Батыс түрік және түргеш қағанаттары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Декабря 2011 в 10:42, реферат

Краткое описание

Батыс Түрік қағанаты - Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 - 704). Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Батыс Түрік қағанатының негізін Торэмен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар.

Содержимое работы - 1 файл

Батыс түрік және түргеш қағанаттары.doc

— 93.50 Кб (Скачать файл)

      Батыс түрік және түргеш қағанаттары

    Батыс Түрік қағанаты - Түрік қағанаты ыдырап, екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекеті (603 - 704).       Түрік қағанатында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшаулану үрдісінің күшеюі, Шығыс және Батыс қағанаттарының құрылуына алып келді. Батыс Түрік қағанатының негізін Торэмен қаған қалаған деген ғылыми дерек те бар. Аумағы Алтай, Сібір жерінен бастап, Әмудария мен Еділ өзендерінің төменгі ағысына дейінгі аралықты қамтыған. Саяси ахуалдарға байланысты шекара өзгеріп тұрғанымен Батыс Түрік қағанатының негізгі аумағы ежелгі үйсін жері, Жетісу өңірі болған. Батыс Түрік қағанатының халқы “он оқ елі” (он оқ бұдұн), “бес арыс дулу”, “бес тайпалы нушеби” деп те аталған. Қағанаттың құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, шығылдар (шігілдер), чомулдар (шөмекейлер), тухсилер, т.б. енді. Батыс Түрік қағанатының мемлекет басшысы - қаған жоғары билеуші әрі әскербасы саналды. Ол мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық жүргізді, ру басшыларын тағайындады. Қарапайым халық “қара бұдұн”, ал әлеум. құрылымның ең төм. сатысының тәуелді тобы “тат” деп аталған (қ. Тат). “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген көне мәтелге қарағанда түркі шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған. Батыс Түрік қағанатында көшпелі мал шаруашылығы басым сала болды. Сонымен бірге Іле, Шу, Талас өзендері бойында егін ш. дамыды. Ежелден егіншілікпен айналысқан. Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы аймақтар да Батыс Түрік қағанатына қараған. Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағанатын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал жасады. Құлан, Навакет, Суяб, Тараз, Меркі, Испиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары ретінде әйгіленді. Қағанаттың халықаралық экономикалық және саяси байланыстар аясына тартылуына соғдылық көпестер үлкен рөл атқарды. Жетісуда егіншілік мәдениеті, құрылыс өнері, түрлі қолөнер кеңінен дамыды. Түркілер теңге соғуды игерді. Теңгелер түркі қағандары атынан соғылғанымен, олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Батыс Түрік қағанатында жазба мәдениет дамып, әдеби дәстүр қалыптасты. Батыс Түрік қағанатының халқы Көк тәңіріне, Ұмай анаға, Жер анаға, Су анаға тағзым етті. Қағанатқа Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік діндерді уағыздаушылар ене бастаған. 626 жылы қаған ордасына Үнді елінен Будда дінін уағыздаушы Прабхакарамитра он шақты серігін ертіп келген. 627 жылы келген қытайлық будда мамасы Сюань Цзянь түрік қағанының будда діні жөніндегі көзқарасы туралы жазып қалдырған. Сондай-ақ, Батыс Түрік қағанатында зороастра, несториан, манихей діндерін жақтаушылар да болған. Бұлардың қызметі халықты түрлі діндерге тартып, қағанаттың негізі—дәстүрлі діни наным-сенімді әлсіретуге, сол арқылы мемлекетті ыдыратуға бағытталған. Батыс Түрік қағанаты Шегуй (610—18) мен Түн жабғу (618—30) қағандар тұсында күшейіп, мемлекеттің шекарасы кеңейе түскен. Шегуй қаған шығыстағы шекараны Алтайға дейін жеткізіп, бүкіл Тарым жазығы мен Памирге дейінгі аймаққа өз билігін жүргізген. Шегуйдің інісі Түн жабғу қаған мемлекеттің батыстағы шекарасын кеңейту саясатын жалғастыра отырып, өзінің қысқы тұрағын Суябқа көшіріп, ал Мыңбұлақ деген жерді жазғы қонысына айналдырған. Жаңа жорықтар қағанат аумағын Әмударияның жоғарғы ағысы мен Гиндукушқа дейін жылжытуға мүмкіндік берген. Мұндай кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін Түн жабғу әкімшілік басқару реформасын жүргізген. Шығыс Түркістан мен Орталық Азиядағы жергілікті билеушілерге түркілік лауазымдар беріп, оларды өзінің орынбасарлары етіп тағайындаған. Сондай-ақ, қағанатқа бағынышты елдерге қатаң саяси бақылау орнату мақсатында қағанның қазынасына түсетін алым-салықты жинайтын өзі бекіткен бақылаушыларды (тудундарды) жіберіп отырған. Орталық Азияда өз ықпалын арттыру үшін Самарқан билеушісіне өз қызын тұрмысқа берген. Тохарыстанға өзінің ұлы Тарду шадты билеуші етіп қойды. Белсенді сыртқы саясат жүргізіп, 625 жылы Парсы еліне қарсы Византиямен келісімшартқа отырған. Түн жабғу император Ираклийдің Кавказға жасаған жорығына (628 — 29) қатысып, жаулап алған жерлерден Горе (Дербент) мен Тбилиси сияқты қалаларды өз үлесіне алады. Түн жабғудың әскери жетістіктеріне риза болған Ираклий Тбилиси қаласы түбінде оған өз тәжін кигізіп, қызы Евдокияны тұрмысқа беретінін мәлімдеген. 630 жылы түріктер Арменияға басып кірген. Бірақ қағанаттағы ішкі қайшылықтарға байланысты Кавказда көп тұрақтай алмай, кері қайтып кеткен. Толассыз жүргізілген жорықтар мен алым-салықтардың ауыртпалығына наразы болған халықтың бой көтерулерін сыртқы жаулар өз пайдасына пайдаланып отырған. Кейбір тайпалар Таң империясы қол астына өтіп кетіп отырған. Таң империясы оларға барынша қолдау көрсетіп, басшыларына шен-шекпен, мансап беріп, әскери күшке айналдырып, қағанатқа қарсы жұмсады. Шығыс түрік қағанаты Бесбалық қаласын басып алған соң, Ертіс бойындағы қарлұқтар, іле-шала дулулар орталық билікке қарсы көтеріліске шықты. Осы ахуалды пайдаланып, иеліктер арасындағы соғысты тоқтату керек деген желеумен ықпалды әскербасы Күлбагатур (Сыбихан Мохэду) 630 жылы Түн жабғуды өлтіріп, өзін қаған деп жариялайды. Көп ұзамай, 631 жылы дулу мен нушеби тайпаларының билікке таласы кезінде Күлбагатур өлтірілген. 630-34 жылдары қағандық Орта Азиядағы, Сырдария аймағындағы иеліктерінен айырылды. Дулу мен нушебилер арасындағы 638 жылғы қантөгістен соң, олардың арасындағы шекара Іле өзені арқылы өтіп, қағанат оң және сол қанатқа бөлінді. Тайпааралық соғыстар 17 жылға (640 — 57) созылды, бұл қытай әскерлерінің баса-көктеп кіруіне қолайлы жағдай туғызды. 656 жылы Ашина Хэлу қаған қытай әскери қолбасшысы Су Динфаннан жеңілгеннен кейін Батыс Түрік қағанаты Таң империясының ықпалына түсті. Бұдан кейінгі жерде Батыс Түрік қағанатын Таң империясы әкімшілік аймақтарға бөліп, бұрынғы түрік қағандарының қытайланған ұрпақтарынан басқақтарды — “қуыршақ қағандарды” тағайындап отырды (қ. Ашина Буяжен, Ашина Мижелі, Ашина Суйцзы). Дегенмен олардың ішінде Дучжы (Дучжи хан, Ашина Дучжы) қаған (басқақ) отарлық езгіге қарсы шығып, елді бостандыққа жеткізуге ұмтылды, бірақ мақсатына жете алмады, 679 жылы қытайлықтар оны алдап қолға түсіріп, қорлап өлтірді. Батыс Түрік қағанатының соңғы 23-қағаны Синь (Ашина Синь) 704 ж. Құлан қаласында түргештердің басшысы Үшлік (Учжилэ, Үшелік) қолынан қаза тапты. 704 жылы Батыс Түрік қағанатының орнына Түргеш қағанаты құрылды.

Еуразияның  аса үлкен бөлігін қамтыған, әртүрлі тілдерде сөйлейтін және әртүрлі этностарды күшпен біріктірген көшпелілердің әскери империясы болып табылатын ұлы Түрік қағанатын бір орталықтан басқару қиынның қиыны еді. Өздері мұздай сауытпен құрсанған, бақайшағына дейін қаруланған қуатты әскерге сүйенген жоғарыдан төменге дейін ел басқарған қағандар, тегіндер, шадтар, ябғулар, елтеберлер, тұтықтар және жергілікті рулық-тайпалық бірлестіктерді басқарған бектер үлкен қиыншылықпен қол жеткізген арайлы тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең түсіне қойған жоқ.  

Мансапқорлық  пен таққұмарлық  елді билеген Ашына  әулетінің ұрпақтарын меңдеп алып, емі  жоқ «ауруға» айналды. Осындай мерез  пиғылға тосқауыл қою үшін кезінде  данагөй Ашына  Мұқан қаған әкесінің орнына баласы таққа  отыратын дәстүрді бұзып, ағаның тағына іні отыратын жаңа салтты енгізген еді. Осылайша қаған ауысқанда таққа сарыауыз жас бала емес, ақыл тоқтатқан азамат ие болатын болды.

  Алайда айтарлықтай  өсіп-өнген және  қажетті деңгейдегі  билікке қол жеткізе  алмаған Ашына  әулетінің өкілдері мемлекеттің тәуелсіздігінен гөрі өздері басқаратын аймақтардың тәуелсіздігін жоғары қоятын болып алды. Олар жергілікті жерлерден рулық-тайпалық негізде құралған айтарлықтай қуатты да садақты әскерлерімен жоғарғы билікті басып алуға болады деген зиянды пікір жетегіне ілесті. Мұның өзі оларды өзара ішкі соғыстарға алып келді. Нәтижесінде қағанат ішінде әртүрлі аймақтарды басқаратын бірнеше қаған қатарласа пайда болды. Бұл шырғалаң 20 жылдан астам уақытқа созылып, ақырында 603 жылға қарай Ұлы қағанаттың екі мемлекетке – Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаттарына бөлініп кетулеріне алып келді.

  Түріктердің сорына  қарай дәл осы  тұста, бұрын Қытайды  бытыраңқылықта ұстап  келген Сәнбилердің  Тоба әулеті тақтан  тайдырылып, оның  орнына қытай нәсілін  жедел біріктіріп  күшейтуді қолға алған қытайлық Суй әулеті (583-638 ж.ж.) өкілдері билікке келді. Олар өздерінің байырғы ата жаулары түріктерге қарсы «алыстағысымен бірлесіп, жақындағысына қарсы тұру, күштісінен бой тасалап, әлсізімен бірлесу» саясатын ұстанды. Бұл, әрине, жаңалық емес болатын. Көшпелі түріктердің өздері де мұндай арандату әдісін өзінің жауларына қарсы талай рет қолданған еді. Мұның өзі шын мәнінде дұшпандар арасына іріткі салып қана қоймай, оларды әдейі бөлшектеп, өзара іштей қақтығыстыратын бағыт еді. Түріктердің өзара жауласып, екі қағанатқа бөлініп кетулері олардың ішкі саясатына Қытайдың араласуын күшейте түсті.

  Бұған қолайлы  жағдай 603 жылы түркітілдес  он Телес тайпалары  біртұтас Түрік  қағанатын 599 жылдан  бері билеп келген  Қара Шұрын Түрікке  қарсы көтерілгеннен кейін қалыптасты. Ол көтерілісшілерден бейтарап аймақ Тогонға қашып құтылды. Енді екіге бөлінген елдің Шығыс қағанатындағы билікке Жоңғар келсе, ал Батыс қағанат тағына Тарман отырды. Тарман Қара Шұрынның хансу әйелінен туған еді және әкесіне қарсы бас көтергендерді қатал жазалаумен жүйелі түрде айналысты және өзінің ішкі саясатын Дулу тайпалық одағына біріккен бес түрік тайпаларына сүйене отырып жүргізді. Анасы қытайлықтардан болса да, Тарман Батыс түріктерін қытайлықтарға тәуелсіз елге айналдыру үшін барынша күресті. Бас қаған болып алған Шегуйдің тұсында Батыс түрік қағанаты қайта күшейіп, бұрынғы шеттеп кеткен аймақтарын күшпен қосып алып, дербес елге айнала түсті. Басқа түркі қағандары тәрізді Шегуй қаған да қытайдан әйел алып, осы елмен бейбіт қатынасты жолға қойды. 618 жылы ол қайтыс болғанда орнына отырған інісі Тоң ябғу көп кешікпей-ақ бұрын өз беттерінше Жоңғария аймағында бөлек конфедерация құрып, бөлініп кеткен Телес тайпалық бірлестігін қағанат құрамына қайтарды. Бүкіл Орта Азия Солтүстік Батыс Индияға дейін, Оңтүстік-Шығыс Еуропа далаларынан Ауғанстанға дейінгі үлкен аймақ батыс түріктерінің ықпалына түсті. Өмір бойы шығыс түріктерімен соғысып өткен Тоң ябғу ақыры Батыс түрікті дербес әскери империяға айналдырды. Садақты әскерін жүз мың адамға жеткізген ол батыста Византиямен, оңтүстік-шығыста Қытаймен бейбіт келісімге қол жеткізді. Бұл Батыс Түрік қағанатының шын мәнінде қайта өрлеу кезеңі еді. Солай бола тұрса да, үлкен саясатта Тоң ябғу тайпалық этникалық мүдде аясынан шыға алмай, шын мәнінде, Бес Нүшеби тайпалық бірлестігінің көсемі деңгейінде қалып қойды. Сондықтан да оған қарсы Бес дулу бірлестігі, Қара Ертістегі қарлықтар көтеріліске шықты. Жергілікті жерлердегі осындай көтерілістерге Тоң ябғудың немере ағасы Бағашұрдың басшылық жасауы жағдайды күрделендіре түсті. Ақыры қаған осы туысының қолынан қайтыс болды. Бұл оқиға бір деректерде 628 жылы болған деп көрсетілсе, басқа бір деректерде 630 жылы орын алды деп көрсетіледі.

  Көтеріліс жасаған  Дулулардан бас  сауғалаған Тоң  ябғудың ұлы Тұра тегін әкесін қолдаушы Бес Нүшебилерге қашып барды. Олар болса биліктен ажырап қалмау үшін, оны қайтыс болған әкесінің орнына Ел Білге Ышбара қаған деген атпен қаған көтерді. Алайда ол қанша тырысса да қағанат ішіндегі ішкі тартысты баса алмады. Бұл саяси оқиғаларға Қытай да белсенді түрде араласа бастады. Оларда бұл тұста биліктегі Суй әулеті тақтан тайдырылып, оның орнына Таң әулеті келіп, соңғылар күшейе бастаған еді. Қытайдағы жаңа патшалық Батыс Түрік қағанатындағы, яғни «Он оқ еліндегі» 635 жылдан бастап Бес нүшеби және Бес түрік Дулу болып екіге бөлінген және билік үшін өзара тартысқан келеңсіз ахуалды өздерінің мүдделеріне шебер пайдалана білді. Олар айтысушыларды жасырын түрде өзара айдап салып, одан сайын бір-біріне қарсы арандата түсті.

  Қатты жауласып алған түркілердің аталған тайпалық бірлестіктерінің әрқайсысы өздерін қытайлықтар шын ниетпен қолдап отыр дегенге сенімді болып, қағандарын қайта-қайта ауыстырумен әуестеніп алды. Осылайша Батыс Түрік қағанаты тәуелсіздіктен мүлде айырылып, Қытайдың Таң империясының, яғни табғаштардың қоластына өтті. Тарих сабағы тәуелсіздік қадірін білмеген мемлекеттің одан оп-оңай айырылып қалатынын тағы да дәлелдеді.

  Білге қағанға  қойылған VІІІ ғасырдағы  ескерткіште бұл  туралы былай жазылған: «…інісі ағасындай болмады. Ұлы әкесіндей болмады. Біліксіз қағандар [таққа] отырды. Әлсіз қағандар [таққа] отырды. Бұйрықтары (қолбасшылары) да біліксіз, әлсіз болған еді. Бектері, халқы түзу болмағаны үшін, табғач қағанның алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендіктен, інілі-ағалының кектенгендігінен, бектер мен халықтың ымырасыздығынан түрік халқы орнатқан елінен айырылды. Хандық құрған қағанынан айырылды. Табғач халқына бек ұлдары құл болды. Сүліктей қыздары күң болды. Түрік бектері түрік атын жойды. Табғачшыл бектер табғач атын тұтынып, Табғач қағанға бағынды».

  Бүгінде тәуелсіздігіміздің  көк туы желбіреп  тұрғанда біз әңгімелеген  қайғылы тарих  бізді терең ойландыруы, жан-жақты толғандыруы  тиіс. Бабалар қателігін  қайталамау, олардың  ата жауларына сенгіш аңғалдығынан арылу – жаңа ұрпақтар алдында тұрған қасиетті де қастерлі міндет.

                        

                   Түргеш қағанаты (704-756 жж.)

      Батыс түрік қағанатындағы 16 жылға созылған (640-657 жж.) екі тайпаның (Дулу мен Нишаби) арасындағы соғыс қағандықтың саяси жағынан мүлде әлсіретеді. Батыс түрік қағанатының мұндай іштей әлсіреп жатқанын білген Қытай Тан империясы оның жеріне басып кіреді. Түрік тайпалары, әсіресе, түргештердің саяси белсенділігінің арқасында өздерінің ұзақ жылдарға созылған соғыстың нәтижесінде тәуелсіздігін жеңіп алады. Сөйтіп, VIII ғасырдың басында Батыс түрік қағандығы құлап, оның орнына түргеш қағандығы пайда болады (704 ж.). Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрішадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Бесбалыққа дейін төселіп жатқан жерде өз үкіметін орнатады. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды. Оның екінші ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында болатын.  

      Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы атағы Басқағанның қолында болды. Ол қағандықты 20 әкімшілік аймақтарға бөлген. Әрбір әкімшілік аймақты тархандар басқарған, аймақтар 7000 әскер жинаған.  

     Түргеш қағанатында Үш-Еліктен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711 жж.) таққа отырды. Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмады. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да аса қиын еді. Сақал-қаған тұсында түргештер батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы табанды күрес жүргізіп жатты, оңтүстікте оларға тан әулетенің әскері зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыс жағынан орталық Азия түріктері айбат шегумен болды. Шығыс түріктер қағаны Қапаған 711 жылы Болучу түбінде (Жөңғария) өткен соғыста түргештерді күйрете жеңеді, ал түргештердің қағаны Сақал тұтқынға түседі.  

     Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетіп, оның ішінде шапыш тайпасының тарханы Сұлық (Сұлу) қаған болады (715-738 ж.ж). Ол астанасын Тараз қаласына көшіреді.  

   Сұлудың қағандық  құрып тұрған кезде  түргеш қағандығының  ішкі-сыртқы жағдайының  шиеленісіп тұрған  мезгілі еді.  

   Сұлу қағанға өз  қағандығының тәуелсіздігі  үшін екі жақтан  күрес жүргізуге  (батысқа және  шығыска) тура  келді. Батыстан  басты жау арабтар  болса, шығыстан  Қытай өкіметі  қауіп төндіріп  турды. 

     

   Сұлық қаған Тохарстандаға  арабтарды біржола  талқандау үшін 737 ж. ондағы қарлұқтармен бірлесе отырып, ойдағыдый соққы берген. Ол соғыс майдандарында өзінің тікелей қатысуымен жеңістерге жетіп отырған. Сол үшін де арабтар Сұлу қағанға «Сүзеген» деген ат қойған.  

   Сұлу қаған шығыстағы  жағдайында бейтарап  болу үшін әскери келісім шарт жасаумен қатар дипломатиялық әрекеттер жүргізген. Шығыс түрік қағанатының белгілі қағаны Білге мен Тибет патшасының қыздарына құда түсіп, оларды құдандалық байланысты ұстап, саяси жағдайының шиеленісіп кетпеуіне аз да болса мүнкіндік туғызған.  

   Халықаралық жағдайлардың  түргеш қағандығының  пайдасы үшін шешілуіне  саяси белсенділік  көрсетіп жүрген  Сұлу қаған Жетісуға  оралған кезде  738 жылы өзінің  бақталастарының  қолынан құрбан  болды. Оның қолбасшысы  да 739 жылы Сырдарияның  бойында арабтардың қолында мерт болды.  

   Сұлудың орнына  оның баласы Тұқарсын  Құт-шар қаған  болды. Алайда  оның қағандық  құрған мезгілі  бар-жоғы екі жылға  ғана созылған. Бұл  кезде сары-қара  түргештердің арасындағы  талас-тартыс ұшығып  кеткен еді. Екі  тайпаның арасындағы күрес тура 20 жылға созылып қағандықтың саяси және экономикалық жағы мүлде әлсірейді.  

Информация о работе Батыс түрік және түргеш қағанаттары