ДІН СОЦИОЛОГИЯСЫ[1]
Елiмiзде дiн социологиясы
iлiмдерi соңғы жылдары ғана жандана,
негiзделе бастағанын ескерген
жөн. Бұл туралы пiкiрлерiмiздi баяндамас
бұрын, алдымен дiн социологиясының
зерттеу тақырыбы және дамуы
хақында айталық. Қысқаша айтқанда,
дiн социологиясы адамдардың дiнге
негiзделген әлеуметтiк қатынастарын
зерттейдi (Kehrer G. Religionssoziologie. – Berlin: Walter
de Gryter und Co., 1968). Әлеуметтiк қатынастардағы
дiннiң ықпалды рөлiн жоққа шығаруға
болмайды. Соңғы ғасырларда Батыс
қоғамдарында дiннiң нормативтiк
күшi шектелген сайын дiни феномендердiң
зерттелуi таза теология мәселесінен
гөрi социология, саясаттану, антропология,
құқық, психология сияқты эмпирикалық
iлiмдердiң зерттеу нысанасына
айналған. Сондықтан, дiн әлеуметтiк
феномен ретiнде социологтар үшiн
аса маңызды зерттеу объектiсi
ретiнде қарастырылуда. Дiн социологиясы
дiннiң кейбiр бағыттары бойынша
адамдарды белгiлi әлеуметтiк әрекеттерге
жетелейтiн қоғам сегменттерiнiң
пайда болуын зерттейдi. Мәселен,
белгiлi бiр дiннiң яки сектаның
(тариқаттың) мүшелерi өздерiнiң дiни
нанымдары негiзiнде белгiлi бір
әлеуметтiк іс-амалдарды жүзеге
асырып жатса, белгiлi бiр формада
киiнiп, белгiлi қоғамдық қатынастарға
түсiп жатса, бұл тiкелей дiн
социологиясының зерттеу саласына
кiредi.
Батыста дiн социологиясы
мынандай негiзгi зерттеу салаларына
бөлiнген:
1-Дiндердiң әлеуметтiк
тұрғыдан пайда болуының себептерiн
түсiндiру: негiзiнен ХIХ-ғасырдың
өзектi зерттеу саласы. Бұл салада
Х. Спенсер (Herbert Spencer, 1820-1903), Эдуард
Бернетт Тайлор (Edward B. Taylor, 1832-1917), Сэр
Жеймс Фрейзер (James Frazer, 1854-1941), Карл
Маркс (1818-1883) және Эмиль Дуркгейм
(Emil Durkheim, 1858-1917) қомақты еңбектер
жазған (Din Sosyolojisi, Der.: Yasin Aktay-M.Emin Köktaş, -
Istanbul: Vadi Yayınları, 1998, 130-152 беттер).
2-Шiркеу табының әлеуметтiк
һәм дiни өмiрiн зерттеу. Бұл
саланың белгiлi зерттеушiсi француз
Габриел Ле Брас (Gabriel Le Bras, 1891-1970).
3-Дiн мен зайырлы (светский)
қоғам арасындағы ықпалдасушылық.
Әсiресе, ХХ-ғасырда қызу зерттеулер
жүргiзiлген бұл саланың уәкiлдерi
Макс Вебер (Max Weber, 1864-1920), Йоахим
Вах (Joachim Wach, 1899-1955) және Г. Меншинг
(Gustav Mensching, 1901-1978). Дегенмен, ғалымдардың
басым көпшiлiгiнiң ортақ пiкiрi
– дiн социологиясының зерттеу
тақырыптарын бұлармен ғана шектеуге
болмайды. Ол құрамында «дiн» бар
әр түрлi әлеуметтiк феномендер
мен олардың себеп-салдарын зерттейдi.
Дiндердi зерттеген
Батыс социологтары дiннiң эмпирикалық,
бiрақ құндылық қоюшы емес ғылымнан,
эмпирикалық һәм құндылық қоюшы
идеологиядан және эмпирикалық
уә құндылық қоюшы емес философиядан
парықты қасиеттерi бар екенiн
анықтаған. Себебi, адамдардың дiннен
туындайтын әлеуметтiк қатынастарында
дiн анықтаған «киелi» және
«киелiден тыс» ұғымдар, ұстанымдар
уә мәмiлелердiң айтарлықтай маңызды
әсерi бар. Осы мәлiметтер негiзiнде
дiн социологиясы мына ғылым
салаларымен тығыз байланыста
болады: этно-социология, әлеуметтiк философия,
құқық, дін психологиясы, теология, әлеуметтiк
антропология, дiндер тарихы және феноменологиясы.
Ендi, дiн социологиясының
зерттеу әдiстерi туралы айталық.
Эмпирикалық, яғни тәжiрибеге
сүйенген iлiм ретiнде дiн социологиясы
нақтылы зерттеулер мен тәжiрибелердi
жүзеге асырады. Жоғарыда аталған
ғылым салалары тарапынан дайындалған
ғылыми материалдар негiзiнде
дiннiң әлеуметтiк сыр-сипаттары
жөнiнде тұжырымдар жасалады. Дiннiң
қоғам өмiрiндегi маңызды орны
уә ықпалын анықтаудағы ең
тиiмдi әдiс адамдармен сұхбаттар
жүргiзу (тiкелей кездесу әдiсi) және
дiни топтар мен секталардың,
маргиналды дiни ағымдардың (суфи
тариқаттары сияқты – М.Б.) ритуалдерi
мен жыйналыстарына қатысу және
тәжiрибе жыйнақтау (эмпирикалық
әдiс). Бұған қоса дiни мәтiндер
мен баспасөзде келтiрiлген дiни
ақпараттарды сұрыптау, талдау, герменевтикалық
сараптау пайдалы әдiстерге жатады.
Жыйналған материалдар сапалы
һәм саналы сарапқа салынбайынша
ғылыми нәтижелер шығаруға болмайды
дейдi белгiлi зерттеушiлер Эмиль
Дуркгейм, Макс Вебер және Б.
Малиновски (1884-1924).
Дiн социологиясы жөнiндегi
материалдарды сонау антикалық
дәуiр авторларының еңбектерiнен
ұшырастыруға болғанымен, қазiргi ғалымдар
бұл саланың ХIХ-ғасырдың бас
шенiнде қалыптасқанын атап айтады.
Дiн социологиясының негiзiн салушылар
Клауд Анри де Сен-Симон (Claud
Henri de Saint-Simon, 1760-1825), Август Комте
(Auguste Comte, 1798-1857) және Карл Маркс
(Karl Marx, 1818-1883) саналады.
Дiни iс-әрекеттер екi формада
жүзеге асырылуы мүмкiн: бiрiншiден,
кейбiр адамдардың яки тұтастай
қоғамның белгiлi уақыттарда белгiлi
iс-әрекеттердi жүзеге асыруы. Мұндай
жағдайда дiни өмiрдi ұйымдастырушы
дiни ұйымның болуы шарт емес.
Екiншiден, дiни iс-әрекеттердi белгiлi
ұйымдардың ұйымдастыруы (діни институт
– М.Б.) және олардың мән-мағынасын
белгiлеуi. Осы тұрғыдан алғанда
дiн социологиясы дiни ұйымдар
мен қоғамның әлеуметтiк тұрғыдан
талдауын мына мәселелер бойынша
жүзеге асырады:
1-дiни ұйымды сипаттау
2-дiни ұйымдардың тармақталуы
3-дiни ұйымдардың типологиясы
4-дiни ұйымдардың дамуы
5-дiни жамағатты сипаттау
6-дiни жамағаттың құрылымдық
жүйесi
7-дiни жамағат мүшелерiнiң
дiни ұстанымдары мен әрекеттерi
8-дiни жамағат пен қоғамның
ара қатынасы
9-дiни сипаттары бойынша
қоғамның әлеуметтiк таптарға
жiктелуi
10-әлеуметтiк жiктер жүйесінiң
дiнмен ара қатынасы
11-әлеуметтiк таптардың
спецификалық дiндарлығы
12-дiни көпшiлдiк және
әлеуметтiк таптарға жiктелу
13-дiн және әлеуметтiк
динамикалардың ара қатынасы.
Бұларға қоса, әсiресе
Макс Вебер «Протестант этикасы
және капитализмнiң рухы» атты
еңбегiнде дiннiң экономикалық
өмiрдегi рөлiн – экономикалық iс-әрекеттердегi
дiннiң рөлi, дiн және экономикалық
әдiс тақырыптары бойынша зерттеп,
Қытай, Жапон, Үндi және Еуропа
экономикаларындағы бұл елдердiң
дiни нанымдарының әсерiн талдаған
(Вебер М. Избранное образ общества.
– Москва: Юрист, 1994. 600-623 бб.).
Адамдардың саяси өмiрiндегi
дiни әрекеттер мен ұстанымдарды
зерттеу дiн социологиясының мiндеттерiне
жатады. Зерттеулер азаматтардың
дауыс беруiнде дiни факторлардың
айтарлықтай рөл атқарғандығын
дәлелдеген. АҚШ президентiнiң Библияға
қолын қойып ант беруi, АҚШ,
Австралия және Жаңа Зеландиядағы
орташа һәм төменгi ауқаттағы
католиктердiң көбiнесе солшыл
партияларға, ал жоғары ауқатты
буржувазияны құрайтын протестанттардың
көбiнесе оңшыл партияларға дауыс
беретiнi дiн мен саясаттың әлеуметтiк
қатынастарына мысал. Германиядағы
католиктердiң басым көпшiлiгi CDU (Christlische
Demokratische Union – Христиан демократиялық
одақ) партиясына, ал протестанттардың
басым көпшiлiгi солшыл бағыттағы
SPD (Германия социал-демократиялық
партиясы) партиясына дауыс беретiнi
анықталған. Түркиядағы жағдайға
келер болсақ, ұлттық-дiни ұстанымдарды
күштi сақтаған кедейлер мен төменгi
тұрмыстағы азаматтар дiни және
ұлттық бағыттағы партияларға,
ал әл-ауқаты жоғары және орташа
ауқаттағы азаматтар болса оңшыл
яки солшыл партияларға дауыс
беруде. Түркияда солшыл партияларға
дауыс беретiндер көбiнесе зайырлы
қоғамды жақтаушылар мен сүнни
топқа жатпайтын азаматтар һәм
кірмелер.
Дiн социологиясының
ендiгi зерттеу саласы – жанұя
қатынастарындағы дiннiң рөлi. Бұл
сала жанұяның дiни-әлеуметтiк
тұтастығын, жанұя өмiріндегi дiн
факторының рөлi мен дiни ритуалдердi
(үйлену, ажырасу, жанұя құрылымы,
өлiм, балалардың жыныстарына
қарай тәрбиелену ерекшелiктерi,
жанұядағы қарт мүшелердiң орны,
экзогамия-эндогамия, полигамия-моногамия,
туыстық қатынастардағы дiннiң
әсерi т.т.) жан-жақты зерттейдi. Дiн
социологиясы, сонымен қатар, дiн
және әлеуметтiк қақтығыстардың
ара қатынасын анықтаумен де
шұғылданады. Алуан этникалық
топтар мен діндерден құралған
Қазақстандық зерттеушiлер үшiн
бұл сала тың һәм маңызды...
Бiзде дiн социологиясы,
оның iшiнде ислам социологиясы
саласындағы зерттеулер ендi-ендi
бастап келе жатқанын айта
кеткен жөн. Мұның себебi ретiнде
дінге қарсы негізделген бұрынғы
томаға-тұйық қоғамның әсiре позитивист
һәм «профан» ұстанымдары мен
Батыстың отарлау жүйесінiң осы
саладағы өзiнiң үстемдiгiн дәлелдеуге
бейiмделген бiржақты шолақ харекетiнiң
салқын ызғарын айтуға болады.
Бiзде жалпы дiн мәселесi көп
жылдар бойы еленбей келе жатқан
күрделi де маңызды ғылым саласы.
Дiн дегенде тек дiннiң ғибадат
жағын яки естен танып зікір
салуды ғана ойлайтындар бар.
Ал, жоғарыда есiмдерi аталған Батыс
зерттеушiлерiнiң еңбектерiнде ислам
дiнi туралы материалдар тым
аз һәм көбiнесе бұрмаланған
түрде келтiрiлген. Батыс зерттеушiлерi
көбiнесе Үндiстан, Қытай, Африка,
Солтүстiк уә Оңтүстiк Америка
мен Тынық Мұхит аралдарындағы
отарланған тайпаларды зерттеумен
һәм олардың қаншалықты «тұрпайы»
екендiктерiн анықтаумен келген.
Ең мәшһүр ғалымдардың өзiнiң
еуропа-центризмге яки этноцентризмге
негiзделген бақылаулардан аса
алмағанын көресiң...
Батыс елдерiнде дiн
социологиясы туралы туындылардың
ХIХ-ғасырдан бастап жазылғанын
жоғарыда айтқанбыз. Алайда, мұсылман
елдерiнде бұл сала бойынша
алғашқы материалдардың пайғамбарымыз
Әз Мұхаммедтен (с.а.у.) кейiнгi ғасыр