Орталық Азиядағы араб және түркі халықтары мәдениетінің өзара ықпалдастығы (VIII-XII ғ)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Марта 2012 в 21:43, дипломная работа

Краткое описание

Ислам діні барша түріктердің біртұтас дініне айналды, олардың біртұтас ұлт болып қалыптасуына ұйытқы болды, өзара қырғын соғыстарды тоқтатты, тілдің біркелкілігін сақтады. Түркілер исламның жауынгері және жаршысы сипатында тарихта аса маңызды орынға ие болды.

Содержание работы

Кіріспе..........................................................................................................................3-9
1 8 –12 ғасырлардағы Орта Азияға арабтардың келуі және қала мен дала мәдениеті
1.1 Ерте орта ғасырлардағы Арабтар мен түркілердің орта Азиядағы саяси тарихы.........................................................................................................................10-20
1.2 Арабтардың түркілер арасында ислам дінінің орнығуы үшін күресі...........................................................................................................................21-32
2 Араб және түркі мәдениеттерінің өзара ықпалдастығы
2.1 Араб мәдениетінің Орта Азиядағы сәулет - құрылыс, қала құрылымына тигізген әсері...............................................................................................................33-41
2.2 Мұсылман ренессансына өзіндік үлесін қосқан түркі оқымыстылары.........................................................................................................42-52
2.3 Түркілік дүниетаным мен ислам діні ортақтықтары......................................53-60
Қорытынды.............................................................................................................
Пайдаланылған деректер мен әдебиеттер тізімі.................................................

Содержимое работы - 1 файл

диплом.doc

— 501.00 Кб (Скачать файл)

Иә, Сайф ад-Даула өз сарайына сол замандағы аса дарындыларды жинай білген еді. Мұнда Әбу Нәсір сияқты арабтың ақиық ақыны әл-Мутанабби (915—965) де айрықша ыстық ілтипатқа бөленіп, өзінің біраз жылдарын өткізген болатын.

Араб әдебиетінің классигі, жауынгер ақын - әл-Мутанаббидің шығыс және әлем әдебиетіндегі орны ерекше. Сол Әл-Мутанабби Әбу Нәсір әл-Фарабимен атақты Сайф ад-Дауланың сарайында өмірінің бірер жылын бірге өткізген. Біздің Әл-Фарабиді зерттеуші ғалымдарымыз әлі күнге дейін оның өмірбаянын жазғанда. Әбу Нәсірдің Сайф ад-Даула сарайында тұрғанынан басқа ештеңе айта алмайды.

Әбу Нәсір әл-Фараби 950 жылы қайтыс болған. «Фараби қазасы туралы екі дерек бар, - дейді М. Хайруллаев, - біріншісінде ғалымдар оны Шамда қайтыс болған десе, екіншісінде Әбу Нәсір қасына бірнеше адам ертіп, Асқалан қаласына бара жатқанда жол торыған қарақшылардың қолынан қаза тапқан. Сайф ад-Даула қарақшыларды тауып, дарға асқан» [8]. Бір таңқаларлығы, арада он бес жыл өткеннен кейін Әл-Мутанабби де дәл осындай қайғылы қазаға ұшыраған. Әл-Мутанабби қасына баласын ертіп, Уасыттан Бағдадқа келе жатады. Күн ыстық болса керек. Рахте қаласынан өте бере Фатих бин Джаһл әл.-Асади бастаған қарақшылар әл-Мутанаббиге тосқауыл қояды. Айдалада тоқтатады. Айтылмыш қарақшы әл-Мутанаббиді қылышпен шауып түсіреді. Шайырдың қолындағы өлеңдері құмда шашылып қалады» [9].

Әл-Фараби тек ғұлама ғалымдығымен ғана емес, жыр пырағын ерттеп мінген ақындығымен де дараланған. Оның әдебиет пен тілдің өзекті мәселелеріне байланысты айтқан тұжырымдары топ жарған талай-талайларды тамсандырған.

Әбу Нәсірдің «Өлең туралы трактат» жазғаны белгілі. Көрнекті неміс шығыстанушысы Морис Штейншнейдер де (1816-1907) бұл жайлы өз еңбегінде атап көрсеткен. Ағылшын арабисі Д.С. Марголиус те (1858—1990), «Екінші ұстаздың» аталмыш трактатты жазғанын айта келіп, оның жоғалып кеткеніне қатты қынжылған.

Әл-Фараби шығармаларының басым көпшілігі әлі де араб тілінен аударылмай, зерттелмей жатыр. Астрономия, логика, әуез жайлы еңбектері де күні бүгінге дейін терең зерттеле қойған жоқ. Ал кездейсоқ қолға алған зерттеушілер болса, оларды тек шет пұшпақтап қана қарап жүр. Әбу Нәсірдің көптеген туындылары дүние жүзі кітапханаларында сақтаулы, бізге беймағлұм күйде. Демек, оларды іздестіру, жарыққа шығару, сөйтіп халықтың игілігіне айналдыру - болашақтың зор міндеттерінің   бірі.

Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Нәсірдің өмірі мен шығармаларын орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған. Міне, ол бүгінге дейін жалғастырылып келеді. Осы ретте араб және парсы тілдерінде жазған Ан-Надим (X ғ), әл-Байһақи ,(Х ғ.), Ибн Саид әл-Қифти (XIII ғ.), Хаджи Халифа (1657 ж. қ. б.), латын тілінде жазған Венике (1484 ж. қ. б.), Камерариус (1688 ж, қ. б.) тағы басқалардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

XIX ғасырдың орта тұсынан бастап әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы көптеген Европа ғалымдарының назарын ерекше аудара бастады. Әл-Фараби ілімімен жақсы таныс болған, одан көп үйренген Маймонид (1135—1204), Роджэр Бэкон (1214—1294), Леонардо да Винчи (1452—1519), Спиноза (1632— 1677) тағы басқа да көптеген Батыс Европа ғалымдары Отырар перзентінің өмірі мен еңбектерін арнайы зерттеген.

Мәселен, еткен ғасырда неміс ғалымдары И. Г. Л. Козегартен. (1792—1860) мен Г. Зутер (1848—1922) әл-Фараби жөнінде арнайы еңбектер жазған.

Америкадағы Питтсбург университетінің профессоры Николас Решер көптен бері Әл-Фараби және оның шәкірттерінің ғылыми мұрасын зерттеумен айналысып келеді. Н. Решер ұзақ ізденіс нәтижесінде 1962 жылы ағылшын тілінде «Фараби. Аннотацияланған библиография» деп аталатын аса құнды еңбегін жариялаған. Мұнда мың жыл бойында әл-Фараби жөнінде кім не жазды, Әл-Фараби шығармалары қай тілдерге аударылды деген мәселелерге баса назар аударылған. Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Нәсірдің өмірі мен шығармаларын орта ғасырларда-ақ зерттей бастаған.

Тағы бір әйгілі түркі даласының әйгілі перзенті Әлам Ад-дин әл-Жауһари. Біз әзірше қазақ жерінен шыққан Әбу Нәсір әл-Фараби сияқты ұлы ғұламалардың ұрпақтары жайлы біле бермейміз. Қолымызда ондай жазба деректер де жоқ. Ал Әбу-л-Хасан Әли - соның ең алғашқысы.

Ұлы жерлесіміздің баласының «Әлам ад-Дин әл-Бағдади» (бағдадтық) деген тағы бір ныспысына қарап оның Бағдадта туылғанын, сондықтан да бағдадтық деген қосымша ат алғанын аңғару қиын емес. Әбу-л-Хасан Әлидің (Әлам ад-Диннің) Бағдадта туылуы да ғажап емес. Өйткені ол дүниеге келер тұста ұлы жерлесіміз Исмаил әл-Жауһари Бағдадта тұрып жатқанды.

Әлам ад-Диннің есімі кейбір қазіргі ғалымдардың еңбектерінде де кездеседі. Мысалы, «Әлам ад-Дин Әбу-л-Хасан Әли ибн Исмаил әл-Жауһари (X-XI ғ.) - Бағдадта «ар-раккаб салар» (атты әскер қолбасшысы) деген атпен де белгілі, бәлкім ол әйгілі математик Әбу Нәсір Исмаил ибн Хаммад әл-Жауһаридің (1008 ж. өлген) ұлы болар. Ол қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Фараб маңындағы Жауһардан шыққан, математик, астрономиялық аспаптардың шебері» [10] деген пікірді орыс, шығыс зерттеушілері де айтады.

Әлам ад Дин жайындағы  осындай деректерді неміс ғалымы Генрих Зутердің (1848-1922) еңбегінен де кездестіреміз. «Араб математиктері мен астрономдары» деген кітабында ол Отырарлық ғалым жөнінде бірнеше жолдық деректер келтірген'.

Г. Зутер де Әбу-л-Хасан Әлиді «Математика саласындағы аса күрделі еңбектерімен және астрономиялық аспаптар жасауда және пайдалануда асқан шеберлігімен танымал ғалым, оның тамаша шығармалары кең таралған»[11] - деп жоғары бағалаған. Ал оның Исмаил әл-Жауһариге қатысы жайлы «әл-Жауһари деген ат ғалымның грамматик және лексиколог Әбу Нәсір Исмаил бин Хаммад әл-Жауһаридің (393/1008 ж. өлген) ұлы екендігін растай түседі» -  деп, өз ойын бөле-жара айтқан.

Отырарлық Исмаил әл-Жауһаридің саяси көзқарасы жағынан төртінші халифа Әли ибн Талибтің (600—661) ұрпақтарын, яғни шийалықтарды жақтап, үкімет билігін қолына алған умайялықтарға қарсы шыққанын білеміз.

Сонымен Әбу-л-Хасан Әлидің отырарлық машһүр ғалым Исмаил әл-Жауһаридің баласы екені белгілі болды.

Бір қызығы Ибн Саид әл-Қифти Әлам ад-Диннің аты - жөніне «манғұт» деген де ат қосқан. Ол Исмаил әл-Жауһариге қатысты деректерден кездеседі. Сондықтан да Әлам ад-Динді енді маңғұт тайпасынан шыққан демеске - амал жоқ. Бірақ маңғұттар тарих бетіне үңілсек, Исмаил әл-Жауһари мен Әлам ад-Дин өмір сүрген кезден кеп кейін шыққан.

«Маңғыт, маңгүт, маңғут, маңқыт - Батый әскері құрамында Дешті Қыпшаққа келіп, жергілікті түркі тайпаларымен сіңісіп кеткен моңғол тайпасының бірі. XIII-XIV ғасырлардағы жазба деректерге қарағанда, маңғұт Алтын Ордада тайпалық одақ құрған. XIII-XVI ғасырларда Дешті Қыпшақтың саяси өмірінде зор рөл атқарған. XV ғасырдың 1-жартысында маңғұттар қоңыраттармен бірге Әбілхайыр хан мемлекетіндегі ең ірі тайпалардың бірі болған» [12]    :

Әлам ад-Дин негізінен астрономия, геометрия, математика, филология секілді ғылым салаларына қатысты еңбектер жазған. Оған таңдануға да бол-майды. Өйткені VIII-XI ғасырларда тек әдебиет пен мәдениет,  дін ғылымы (фиқһ) мен тарих, философия мен логика ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану ғылымы да барынша дамып, аударма өнері де жолға қойылғанды. Мысалы, араб тіліне Аристотель, Евклид пен Птоломей, Гиппократ пен Гален кітаптары тәржімаланды. Араб халқы сөйтіп үнді, парсы, набатей халықтарының классикалық шығармаларымен де өз тілдерінде танысты.

Әлам ад-Диннің ғалым болуына сондай-ақ ата жұртынан шыққан әкесінің жерлестері Аббас әл-Жауһари, Әбу Нәсір әл-Фараби мен Исхақ әл-Фарабидің де тамаша шығармалары әсер еткен деуге болады. Оны тіпті фарабтық ойшылдарға еліктеуі, отырарлық аталары секілді оқымысты болуға тырысуынан десек те болады.

Әлам ад-Диннің астрономиялык аспап жасауына оның геометрия саласындағы озық ойлары көмектескен. Әлам ад-Диннің астрономиялық аспап жасауы әбден мүмкін. Өйткені оның алдында ғана халифа әл-Мамун сарайында тұрған отырарлық тағы бір ғалым әл-Аббас ибн Саид әл-Жауһари 829 жылы Бағдадта және 832 жылы Шамдағы обсерваторияда аспан әлемін зерттеумен айналыскан. Жұлдыз зерттеушілер арасында тек ол ғана емес, онымен катар Орта Азиялық өзге де оқымыстылар болған. Олай болса, Әлам ад-Диннің де осындай' даңқты жерлестерінің ісін алға бастыру мақсатымен, Ибн Саид әл-Қифти айтқандай, астрономиялық аспап жасап, Бағдад зия-лылары ішінде жарқырай көрінгендігіне таңдануға   болмайды.

Әлам ад-Динді кейде энциклопедист ғалымдар санатына да жатқызуға болатын сияқты. Оның да себебі бар. Өйткені орта ғасырларда кез-келген ойшыл, дана ғылымның барлық саласымен айналысуына тура келген. Мысалы, Әлам ад-Диннен бар-жоғы жүз-ақ жыл бұрын өмір сүрген Әбу Нәсір әл-Фарабидің фәлсафа, логика, астрономия, филология, психология, педагогика, аударма салаларымен ғана емес, сондай-ақ медицина, тіпті музыкамен де әуестенгенін, оның теориясына арналған  күні бүгінге дейін мәнін жоғалтпаған шығарма жазғанын білеміз.

Х—ХІ ғасырларда Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі Мысыр, Шам, Халаб, Бағдад, Басра, Куфа секілді қалалар әдебиет пен өнердің үлкен орталықтары болғандығын айттық. Ондай мәдениет ошақтарында ойды да терең, қиялыңа канат бітірер отты жырлар, жүрегіңе сенім отын ұялатып, рух берер шешендік сөздер болмаса, арзанқол дүниелермен ешкімді таңдандыра алмайтының айдан анық болатын. Сол себепті де араб тарихшылары мен шежірешілері жүзден шыққан жүйріктерді ғана хатқа түсірген. Міне, Әлам ад-Дин әл-Жауһаридің өмірі мен шығармашылығы жайлы айтылған ойлар осы. Әлам ад-Дин Отырарлық атақты лексикограф, белгілі ақын Исмаил әл-Жауһаридің ұлы болғандықтан, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тарихына кіріп, шығармаларын араб тілінде жазған қазақ даласынан шыққан ойшылдар санатында тұрған тұлға.

Дәуір дауылпаздары мен даналарынан кенде болмаған қасиетті қазақ жері XI—XII ғасырларда да Қожа Ахмет Иасауи (1093—1167), Жүсіп Баласағүни (XI ғ.) секілді ақиық ақын, сындарлы сөз иелерін дүниеге келтірген. Бұлардан басқа да даламызда дуалы ауыз даналар мен көреген кесемдер аз болған жоқ. Сондай елеусіз ерлердің бірі  - Бурһан ад-Дин Ахмад бин Әби Хафс бин йусуф әл-Фараби. Ол XI ғасыр басында туған мекені Отырар өлкесінде Қарахан әулеті құрған феодалдық мемлекеттің түрлі соғыстар мен шапқыншылықтар, алауыздықтар әсерінен ыдырап, тарих сахнасынан ауытқып кету қаупі басталған кезде дүниеге келген.

Бурһан ад-Диннің алғашқы білімді, Отырарда алғанында дау жоқ. Ол кезде Йасы (Түркістан), Исфиджаб (Сайрам), Тараз, Шаш (Ташкент), Сауран, Сығанақ қалаларында араб, парсы жұртынан келген діндарлар, сондай-ақ түрлі ғалымдар аты аталған жерлерге саяхатшы, саудагер немесе зерттеуші ретінде келіп өз тілдері бойынша дәріс берген. Сол себептен де Бурһан ад-Дин де өзінен бұрын өмір сүрген отырарлық жерлестері немесе Орта Азия, Хорезм өлкесінен шыққан оқымыстылар секілді араб, парсы тілдерін білген деуге әбден болады.

Ахмад бин Мансур аз-Зафарми әл-Худжанди әл-Исфиджаби. Тағы бір ғұлама ғалым өмір сүрген. Өз аты - Ахмад. Әкесінің ныспысы - Мансур аз-Зафарми әл-Худжанди. Әл-Исфиджаби - әдеттегідей оның туған жерін білдіреді. Әкесінің ныспысындағы Әл-Худжанди деген атауға қарағанда ол Исфиджабқа Ахмад туылғанға дейін-ақ көшіп келген сияқты. Сол себепті Сайрамда дүниеге келген Ахмад әкесінің есіміне Худжанди (Ходженттік) деген атауды қоса көрсетуді ұмытпаған.

Жерлесіміз алғашқы білімді туған жерінде алған. Ол кезде Исфиджаб, Шаш, Самарқан, Бұхара медреселеріне араб, парсы елдерінен ғалымдар көптеп келіп қызмет етіп жатқанды. Солай бола тұрса да, бұл кез - араб әдебиеті мен мәдениетінің тауы шағылып, құлдырау кезеңінің қылаң берген, түркі тілінің жанданып, белін бекем буа бастаған тұсы еді.

Ахмад араб тілі мен әдебиеті, фәлсафасы мен логикасы және дін ғылымы бойынша жақсы білім алған.

Исфиджаб қаласының ғылым, білім, өнердің сан саласын қамтыған ойшылдар мен өнерпаздар мекені болғанын арабтың белгілі тарихшы-саяхатшысы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми (1179— 1249) де айтқан. Өз еңбегінің Исфиджабқа арналған беттерінде ол Сайрамнан шыққан педагог-ғалым Әбу-л-Хасан бин Мансур бин Абд Аллаһ бин Ахмад әл-муаддиб әл-Муқри әл-Исфиджабиді атай келіп, оның 989 жылдан кейін қайтыс болғанын жазған. Соған қарағанда ол Отырарлық Әбу Нәсір әл-Фараби (870— 950), Исхақ әл-Фараби (?—961) мен Исмаил әл-Жауһаридің (?—1008) тұстасы болған. Оны педагог деуімізге себеп, есімінде «муаддиб» деген араб сөзі оның — оқытушы, тәрбиеші болғанын көрсетеді. Соған қарағанда ол Сайрам медреселерінің бірінде ұстаздық еткен сияқты. Сайрамдық тағы бір ғалым Әли бин Мухаммад әл-Исфиджаби. мұсылман заңы білгірлерінің бірі болған.

Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық поэзияның көрнекті өкілі, дуалы ауыз данышпан, кемеңгер ақын Ахмет Иасауи 1093 немесе 1094 жылы Исфиджаб (Сайрам) қаласында туған. Оның ата-анасы Ибраһим Ата мен Қарашаш Ана осында тұрып, осы жерде қайтыс болған. Олардың зиратына орнатылған күмбездер де осы Сайрамда тұр.

Араб, парсы авторларының жазбаларына қарағанда Ахметтің әкесі өз заманының сауатты, көзі ашық адамы болған. Тіптен балауса, бүлдіршін Ахметке араб, парсы тілдерін Таяу Шығыстағы Исфаһан, Бағдад шаһарларынан ұстаздар жалдап үйретеді. Он алты жасында-ақ болашақ ақын шығыс поэзиясын, әдебиетін, фәлсафасын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап өзі де өлең жаза бастайды. Өз жырларын шығыс авторларынан бірінші болып, сол кездегі шайырлар секілді араб, парсы тілдерінде емес, өзінің, ана тілі - түркі тілінде жазған. Иасауи шығармашылығының құндылығы да осында.

Жауқазын гүлдердің әдемілігін тамашалап, өмірді жырлаған ақынды арада біраз жыл өткен соң араб елдерінен сыңсып жеткен сопылар поэзиясының үні мен жаңғырығы өз «қайығына» отырғызбай қоймайды. Ол Бұхараға барып дәріс алуға тілек.білдіреді. Онда парсы жұртынан келген оқымысты Әбу Йағкуб Иусуф әл-Хамаданиден (?—1140) тағлым алып, білімін молықтырады. Соңыра туған жеріне қайта оралып, сопылықпен айна-лысады.

Ахмет ел ішінде әділдігімен де аты шыққан адам. Шешендігі мен ақылгөй даналығы оны жерлестері арасында сый-құрметке бөлейді. Ахмет айтып еді деген қанатты, ғибратты, діни өсиет-насихатқа толы сөздер елден-елге тарайды.

Қожа Ахмет өмірінің соңғы жылдары Мәуераннаһр даласында дүрбелең, аламан-тасыр оқиғалар көбейген кезеңде өтті. Мұны Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген ғалым, академик М. Е. Массон да растайды. Ол «Қожа Ахмет Иасауидің заманында Орта Азия шығыстан келген мұсылман емес халық - қытайлардың (қарақытайлардың) шапқыншылығына ұшырады. Олар әуелі Шу бойын басып алып, онда орныққан сон, 1137 жылы Ходжент қаласының маңында Самарқанның ханы Махмудты (1137—1141), ал 1141 жылы Қатауан даласында самарқандықтар мен селжүктердің сұлтаны Санжардың (1118— 1157) біріккен қолын жеңіліске ұшыратты. Қарақытайлар өздері басып алған жерлерде мемлекет құрды. Олар бірте-бірте мұсылман дініне шек қойғандықтан, ислам өзінің бұрынғы беделінен айрыла бастады» [13] деп жазған.

Информация о работе Орталық Азиядағы араб және түркі халықтары мәдениетінің өзара ықпалдастығы (VIII-XII ғ)