы төлемдермен байланысты шығындар;
5. заңды тұлғаларға субсидиялар – мемлекеттік мекемелер және қоғамдық бірлестіктер болып табылмайтын заңды тұлғаларды өтеусіз және қайтарылмайтан негізде қаржыландыру;
6. ресми трансферттер – бюджеттің бір деңгейінен екіншісіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына трансферттер төлеу.
Операциялық сальдо бюджет кірістері мен шығындары арасындағы айырма ретінде айқындалады. Бюджет шығындарының бюджет кірістерінен асып түскен сомасы теріс операциялық сальдо, ал бюджет кірістерінің бюджет шығындарынан асып түскен сомасы оң операциялық сальдо болып табылады.
Таза бюджеттік несие беру бюджеттік несиелердің және бюджеттік несиелерді өтеудің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Қаржы активтерімен жасалатын операциялар:
1. қаржы активтерін сатып алуды;
2. мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерді кіріктіреді.
Қаржы активтерін сатып алу – заңды тұлғалардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерін, бағалы қағаздарын мемлекеттік меншікке сатып алу операцияларымен байланысты бюджет шығыстары.
Мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер – мемлекеттік меншіктегі заңды тұлғалардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың, мүліктік кешен түріндегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қатысу үлесін, бағалы қағаздарын, сондай-ақ олардың жедел басқаруындағы немесе шаруашылық жүргізуіндегі өзге де мемлекеттік меншікті сату жөніндегі операцияларға байланысты бюджетке түсетін түсімдер /4,312/.
Бюджет тапшылығы (профициті) таза бюджеттік несие беруді және қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдоны шегеріп тастағандағы сальдоға тең. Теріс белгімен алынған шама бюджет тапшылығы, оң белгімен алынған шама бюджет профициті болып табылады.
Бюджет тапшылығын қаржыландыру – қарыз алу және бюджт қаражатының бос қалдықтары есебінен бюджет тапшылығын жабуды қамтамасыз ету. Оның көлемі алынған қарыздар сомасының, бюджет қаражаты қалдықтары қозғалысының қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасынан асып түсуі ретінде белгіленеді. Бюджет тапшылығын қаржыландыру мәні оң белгімен белгіленеді және бюджет тапшылығының шамасына сай келеді.
Бюджет профицитін падалану – қарыздар бойынша негізгі борышты өтеуге бюджет профицитін, қарыздар қаражатын, бюджет қаражатының бос қалдықтарын жұмсау. Оның көлемі қарыздар бойынша негізгі борышты өтеу сомасының алынған қарыздар және бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы сомасынан асып түсуі ретінде белгіленеді. Бюджет профицитін пайдалану мәні теріс белгімен белгіленеді және бюджет профицитінің шамасына сай келеді /4,314/.
2 бөлім Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің кірістері және олардың көздерін талдау
2.1 Салықтық түсімдер
Бюджет түсімдерінің 90-95% салықтық түсімдерге келеді. Халыққа үш негізгі салықтың ауыртпалығы түседі: жеке табыс салығы, әлеуметтік салық және мүлік салығы. Ал кәсіпкерлік сектор екі салықпен көрінеді: корпорациялық табыс салығы және мүлікке салынатын салық.
Қазақстанда бүкіл салықтық түсімдер арасында басты орын корпорациялық табыс салығына келеді, 32,3% шамасында /Қосымша Ә/. Бұл салықты Ұлттық банк пен мемлекеттік мекемелерді қоспағанда ҚР резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ Қазақстанда қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын немесе республикадағы көздерден табыс алатын бейрезидент-заңды тұлғалар төлейді. Салық салынатын табыс, төлем көзінен салық салынатын табыс және ҚР-нда қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның таза табысы бұл салық салынатын табыс объектілері болып табылады /2/. Корпорациялық табыс салығының мөлшерлемесі 30% болып белгіленген. Негізгі өндіріс құралы жер болып табылатын салық төлеушінің салық салынатын табысына 10%-қ мөлшерлеме бойынша салық салынады. Төлем көзінен салық салынатын табыстар – дивиденттер, депозиттер бойынша сыйақы, ұтыстар, заңды тұлғаларға төленетін сыйақы, эмитент борыштық бағалы қағаздар бойынша шығару шарттарына сәйкес төлейтін купон түріндегі сыйақы 15% мөлшерлеме бойынша салық салуға жатады. Бейрезиденттердің ҚР-ғы тұрақты мекемеге байланысты емес көздерден алатын табыстарының төлем көзіне 5-15%, ҚР-ғы көздерден алынатын табыстарына 20% мөлшерлемеде салық салынады. 2004ж. мемлекеттік бюджетке 382 814 млн. теңге корпорациялық табыс салығы түсті, 2003ж. бұл сома 272 632 млн. теңгені құрады, яғни 2003 жылға қарағанда 2004ж. осы салықтың түсімі 40,4%-ға өсті. 2005 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында бюджетке 488 132 млн. теңге көлемінде корпорациялық табыс салығы түсті /Қосымша Б/.
Жеке табыс салығы бойынша қаражаттардың түсімі (2001 жылға дейін жеке тұлғалардан алынатын табыс салығы) барлық салық түсімдерінің 8,3% алады /12,402/. Салық салу объектілері бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушілер болып есептеледі, салық салу объектісі төлем көзінен салық салынатын табыстар және төлем көзінен салық салынбайтын табыстар болып табылады. Салық мөлшерлемесі баспалдақты үдеме бойынша табыстың мөлшеріне қарай 5%-дан 20%-ға дейін белгіленген /Қосымша В/. Дивиденттер, сыйақылар мен ұтыстар түріндегі табыстарға 15% мөлшерлеме, адвокаттардың және нотариустардың табыстарына 10 % мөлшерлеме бойынша салық салынады. 2004ж. мемлекеттік бюджетке 98 535 млн. теңге жеке табыс салығы түсті, 2003ж. бұл сома 93 281 млн. теңгені құрады, яғни 2003 жылға қарағанда 2004ж. осы салықтың түсімі 5,6 %-ға өсті. 2005 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында бюджетке 85 565 млн. теңге көлемінде жеке табыс салығы түсті /Қосымша Б/.
Әлеуметтік салық – мемлекетте алынатын салықтың бірі. 2004ж. бюджетке түсетін барлық салықтардың 14,2% алды, 2003ж. бұл көрсеткіш 9,8% болды. Бұл салық 1999 жылдан бері осы кезге дейін қолданылып келген әлеуметтік қорларға : зейнетақы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру, міндетті медициналық сақтандыру, халықты жұмыспен қамту қорларына аударылатын сақтық жарналары аударымдарының орнына енгізілген /4,239/. Жұмыс беруші төлейтін ақша немесе заттай нысандағы кез-келген табыстар, сондай-ақ өтемді қызметтер көрсету шарттары бойынша жеке тұлғаларға төлемдер (жеке кәсіпкерлерге төлемдерді қоспағанда) түріндегі оның қызметкерлерге төлейтін шығыстары резидент-заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстанда қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері үшін әлеуметтік салық салудың объектісі, ал жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар үшін олардың өздерін қоса алғанда, қызметкерлер саны бұл салық салудың объектісі болып табылады. ҚР-ның резидент заңды тұлғалары, сондай-ақ қызметін тұрақты мекемелер арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері 7-20% мөлшерлеме бойынша /Қосымша Г/, ҚР-ның резидент-заңды тұлғалары, сондай-ақ қызметін ҚР-нда тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер әкімшілік-басқарушы, инженер-техник қызметкерлердің шетелдік мамандары үшін 5-11% мөлшерлеме бойынша әлеуметтік салық төлейді. 2004ж. мемлекеттік бюджетке 167 995 млн. теңге әлеуметтік салық түсті, 2003ж. бұл сома 157 676 млн. теңгені құрады, яғни 2003 жылға қарағанда 2004ж. осы салықтың түсімі 6,5 %-ға өсті. 2005 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында бұл салық түрі бойынша бюджетке 138 677 млн. теңге түсті /Қосымша Б/.
Мемлекетті бюджеттің салықтық түсімдер арасында корпорациялық табыс салығынан кейінгі маңызды орынды үлесі 2004ж. алдындағы жылмен салыстырғанда азайғанмен қосылған құнға салынатын салық алады (ҚҚС) – 20,5% (2003ж. 24,4%). Салық төлеуші мемлекетке оны төлеу нәтижесінде шеккен шығысының орнын бағаны көтеру жолымен толықтырады және салықты төлеуді сатып алушыға аударады. Демек, бұл салықтың ерекшелігі – оның салық салынатын объектісі сатудан түскен бүкіл түсім-ақша емес, тек салық салынатын айналым мен салық салынатын импортты қамтитын қосылған құн болып табылатындығында. ҚҚС-ң артықшылығы мынада: ол жаңа құн жасалынған орын бойынша салық төлеушілердің үлкен тобынан алынады; төлеушілер үшін есептеудің салыстырмалы қарапайымдылығы; бағалардың өзгеруіне, инфляция деңгейіне қарамастан мемлекет бюджетінің кірістерін қалыптастырудың сенімді және тұрақты базасын қамтамасыз етеді /4,222-223/. 2004ж. 1 қаңтарынан ҚҚС мөлшерлемесі 15%-ға тең. Түсті және қара металдар сынығының экспортын қоспаған экспортқа тауарлар өткізу бойынша айналымға, халықаралық тасылымдарға байланысты орындалатын жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге нөлдік ставка бойынша ҚҚС алынады. 2004ж. мемлекеттік бюджетке 242 955 млн. теңге ҚҚС түсті, 2003ж. ол 231 338 млн. теңге болды, яғни 2003 жылға қарағанда 2004ж. осы салықтың түсімі 5,0 %-ға өсті /10/. 2005 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында бұл салық түрі бойынша бюджетке 244 114 млн. теңге түсті /Қосымша Б/.