Автор работы: Пользователь скрыл имя, 17 Февраля 2012 в 13:24, реферат
Франция – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет,жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен – Пьер мен Микелон) және т.б. жатады.
Франция – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет,жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен – Пьер мен Микелон) және т.б. жатады. Жалпы ауданы 127 мың км2 болатын бұл иелікте 1,5 млн адам тұрады. Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрылықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік – шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік – батыста Испания және Андоррамен шектеседі. Еуропалық Одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым – қатынастарының дамуына оң әсер етеді.Францияның теңіздік шекаралары Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден – ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды. Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады, әкімшілік – аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады. 1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі – Бесінші республиканы орнатты. Франция республикада президенттің айрықша зор өкілеттілігі бар,ол елдің сыртқы саясатына қатысты мәселерді шешеді. Президент тағайындаған премьер – министр үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап береді.Елдегі заң шығарушы орган – екі палатадан сенат және ұлттық жиналыс тұратын парламент.
Францияның ең үлкен қалалары
Қала Адамдар саны
Париж 2,1 млн
Марсель 1,6 млн
Лион 1,4 млн
Лилль 1,3 млн
Тулуза 1,1 млн
Ницца 900 мың
Нант 577 мың
Тулон 253 мың
Тарихы
Наполеон Бонапарт
Франция аумағын адамдар ең ежелгі заманнан бастап мекендеген. Палеолит пен мезолиттің ғылымға белгілі негізгі мәдениеттерінің бірқатары Франциядағы жер атауларына байланысты (шелль, ашель, мустье, ориньяк, солютрей, мадлен, азиль, тарденуаз). Оңтүстік Франциядағы палеолит кезеңіне тән үңгірлер (Фон-де-Гом, Ласко, Монтеспан, т.б.) жартастарға салынған суреттерімен көпке танымал. Ерте палеолит дәуірінде Франция аумағында кампиния мәдениеті тайпалары өмір сүрген (б.з.б. 6 — 4 мыңжылдықтар). Сена, Уаза, Марна өзендерінің алаптарынан алғашқы егіншілік құрал-саймандары (б.з.б. 3-мыңжылдық) табылды. Б.з.б. 6 — 5 ғасырларлардан бастап б.з. 1-мыңжылдықтың соңына дейін Франция аумағына кельт тайпалары қоныстанды. Римдіктер оларды галлдар деп атады, сондықтан бүкіл ел Галлия атанды. Оңтүстік-батыста негізінен иберлер тұрды, б.з.б. 6 ғасырдан бастап Жерорта теңізі жағалауларына гректер өз иеліктерінің негізін қалады. Олардың ішінде негізгісі — Массалия (қазіргіМарсель) болды. Б.з.б. 2 ғасырдың соңы — 1 ғасырдың ортасында Галлияны римдіктер жаулап алды. Галлдар Рим империясына қарсы ерлікпен шайқасты. Дегенмен, күш тең емес еді. Рим үстемдігі елдің көп бөлігінде өндірістің дамыған құл иеленушілік әдісінің орнығуына себеп болды, көптеген қалалар салынды (Лион, Ним, Бордо, т.б.). 2 — 4 ғасырларда Францияда христиан діні таралды. Романдану процесінің нәтижесінде кельт тілдерін латын тілі ығыстырып шығарды. 3 ғасырда басталған Рим империясындағы саяси дағдарысқа байланысты Галлияда тауарлы өндірістің көлемі қысқарып, Италиямен экон. байланыстар әлсіреді. 4 — 5 ғасырларда герман тайпаларының баса-көктеп кіруі ел аумағындағы Рим үстемдігін түпкілікті жойды. Жаңадан бургундтардың (406), вестготтардың (418) мемлекеттері құрылды. 486 ж. франктер Галлиядағы соңғы рим иелігін басып алды (қ. Франк мемлекеті, Карл). 10 ғасырдан бастап ел Франция деп атала бастады. 987 ж. франк тағын Капеттер әулеті иеленді. Біртұтас корольдік іс жүзінде бір-біріне тәуелсіз көптеген иеліктерге бөлініп кетті. 10 ғасырда бір-біріне туыстас екі ірі халық — Луара өзінінің солтүстігіне қарай солтүстік француз және оңтүстікте, Бретань түбегіне бретань халқы қалыптасты. Алғашында король иелігі (домен) Францияның солтүстік бөлігіндегі Париж бен Орлеанның айналасында ғана болды. 11 — 12 ғасырларда крест жорықтарына байланысты оңтүстіктегі қалалардың (Бордо, Тулуза, Ним, Марсель, т.б.) гүлденуі басталды. Егіс көлемі артып, дәнді дақылдардың сорттары мен мал тұқымы жақсарды. Қолөнер (әсіресе, шұға тоқу) жоғары дамыды. Солтүстік Франциядағы қалалардың дамуы мен жеке аймақтар арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюі елдің бұл бөлігіндегі саяси бытыраңқылықты жоюға маңызды алғышарттар жасады. 13 ғасырдың бас кезінде Англия корольдігі Солтүстік Францияның көпшілік бөлігінде билік құрды. 13 ғасырдың 2-жартысында елдің орталықтануы күшейіп, Париж оның саяси және экон. орталығынана айнала бастады. 14 ғасырдың бас кезінде король иелігі елдің көпшілік бөлігін алып жатты. 1302 ж. үш сословие өкілдерінен құрылған — Бас Штаттар шақырылды. Ол ортталық өкімет билігінің күшеюіне қызмет етті. Бірақ Жүз жылдық соғыс Францияның дамуын тежеді. Соғыс қимылдары, тонау, салықтардың өсуі халықтың азаюына, өндіріс пен сауданың құлдырауына алып келді. 15 ғасырдың 2-жартысынан бастап Франция экономикасы біртіндеп қалпына келе бастады. Король билігі нығайып, елге жаңадан Бургундия, Пикардия, Ниверне герцогтіктері қосылды. 15 ғасырдың соңында Прованс пен Бретань бағындырылды. 16 — 17 ғасырларда Франция Батыс Еуропадағы үстемдік үшін Габсбургтер әулетімен (“Қасиетті Рим империясы” және Испаниямен) соғыстар жүргізді. Ұзаққа созылған сәтсіз соғыстар, елдің материалдық ресурстарының елеулі сарқылуы, салықтардың өсуі мен экономиканың кері кетуінің нәтижесінде терең қоғамдық-саяси дағдарыс қалыптасты. Халықтың әр түрлі топтарының әлеуметтік наразылығының идеологияның негізі сол кездегі кең тараған кальвин ілімі болды (бұл ілімді жақтаушыларды гугеноттар деп атады). Ел католиктер мен гугеноттар болып екіге жіктелді. Олардың абсолютизммен және өзара күресі ұзаққа созылған азамат соғысына (“Діни соғыстарға”) ұласты. Оның шарықтау шегі — 1572 ж. 24 тамызда Парижде гугеноттарды жаппай қырғынға ұшырату болды (“Варфоломей түні”). Билікке келген Бурбондар әулеті діни соғыстарды тоқтатып, католик дінін Франциядағы ресми дін ретінде бекітті, ал гугеноттарға дін ұстану еркіндігі берілді. Людовик XIV кезінде Францияны іс жүзінде бірінші министр кардинал А.Ж.П. Ришелье биледі (1634 — 48). Ол король билігін елеулі нығайтып, елдің орталықтануын күшейтті. Отыз жылдық соғыстың нәтижесінде Франция өзіне Эльзасты қосып алып, Еуропадағы ең қуатты монархияға айналды. 1701 — 1714 ж. испан тағы үшін болған соғыста Англия, Австрия мен олардың одақтастары Францияның Еуропадағы үстемдігіне тосқауыл қоюға тырысты. Жеті жылдық соғыста (1756 — 63) Франция Үндістан мен Канададағы отарларының көпшілігінен айрылып, Ұлыбританияға беруге мәжбүр болды. 1789 ж. басталған Француз революциясы нәтижесінде монархия мен феод. тәртіптер жойылып, Бірінші республика жарияланды. 1792 ж. революциялық соғыстар басталды. Ол Наполеон Бонопарттың билікке келуімен және Еуропаны түгел қамтыған соғыстың нәтижесінде Францияның жеңілуімен аяқталды. Елде король билігі қалпына келтірілді. 1848 ж. ақпан революциясының нәтижесінде Екінші республика орнады. Либералдар мен социалистердің арасындағы жанжалды пайдаланған Луи Наполеон 1852 ж. Екінші империяны жариялап, таққа отырды. 1870 — 1871 ж. Франция — Пруссия соғысының нәтижесінде Франция Эльзас пен Лотарингиядан айрылып, Екінші империя жойылды. 19 ғасырдың соңында отаршылдық империяның құрылуы негізінен аяқталды. 1914 — 18 ж. бірінші дүниежүзілік соғысқа Франция Антантаның құрамында қатысты. 1919 ж. Версаль бітім шарты бойынша Францияға Эльзас пен Лотарингия қайтарылды. 1920 — 30 ж. елде экономикалық дағдарыстар жиі-жиі болып тұрды. Нәтижесінде жұмысшы қозғалысы күшейіп, фашистік ұйымдар құрылды. 1936 ж. Халықтық майдан құрылып, фашистік ұйымдарға тыйым салынды, еңбекшілердің жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар (40 сағаттық жұмыс аптасын, ақысы төленетін демалыс енгізу, т.б.) жүзеге асырылды. 1938 ж. Халықтық майдан ыдырады. Екінші дүниежүзілік соғыс Франция үшін сәтсіз басталды. 1940 ж. Францияны Германия оккупациялады. Министрлер кабинетінің жаңа төрағасы маршал Анри Петен Германиямен бітімге қол қойып, елді екі аймаққа бөлуге келісті. Оның біреуі — немістер басып алған Солт. және Оңтүстік-батыс Франция аумағы болса, екіншісі Францияның қалған бөлігі мен теңіздің ар жағындағы аумақтар енген, астанасы Виши қала болған автономды француз мемлекеті атанған аймақ болды. Маршал Петен осы француз мемлекетінің президенті болып тағайындалды. 1944 ж. Францияны одақтастар әскері азат етті. Алжирдегі Француз Ұлттық азат ету комитеті өзін Француз Республикасының Уақытша үкіметі деп жариялады. 1946 ж. Төртінші республиканың конституциясы қабылданды. 1949 ж. Фрацния НАТО-ның құрамына кірсе де, 1966 ж. оның әскери құрылымынан шықты. Соғыстан кейін Ф-ның отарлық жүйесі ыдырай бастады. 1954 ж. сегіз жылдық соғыстан кейін Ф. Үндіқытайды тастап шықты. 1954 ж. 1 қарашада Алжирде ұлт-азаттық көтеріліс басталды. 1956 ж. наурызда Франция Марокко мен Тунистің тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. 1956 ж. қарашада Франция Египетке қарсы ағылшын-француз-израиль агрессиясына белсене қатысты. Осындай қиын жағдайда 1957 ж. Батыс Еуропадағы бірнеше мемлекет “Ортақ рынок” құру жөнінде шарт жасасты. Дегенмен, Алжирдегі сәтсіздіктер, Суэц арандатушылығының күйреуі, әскери шығындардың көбеюі Төртінші республиканың дағдарысына әкеп соқты. Армия мен елде реакциялық күштер бас көтерді. 1958 ж. мамырда олар Алжирде республикаға қарсы бүлік бастады. Алжирдегі француз армиясының басшылығы да бүлікшілерге қосылып, генерал Шарль де Голль бастаған “Ұлттық құтқару” үкіметін құруды талап етті. 1 маусымда Ұлттық жиналыс Голльдің төтенше өкілеттілік жөніндегі заң жобаларын мақұлдады. 1958 ж. Бесінші республиканың конституциясы атқарушы билік құқықтарын кеңейтті. Президент Ұлттық жиналысты тарату мүмкіндігіне ие болып, референдум өткізуге, заң жобаларын ұсыну, төтенше жағдайларда бүкіл өкімет билігін өз қолына алуға құқылы болды. 1958 ж. 21 желтоқсандағы сайлаудың нәтижесінде Голль президент болып сайланды. 1958 — 60 ж. Африкадағы француз отарлары — Гвинея, Судан, Сенегал, Мадагаскар, Дагомея, Нигер, Жоғарғы Вольта, Піл Сүйегі жағалауы, Чад, Орталық Африка Республикасы, Конго, Габон, Мавритания, Того мен Камерун тәуелсіздікке ие болды. 1962 ж. ұзаққа созылған соғыстан кейін Алжир толық тәуелсіздікке қол жеткізді. 1960 — 90 ж. Франция экономикасы дамыған, демократ. қоғамы толық қалыптасқан әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. 1981 ж. ел президенті болып бірінші рет социалист Франсуа Миттеран сайланды. 1995 жылдан ел президенті Жак Ширак болды.
Өнеркәсібі
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Франция үкіметі соғыста күйзелген экономикасын қалпына келтірумен қатар,өндірістің мүлдем жаңа салаларын дамыта бастады .1950 жылдан бері өнеркәсіп өндірісі 4 есеге жуық өсіп,өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің саны соңғы 20 жылда 1,5 млн адамға қысқарды. Мұның өзі еңбек өнімділігінің артуы мен өнеркәсіп жүйесінің құрылымдық өзгерістері нәтижесінде мүмкін болды .Қазіргі кезде ел өнеркәсіп өндірісінің көлемі жөнінен дүние жүзінде бесінші орын алады. Өнеркәсіп елдегі ұлттық жиынтық өнімінің 25,4 %-ын береді.Елдің экономикалық қуаттылығын символы болып келген дәстүрлі өнеркәсіп салалары соңғы онжылдықтарда өзінің жетекші рөлінен айырылып, жаңа салаларға жол беруде.Лотарингия темір кені алабының қорын пайдаланатын қара металлургия өнеркәсібі 20 ғасырдың 70-жылдарынан бастап дағдарысқа ұшырады.Оған Еуропа мен дүние жүзі нарығында неғұрлым қуатты бәсекелестердің Бразилия, Шығыс Еуропа елдері ,Корея және т.б. пайда болуы әсер етті.Еуропалық Одақ шеңберінде өнеркәсіптің осы саласын дамытуға бағытталған шаралар нәтижесінде өндірісті неғұрлым тиімді ұйымдастырып, қайта жабдықтауға мүмкіндік туды. Орталық аудандардағы тиімсіз кәсіпорындар жабылып, негізгі металлургиялық кешендер солтүстіктегі Дюнкерк маңы мен Лотарингиядағы Мозель өзені аңғарындағы шоғырланған.Қазіргі кезде жылына 19 млн т болат өндіріледі.Алюминий өндірісінде де аумақтық өзгерістер болды бұрын олар,негізінен, Альпы мен Пиреней аудандарындағы су электр станциялары маңында орналасса ,қазіргі кезде шеттен әкелінетін шикізатты қабылдап алатын портты қалаларға көшірілген .Құрамына тоқыма, бояулар жасау, кілем тоқу,еден төсеніштерін шығару өндірісі енетін Францияның мата өнеркәсібі дүние жүзіндегі жетекші орнын жоғалтқан жоқ.Бұл салада әсіресе жүн маталарын шығарудан дүние жүзінде бірінші орын алатын «Шаржер – текстиль», мақта маталарын шығаруға маманданған DMC компаниялары көзге түседі .Қазіргі кезде сырттан әкелінетін жүн мен мақтадан басқа, бұл кәсіпорындарда жасанды талшықтар да кеңінен пайдаланылады.Негізгі орталықтары – Мюлуз,Труа, Лион және Париж маңы. Машина жасау өнеркәсібінде көлік қатынасындағы машиналар мен электр техникасын жасау салалары күшті дамыған.Дүниежүзілік автомобиль өндірісінің дамуында елдің айрықша орны бар.1898 жылы ағайынды Рено негізін салған фирма алғашқы автомобилін жасап шығаратын болатын, арада 15 жыл өткен соң бұл шағын кәсіпорын алуан түрлі машина шығаратын аса ірі концернге айналды.Қазіргі кезде бұл концерн мемлекеттік болып саналады.Мұнда жүк автомобильдері, автобустар, ауыл шаруашылығы машиналары, сондай – ақ кемелер мен ұшақтардың қозғалтқыштары жасалады . Францияда жылына 3,5-4 млн автомобиль жасалса , соның 9/10 бөлігі жеңіл көлік болып табылады . Қазіргі кезде жеңіл автомобильдер , негізінен , Рено кәсіпорны мен жеке меншік Пежо – Ситроен концернде жасалады .Француз компаниялары дүние жүзінің 30 елінде автомобиль тетіктерін жинайтын зауыттар ашқан .Елде жасалған автомобильдердің 60 ы шетке шығарылады.Көбінесе француз жеңіл көліктерін Португалия, Испания , Бразилия және Оңтүстік – Шығыс Азия елдері сатып алады .
Экономикасы
Француз автомобильдері
Темір жолы техникасы
Авиациялық техника
Әскери авиациялық техника
Парфюм мен косметика
Франция — жоғары дамыған индустриялы-аграрлы ел. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша дүние жүзінде 4-орын (АҚШ, Жапония, Германиядан кейін), Еуропада Германиядан кейін 2-орын алады. Ұлттық табысты жан басына шаққандағы жылдық мөлшелері 24990 АҚШ долларына тең (2003 ж). Франция автомобильдер шығару жөнінде дүние жүзінде 3-орын, авиациялық және ғарыштық техника өндірісі бойынша Еуропада 1-орын алады. Сондай-ақ экспортқа көп мөлшерде қару-жарақ, АЭС-тер үшін құрал-жабдықтар, химикаттар, маталар мен киім-кешек шығарады. Француз өнеркәсібінің жетекші салаларына автомобиль жасау, химия мен мұнай химиясы, ұшақ жасау (аэробустар мен әскери ұшақтар), электроника, металлургия, темір жолы техникасын шығару жатады. Парфюмерия — косметикалық сала мен жоғары талғамды сәнді киімдер шығаруда Франция дүние жүзінде бірінші орынды иеленеді. Жылына шамамен 3,5 млн. автомобиль шығарса, оның жартысына жуығы экспортқа жіберіледі. Автомобильдердің 90%-дан астамын “Рено” мен “Пежо-Ситроен” компаниялары шығарады. Кеме және станок жасау, ауыл шаруашылық машиналары өндірісі де жақсы дамыған. Химия өнеркәсібі минералды тыңайтқыштар, синтетикалық каучук пен пластмасса, парфюмерия, дәрі-дәрмектер жасауға маманданған. Ірі мұнай, химиялық кәсіпорындары көп. Химия өнеркәсібі биотехникалық және гендік инженериямен тығыз байланысты. Тоқыма өнеркәсібі өзінің бұрынғы маңызынан айрылса да, Франция киім-кешек пен маталар шығарудан Еуропада алдыңғы орындардың бірін иеленеді (мақта-мата, жібек, синтетикалық, жүн, кендір, зығыр маталары өндіріледі). Француз кәсіпорындары шығарған ірімшік, шараптар, кондитерлік бұйымдар дүние жүзіне танымал. Өнеркәсіп өнімдерінің 1/5-іне жуығы Париж бен оның айналасында, сондай мөлшері Лион мен солтүстік аудандарда өндіріледі. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің көлемі бойынша Франция дүние жүзінде АҚШ пен Канададан кейін 3-орынды иеленеді. Ол ауыл шаруашылық өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп, 40%-ын экспортқа шығарады. Франция — Еуропадағы астық, сары май, ірі қара етін, ірімшікті ең көп мөлшерде өндіретін ел. Өсімдік шаруашылығының негізгі саласы — дәнді дақылдар өсіру (негізгілері — бидай, жүгері, қара бидай, арпа, күріш). Картоп, қант қызылшасы, күнбағыс, рапс та көп мөлшерде өсіріледі. Ницца өңірінде гүл өсіру дамыған. Жүзімнің негізгі бөлігі шарап дайындауға (жылына 60 млн-дай л) жұмсалады, неғұрлым белгілі түрлері шампан, кагор, коньяк. Жеміс-жидек (алма, алмұрт, шабдалы, Жерорта теңізі жағалауларында цитрустық жемістер мен қара өрік) пен көкөніс өсіру дамыған. Ірі қара (20,6 млн. бас), шошқа, қой, жылқы өсіріледі. Балық аулау кәсібінің негізгі порттары Атлант мұхиты жағалауларында (Булонь, Лорьян, Ла-Рошель) орналасқан. 2005 ж. елде 70 млн-нан аса шетелдік туристер демалды. Экспортының негізін өнеркәсіптік құрал-жабдықтар, тұрмыстық бұйымдар, ауыл шаруашылық өнімдері, химиялық тауарлар мен шикізаттар, тігін бұйымдары, киім-кешек, аяқ киім, парфюмерия мен косметика, автомобильдер құрайды. Сырттан тұтыну тауарларын, өнеркәсіптік шикізаттар алады. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Италия, Бельгия, Люксембург, Ұлыбритания мен АҚШ. Франция Қазақстанның сауда серіктестері ішінде 12-орын алады. Француз кәсіпорындары Қазақстандағы өз қызметінің қарқынын біртіндеп арттырып келеді. 2005 ж. ҚР мен Франция арасындағы тауар айналысы 2665,1 млн. долларды құрады. Қазақстан Францияға мұнай, кентастар, химия өнеркәсібінің шикізаттарын, тері мен астық береді. Франциядан негізінен дәрі-дәрмектер, азық-түлік өнімдерін, қосалқы бөлшектер, автомобильдер, тұрмыстық электроника, шарап, теңіз өнімдерін, ірімшік, парфюмерия мен косметикалық бұйымдар, жоғары сән киімдерін алады. Қазіргі кезде Қазақстанда француз кәсіпкерлері араласқан 19 шағын кәсіпорын тіркелген. 4 француз банкі Қазақстанмен бірлесіп жұмыс атқаруда, мұнай-газ, тау-кен, энергетикада, көлік пен қызмет көрсету салаларында көптеген француз компаниялары еңбек етуде. 2004 ж. 10 наурызда Парижде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының кезекті, алтыншы мәжілісі болып өтті.
Сыртқы экономикалық байланыстар
Франция экономикасы дүниежүзілік шаруашылықтын ажырамас бөлігіне айналды.Сыртқы сауда экономикалық өрлеуге негіз болып отыр, оған оң сальдо тән. Экспорт көлемі жөнінен ел батыс Еуропада тек Германияны ғана алға салады, Францияның сыртқа шығаратын тауарларының жалпы құны дүниежүзілік тауар экспортының 5,1% -ын құрайды. Экспорт құрылымында машиналар мен жабдықтар 43 және ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізаты 20 басым болып отыр .Соңғы жылдары әскери техника мен қару – жарақты сыртқа сату жөнінде АҚШ – тан кейінгі екінші орынға шықты.Импорт көлемі жөнінен Франция Жапониямен қатар АҚШ ,Германиядан кейінгі үшінші орынды бөліседі.Франция – халықаралық туризм орталығы.Қазіргі кезде Франция жылына 77 млн –дай шетел туристері қабылдайды.Елдің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда туризмнің маңызы зор.
Табиғаты
Сена өзені
Рослен көлі
Францияның көпшілік бөлігі жалпақ жапырақты ормандар аймағында орналасқан. Қиыр оңтүстікн жерортатеңіздік субтропиктер алып жатыр. Жағалаулары негізінен аласа, аккумулятивті немесе лагуналы, құрлыққа еніңкіреп жатқан шығанақтары бар (Атлант мұхиты жағалауларында Бискай, Сен-Мало, Жерорта теңізі жағалауында Лион), Ла-Манш пен Па-де-Кале бұғаздарының жағалаулары — абразивті, аласалау, бірақ тік, Котантен мен Бретань түбектерінің жағалаулары риас типті болып келеді. Лион шығанағынан шығысқа қарай Жерорта теңізі жағалаулары жартасты, Альпі тауларының теңізге келіп тірелген сілемдерінен құралған (Француз Ривьерасы деп аталады). Аумағының 2/3-сі елдің солтүстік, орталық және батыс аудандарын алып жатқан аласа және көтеріңкі жазықтар. Олардың ішіндегі ең үлкені — солтүстікте орналасқан Париж бассейні болып табылады. Оңтүстік-батысын — Аквитания жазықтары алып жатыр. Солтүстік-батысында жазықтар Арморикан үстіртімен ұласады, олар солтүстік-шығысы мен шығысында биіктігі орташа Арденн (көп бөлігі Франциядан тыс жерде) және Вогез тауларымен қоршалған. Оңт-нде төбелері қатты мүжілген, биіктігі орташа таулардан құралған аудан — Орталық Француз массиві жатыр. Оның орталық бөлігіне (Овернь) жанартаулы жер бедері тән (Мон-Дор жанартау күмбезі, Канталь кратері, Пюп конустар тізбегі). Массивтің оңтүстік және оңтүстік-батыс шетінде терең каньондармен тілімденген карстанған тау жазықтары жүйесі орналасқан (Гран-Кос, т.б.). Солт.-батыс, солт.-шығыс және шығыс аудандарында кристалданған аласа таулар (Лимузен, Морван, Севенна, т.б.) басым. Альпі мен Орталық Француз массивінің арасында Рона ойпаты бар. Франция аумағына Жоғарғы Рейн ойпатының батыстағы шағын бөлігі де кіреді. Оңтүстік-батысында субмеридиандық бағытта Батыс Альпі созылып жатыр. Оның биік бөлігі — Савойя, Грай, Кот және Теңізжағалаулық Альпі таулары ұзынынан және көлденеңінен терең аңғарлармен тілімденген кристалдық қыраттардан тұрады, мұздықтар көп. Альпінің батыс жиегінде эрозиямен күшті бөлшектенген, кей жерлерінде карстанған әктасты қыраттары бар биіктігі орташа таулар орналасқан. Бұл таулардың солтүстіктегі жалғасы Юра таулары болып табылады. Елдің оңтүстік-батысын Пиреней таулары (ең биік жері — Виньмаль тауы — 3298 м) алып жатыр. Ол солтүстігінде Аквитаниямен терең жазықтары бар тік беткейлер арқылы жалғасады. Корсика аралының жер бедеріне биіктігі орташа таулар тән (ең биік жері Мон-Сенто тауы — 2710 м). Франция мен Батыс Еуропаның ең биік шыңы — Монблан тауы (4807 м) болып есептеледі. Франция аумағының көпшілік бөлігі герциндік қатпарлық облысқа жатады. Қазіргі кездегі Франция аумағы кайнозойдың соңында аяқталған жалпы көтерілім нәтижесінде қалыптасқан. Негізгі қазба байлықтары — темір кентастары, боксит, калий тұздары, табиғи газ бен тас көмір, уран. Темір кентастарының кен орындары (Мец-Тионвиль, Лонгви, Брие, Нанси) Лотарингия бассейнінің Юра шөгінділерімен, бокситтің ірі кен орындары Прованстың мезозой әктастарымен байланысты. Калий тұздарының негізгі кендері Эльзаста, табиғи газ бен аз мөлшердегі мұнай кен орындары Аквитания бассейнінде. Францияның негізгі тас көмір бассейндері — Валансьенн мен Лотарингия эпигерциндік платформаның қатпарлық іргетасымен байланысқан. Сондай-ақ вольфрам, сүрме, қорғасын, мырыш, қалайы, алтын мен күміс, күкірт пен күкіртті колчедан, әр түрлі құрылыс материалдарының кен орындары бар. Елдің көпшілік бөлігінің климаты қоңыржай теңіздік, шығысында континенттікке өтпелі, Жерорта теңізі жағалауларында жерортатеңіздік субтропиктік (жазы құрғақ, қысы жауынды). Шығысы мен солтүстік-шығысындағы жазықтар мен аласа таулардағы қаңтар мен ақпан айларындағы орташа темп-ра 1 — 3°С, батысы мен оңтүстік-батысында –5 — 7°С, оңтүстігінде 8 — 10°С-қа тең. Жазықтардағы шілде мен тамыз айларындағы орташа температура солтүстікте 16 — 18°С, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте 20 — 24°С. Жылдық жауын-шашынның ең жоғарғы мөлшері (1500 — 2000 мм) Альпінің батыс беткейлеріне, Вогез, Севенна мен Пиреней тауларының батыс бөлігіне түседі. Бретань мен Котантен түбектерінде, Батыс Аквитанияда бұл көрсеткіш 800 — 1200 мм-ге, басқа жазықтарда 600 — 800 мм-ге тең. Жауын-шашынның ең аз мөлш. (500 — 800 мм) Рона ойпатына тау аңғарлары мен Жерорта теңізі жағалауларының шығыс бөлігіне түседі. Жазықтарда тұрақты қар жамылғысы қалыптаспағанмен, жыл сайын қар жауады. Таулардағы тұрақты қар жамылғысы 500 — 1000 м биіктікте байқалады, 2500 — 3000 м биіктікте ол 7 айдан 11 айға дейін сақталады. Қрі өзендері — Луара, Рона, Сена, Гаронна. Елдің солтүстік пен батыс аудандарындағы өзендер кең жазықтармен ағады, жаңбыр суымен толығады, жыл бойы суы мол болып, бетіне мұз қатпайды. Өзендерінде кеме қатынасы бар, бір-бірімен каналдар арқылы жалғастырылған. Альпі мен Пиреней тауларынан басталатын өзендер терең жазықтармен ағып өтеді, қар мен мұздықтардың еріген суымен толығады. Франция аумағында Женева көлінің оңтүстік бөлігі орналасқан, елде басқа ірі көлдер жоқ. Ормандар ел аумағының 27%-ын алып жатыр. Қрі орман массивтері Аквитанияның батысында (негізінен қолмен отырғызылған самырсын ормандары), Париж бассейнінің шығысы мен Альпі және Пиреней тауларында. Аквитанияның шығысында емен ормандары қолмен отырғызылған талшын ормандарымен үйлеседі, субтропиктік бұталар кездеседі. Елдің солтүстігінде шамшат, емен, шегіршін ормандары өседі. Оңтүстігінде еменнің мәңгі жасыл түрлері, самырсынның оңтүстік түрлерінен құралатын сирек ормандар, гарига мен маквис бұталары басым. Биіктігі орташа тауларда ормандар тау басына дейінгі жерлерді алып жатыр. Орманды аудандарды, тауларды жабайы орман мысығы, түлкі, елік, жабайы шошқа, ақтиін, қоян, бұғылар, ақкістер мекендейді. Биік тауларда тауешкі, жайран, альпі суыры, атжалман кездеседі. Құр, шіл, тауқұдірет, сауысқан, торғайлар, көгершін, жылқышы, қырғи, кезқұйрық, т.б. құстар кең тараған. Оңтүстігінденде фламинго кездеседі. Өзендері мен Францияны қоршаған теңіздерде балық көп. 3 мыңнан астам қорғалатын аумақтар (1975), Ұлттық саяжайлар (Экрен, Севенн, Вануаз, т.б.), көптеген резерваттар мен қорықтар бар.
Қазақстан мен Франция
Н.Саркози және Назарбаев Н.А.
Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 6,201 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстан Францияға негізінен мұнай, металдар және металл құрылғыларын, химия өнімдерін, ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарып келеді. Қазақстан болса, Франциядан электр және электрондық бұйымдар және оның жабдықтарын, медициналық дәрі-дәрмек, автокөлік, тамақ өнімдерін және құрылыс материалдарын алады. Осы тұста айта кетейік, Франция элиталық тауарлар ретінде шарап, теңіз өнімдері шикізаттарын, киім-кешектер, тағы басқа тұрмысқа қажетті бұйымдарды жеткізеді.
Екі елдің бірін-бірі инвестициялау көрсеткіші де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Франция Экономика министрлігінің деректері бойынша, Франция Қазақстан Республикасының экономикасына жалпы көлемі 2,005 миллиард еуро көлемінде қаржы салды. Ал Қазақстанның Франция экономикасына бағыттаған инвестициясы 10 миллион еуроны құрайды. Оның 4 миллион еуросы 2008 жылы салынған. Қазіргі кезде Қазақстанда Францияның бірқатар компаниялары табысты жұмыс істеуде. Әсіресе, екі ел арасындағы ынтымақтастық отын-энергетика саласында жақсы жолға қойылған. Мысалы, қазіргі кезде 40-тан астам франциялық компания Қазақстанның мұнай-газ, тау-кен өндірісі, энергетика, көлік және қызмет көрсету салаларында жұмыс жасауда. Осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 25 кәсіпорын ойдағыдай қызмет атқаруда. Бұл кәсіпорындар негізінен сауда, көлік-логистикалық қызметтермен айналысады.
Қазақстан-Франция қатынастарында алдағы уақытта қаржы-банк ынтымақтастығынан көп үміт күтуге болады. Бұған қазіргі кезде Қазақстанда “Сосьете Женераль”, “Натексис Банк Попюлэр”, “БНП Партба” және “Калион” банктерінің жұмыс істеуі нақты дәлел болады. Мемлекет басшыларының кездесуі мен жүргізген келіссөздерінде нақтыланғанындай, екі мемлекеттің экономикалық байланыстарын дамытуда Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысын оң бағалауға болады. Жалпы, 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан аталған комиссия осы аралықта сегіз отырыс өткізген. Оларда Қазақстан мен Франция қарым-қатынастарын дамытуға қатысты көптеген мәселелер талқыланып жүр.
Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени-гуманитарлық қатынастар да соңғы жылдары ойдағыдай дамып келеді. 1993 жылы екі елдің арасында осы саладағы байланыстарын жандандыруға бағытталған үкіметаралық келісім жасалған. Осы қатынастар бүгінде екі ел халқының мәдениет пен өнер салаларындағы байланыстың негізі болып отыр. Содан бергі уақытта Алматыда “Альянс Франсез” мәдени білім агенттігінің өкілдігі ашылды. Бұл агенттіктің 139 елде филиалдары жұмыс істейді. Олар негізінен Франция үкіметінің франкофония және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы басты құралы болып табылады.
Сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасында білім беру жөніндегі қатынастар да ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында атап өткеніндей, “Болашақ” бағдарламасы бойынша Қазақстанның көптеген жастары Францияның беделді жоғары оқу орындарында білім алып, қазіргі кезде ел экономикасының дамуына үлес қосып жатыр.
Әдебиеті
Франция аумағында бір-бірімен тығыз байланысты болған бірнеше әдебиет өмір сүрді. Неғұрлым ертеректе қалыптасқаны — жырлары мен аңыздары сақталмаған кельттердің (галлдардың) әдебиеті, оның бір тармағы бретон әдебиеті болды. 10 ғасырдан бастап елдің оңтүстігінде провансаль әдебиеті дами бастады. Каталон әдебиеті (Руссильондағы) аймақтық шеңберден аса алмады. 18 ғасырға дейін латын тіліндегі әдебиет басым болды. Ортағасырлық ауыз әдебиеті кейініректе өңделген немесе жазып алынған күйінде сақталған жырлардан, аңыздар мен ертегілерден басталады. Француз тіліндегі алғашқы жазба әдебиет — діни тақырыпқа арналған шығармалар (“Қасиетті Евлалия туралы кантилена”, т.б.) 9 ғасырдың 2-жартысына жатады. 10 — 11 ғасырларда әскери жасақтардың арасында латындық дәстүрлермен де, ауыз әдебиетімен де таныс-жонглерлер шығарған алғашқы эпикалық поэмалар-жесталар пайда болды. Олар 8 — 10 ғасырлардағы тарихи оқиғаларға арналды (Ұлы Карл мен оның серіктеріне арналған “Роланд туралы жыр” , т.б.). 13 ғасырда сарай маңы, серілік бағыттағы — куртуаздық әдебиет және қалалық әдебиет пайда болды. 14 — 15 ғасырларда ақындар куртуаздық лирика әдістерін дамыта отырып, бұрынғы поэтик. тақырыптарды жетілдірді. 14 — 15 ғасырлардағы серілік романдар ұлттық мәселелер мен фольклорлық әуендерге толы болды (“Мелюзина”, 14 ғ., “Жан де Сантре тарихы”, 15 ғ.). 15 ғасырдың соңында Франция Қайта өрлеу дәуіріне өтті. Италиямен қарым-қатынас күшейіп, кітап басу ісі дами бастады, антикалық дүниеге деген қызығушылық өсті. Қайта өрлеу әдебиетінің неғұрлым жарқын өкілі — Франсуа Рабле болды. 16 ғасырдың ортасында Франция ақындары поэзияның адамгершілік мазмұнын тереңдетіп, оны жаңа формалармен (сонет, ода, буколика, эпик. поэма, т.б.) байытты, ұлттық әдеби тілдің қалыптасуына жағдай жасады. 17 ғасырдың бас кезінде француз әдебиетінде реалистік классицизм, барокколық бағыттар пайда болды. Классицизм комедиясының негізін салушы әрі аса көрнекті өкілі — Ж.Б.П. Мольер болды. 17 ғасырдың соңына таман француз мәдениетінде ағартушылық тенденциялар күшейді. Рококо әдебиеті пайда болды. 18 ғасырдың 1-жартысында комедия мен роман жанры дамыды. Комедия Мольер дәстүрін жалғастырса (Ш.Дюфрени, Ж.Ф. Реньяр, т.б.), А.Р. Лесаж (1668 — 1747) шығармаларында әлеум. өткірлік пен тұрмыстық реализм күшейді (“Тюркаре”, 1709). Француз өмірін Ш.Л. Монтескье (“Парсы хаттары”, 1721) сатиралық тұрғыдан шебер бейнеледі. 18 ғасырдың 1-жартысындағы әдебиетте Ф.М. Вольтер жетекші рөл атқарды. 1751 жылдан бастап Д.Дидро, Ж.Л. Даламбер, т.б. ағартушылар “Энциклопедия” шығара бастады. Дидро “мещандық драма” жанрын қалыптастырды. Оның ізбасарларының қатарында М.Ж. Седен (1719 — 97), Л.С. Мерсье (1740 — 1814), П.О.К. Бомарше, т.б. болды. Ағартушылық рационализмнен аулақтау әдебиетте сентиментализм пайда болды. Оның көрнекті өкілі Ж.Ж. Руссоның шығармаларында адамдардың жаңа типі сипатталды. Француз романтизмінің 2-кезеңі В.Гюго шығармашылығынан айқын көрінді. Реализм белгілері П.Л. Курьенің (1772 — 1825) памфлеттерінде, П.Ж. Беранже, Э.Моро, О.Барбьелердің сатиралық өлеңдері мен әндерінде пайда болды. Реализмдегі психол. бағыттың нығая түсуі Ф.Стендальдың есімімен байланысты; Оноре де Бальзак 90 шығармадан тұратын “Адам комедиясы” эпопеясын жазды. П.Мериме (1803 — 70) реалистік новелланың шебері болды. 19 ғасырдың аяғына қарай прозада натурализм орын тепті. Ги де Мопассанның новеллалары мен романдары, А.Доденің (1840 — 97) сатиралық шығармалары, Ж.Верннің ғылыми, шытырман оқиғалы романдары көпке танылды. А.Дюма (әкесі) романдары әр түрлі стильдерді шебер ұштастыра білудің үлгісі болды. 20 ғ-дағы француз әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің қатарында А.Франс, Р.Роллан, Луи Арагон, Ж.П. Шарболь, А.Барбюс, А.Стиль, Ж.П. Сатр, т.б. бар. Француз әдебиетінен Ф.Рабленің “Гаргантюа мен Пантагрюэль” (1938), Гюгоның “Гаврош” (1972), Верннің “Сырлы арал” (1959), “Он бес жасар капитан” (1954), “Капитан Гранттың балалары” (1956), А.Барбюстің “От” (1956), А.Стильдің “Алғашқы соққы”, Ги де Мопассанның “Өмір” (1970), А.Дюманың “Үш ноян”, т.б. роман, повестері қазақ тілінде (кейбіреулері бірнеше рет) жарық көрді. Қазақ ақын-жазушыларының кейбір шығармалары (М.Әуезов — “Абай жолы”, Ә.Нұрпейісов — “Ымырт”, т.б.) француз тіліне аударылған. 2005 ж. наурызда Париж кітап жәрмеңкесінде Н.Ә. Назарбаевтың француз тіліндегі “Сындарлы он жыл” кітабының тұсаукесері болды.
Өнері
Шамбор
Эйфел мұнарасы, Париж
Notre Dame de Paris
Люмьер ағалары— Кино өнерінің қалыптасушылар
Франция аумағындағы өнердің ең көне ескерткіштері палеолит дәуіріне жатады (Ласко, Ла-Мадлен, Тюк-де-Одубер). Неолит және қола дәуірінде Карнакта мегалиттік құрылыстар салынды. Біздің заманымыздан 6-ғасырдың бас кезінде Оңтүстік Франция жағалауларында ежелгі грек колониялары пайда болып, кельт тайпаларының мәдениетіне елеулі ықпал етті. Римдіктер жаулап алғаннан кейін галл (кельт) қалаларында антикалық галл-рим өнері дамыды: ғибадатханалар, театрлар, жеңіс аркалары, мазарлар салынды. Саркофагтар, табыттарға бедерлер, мозаикалар жасалды, бейнелеу өнеріне рим стилі элементтері кельт дәстүрлерінің жергілікті белгілермен үйлесім тапты. Орта ғасырларда Каролинг өнерінің дәстүрлері роман стилінің қалыптасуына негіз болды (10 — 12 ғасырлар). Осы кезден бастап 2 — 3 қабатты үйлер салынған ортағасырлық француз қаласы қалыптаса бастады.Романдық сәулет өнерінде шіркеулер мен монастырьлар құрылысы жетекші рөл атқарды. 12 ғасырда Солтүстік Франция қалаларында готиканың негізі қалыптасты. Қала көшелері арнайы жоспармен салына бастады. Қалалардың негізгі қоғамдық ғимараттары — соборлар болды. Замоктар іші бай әшекейлерге толы сарайларға айналды (Авиньондағы папа сарайы — Пьерфон замогы, 1390 —1420). 15 ғасырдың 2-жартысында француз Қайта өрлеу дәуірі қалыптаса бастады. Король сарайы шақырған итальян шеберлерінен (ішінде Леонардо да Винчи де болған) үйренген жергілікті шеберлер өсіп-жетілді. Қайта өрлеудің інжу-маржаны — Париждегі Луврдың жаңа ғимараты (арх. П.Леско, мүсінші Ж.Гужон) болды. 16 ғасырдың бас кезінде көркемдік өнердің орталығы король сарайына ауысты. Италияға жасалған жорықтардан кейін Францияға антикалық мүсіндер, итальян қайта өрлеуінің туындылары әкелінді. Сарай маңындағы мәдениет маньеризмнің дамуына ықпал етті. Қарындашпен және майлы бояулармен портреттер жазу дамыды. Мүсін өнерінде қайта өрлеудің гуманистік идеалдары көрініс тапты. Абсолютизмнің нығаюына байланысты 17 ғасырда өнердің алдына монархтың жеке басы мен билігін мадақтау міндеті қойылды. Бейнелеу және мүсін өнерінің (1648), архитектураның (1671) Корольдік академиясы құрылды. Классицизм элементтері орын ала бастады. Париж бірыңғай стильмен салынған, геом. қатаң пішінді алаңдармен көркейе түсті [Дофин (1607), Вогез, Жеңіс (1685 — 86), Вандом]. Композициясы жағынан қатаң жоспарланған сарайлар (Пале — Руаяль, 1629 —36, арх. Ж.Лемерсье), қоғамдық ғимараттар [Мүгедектер үйі (1671 — 76), арх. Ж.Ардуэн-Мансор, шіркеуімен Сорбонна ғимараты (1629 — 54), арх. Ш.Лемерсье)], Жеңіс аркалары, көпірлер салынды. Қала сыртындағы замоктардың сырт бейнесі өзгеріп, сарайлары мен қызмет ғимараттары, саябақтары бар кешендерге айналды. Олардың ішіндегі әйгілісі — Версаль сарайы болды (арх. Л.Лево, Ж.Ардуэн — Мансар, саябақты жобалаушы — А.Ленотр). 17 ғасырдың ортасынан бастап бейнелеу өнерінде классицизм жетекші жағдайға ие болды. Париж бен Версальдағы сарайларды безендірудің орасан зор жұмыстарына басшылық еткен, “үлкен стиль” бағытының алыбы Ш.Лебрен болды. 18 ғасырдың бас кезіндегі кескіндемеде А.Ваттоның нәзік психологизм мен поэзияға толы туындылары салынды. Ватто шығармаларының сырт көрінісін рококо стилі қабылдағанмен (Ф.Буше), оның шын мәніндегі мұрагері француз реализмі (М.К. Латур, Ж.Б. Шарден, А.Гудон, М.Э. Фальконе) болды. 18 ғасырдың 2-жартысындағы сәулет өнерінде классицизм дәстүрлері қайта жаңғырды. Азаттық үшін күрескен көне заман батырларын, кейінірек революция қаһармандарын дәріптеген (Ш.Л. Давид) революцияшыл классицизм пайда болды. Наполеон империясы кезінде ампир стилі (Ш.Ф. Шлырен, Ш.Персье, П.Фоншен) үстемдік алды. Оған 1820 — 30 жылдардағы өнер шеберлері (Т.Жерико, Э.Делакруа, мүсінші Ф.Рюд) қарсы шығып, 1830 — 60 ж. сыншыл реализмнің (О.Домье), реалистік ұлттық пейзаждың (К.Коро, барбизон мектебі өкілдері) гүлденуіне жағдай жасады. 1848 жылғы революциядан кейін еңбек адамын мадақтаған реалистік шығармалар (Г.Курбе, Ж.Ф. Милле) дүниеге келді. 19 ғасырдың 2-жартысында сәулет өнерінде эклектизм етек алды, сондай-ақ темір-бетонды құрылымдар (А.Т. Эйфель) қолданыла бастады. Импрессионизмнің пленяр (К.Моне, К.Писарро, А.Сислей), жаңа импрессионизм (Ж.Сера, П.Синьяк) және постимпрессионизм (В.Ван-Гог, П.Гоген, А.Тулуз-Лотрек, П.Сезанн) бағыттары жаңа бейнелеу тәсілдерімен (Э.Мане, Э.Дега, О.Ренуар, мүсінші О.Роден) байи түсті. 20 ғасырдың бас кезінде О.Перре темір-бетон құрылымдарды қолданып, Ш.Э. Ле Корбюзье, т.б. қазіргі заманғы сәулет өнерінің тиімді қағидаларын жетілдіре түсті. 20 ғасырдағы құрылыс ісіне әр түрлі құрылыс материалдары (темір-бетон, шыны, металл, пластмасса, т.б.) батыл түрде қолданылды (Э.Бодуен, М.Лодс, А.Люрса, П.Ваго, Б.Зерфюс). Бірқатар қалаларды жаңа жобалармен қайта салу жүзеге асырылды (Гавр, Сен-Дени, т.б.). 20 ғасырдың басында бейнелеу өнерінде көптеген жаңа ағымдар: фовизм (А.Матисс, А.Дерен, М.Вламинк), кубизм (П.Пикассо, Ж.Брак, Ф.Леже), дадизм (М.Дюшан), сюрреализм (И.Танги), т.б. пайда болды. А.Майоль, А.Бурдель, Ш.Деспио өміршең, терең мазмұнды мүсіндер жасады. 2-дүниежүз. соғыстан кейін жаңа реализм қозғалысы (А.Фужерон, Б.Тасмецкий) белең алды. Франция сән және қолданбалы өнер бұйымдарымен де (мата, жиһаз, керамика, шпалер, шыны, эмаль, шілтер, зергерлік бұйымдар, т.б.) даңқы шыққан ел. Елдің музыка мәдениетінің негізін құрайтын француз халық әндері өз бастауын қазіргі Франция аумағын мекендеген кельт, галл және франк тайпаларының ән-жырларынан алады. 9 ғ-да музыканың дамуына монастырьлар мен замоктардың жанындағы әншілік мектептері (метриздер) маңызды рөл атқарды. Мұнда шәкірттерді ән айтуға, әр түрлі аспаптарда ойнауға үйретті. Сонымен бірге негізгі орындаушылары менастрельдер мен жонглерлер болған халықтық өнер де дамыды. Олар көрермендерге балладалардың мазмұнын баяндады, тәлім-тәрбиелік және күлдіргі әндер орындап, ұрмалы-соқпалы, үрлемелі аспаптардыің сүйемелдеуімен көңілді билер биледі. 11 — 13 ғ-ларда кезбе әншілер-трубадурлардың өнері гүлденді. 1528 ж. П.Аттеньян Парижде зайырлық вокалдық шығармалар мен аспаптық пьесалар (дауылпаз, клавесин, спинет, арфа, гитараға, үрлемелі аспаптарға арналған) жинақтарын шығаратын муз. баспаның негізін қалады. 1581 ж. италиялық Б.Бальтазарини Луврда “Патшайымның комедиялық балеті” атты француздың бірінші балет спектаклін қойды. Парижге Венеция мен Болоньядан сазгерлер мен опералық труппалар шақырылды. Алғашқы француз операларының бірін ақын П.Перренмен біріге отырып сазгер Р.Камбер жазды (“Пастораль”, 1659). Олар 1669 — 71 ж. тұрақты опера театрын ұйымдастырды (кейіннен “Гранд-опера”). 18 ғасырдың ортасында симфония пайда болды (Ф.Ж. Госсек). 1830 — 40 ж. Париж өзіне басқа елдердің музыканттарын тартқан дүниежүз. орт-тардың біріне айналды. Мұнда сазгерлер Ф.Лист пен Ф.Шопен, әншілер П.Виардо-Гарсиа мен М.Малибран өз шеберліктерін шыңдап, шығарм. табыстарға жетті. 19 ғасырдан бастап француздық скрипка және вокалдық мектептері дүние жүзіне танымал болды. 1828 жылдан Париж консерваториясы қоғамының концерттері өткізіліп тұрды, 1835 ж. әуесқойлардың хор қоғамы — “Орфеон” ұйымдастырылды. 19 ғасырдың 1-жартысында романтик.-бағдарламалық симфонизмді жасаушы (“Фантастикалық симфония”, 1830) әйгілі сазгер, дирижер және сыншы Г.Берлиоздың даңқы шықты. Кафе-концерттер, театрлық ревю, шансонье, канкан өнерімен әуестену күшейді. Оперетта жанрының көрнекті өкілдері — Т.Оффенбах, Ш.Лекок, Р.Планкен, Ф.Эрве, т.б. болды. 19 ғасырдың 2-жартысында француз операсында реалистік ағым күшейіп, лирикалық опера жанры қалыптасты. Ол әсіресе, Ш.Гуноның шығарм-нда кемеліне келтірілді (“Фауст, 1859, “Ромео мен Джульета”, 1867). Лирикалық опералар 1851 ж. Парижде ашылған “Лирикалар театрында” қойылды. Бұл жанрда А.Тома (“Миньон”, 1866, “Гамлет”, 1868), Ж.Массне (“Манон”, 1884), К.Сен-Санс (“Самсон мен Далила”, 1877), Л.Делиб (“Лакме”, 1883) көзге түсті. Француз музыкасындағы опералық реализмнің шыңы — Ж.Бизенің шығармашылығы еді. Орындау шеберлігі аса жоғары симфониялық оркестрлер құрылды. (Ш.Подлу, 1861). 20 ғасырдың бас кезінде француз музыкасында импрессионизм бағыты белең алды. Бұл бағыттың негізін қалаушы К.Дебюсси еді. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін неоклассицизм, экспрессионизм бағыттары бекіді. Сазгер Э.Сати драматургиялық кескіндемеші Ж.Кокшомен бірге жас сазгерлердің импрессионизмге қарсы қозғалысын басқарды. Олардың жолын қуушы сазгерлер А.Онеггер, Д.Мийо, Ф.Пуленк, Ж.Орик, Л.Дюрей, Ж.Тайфер “Алтылық” деп аталатын шығарм. бірлестік құрылды. Оларға И.Ф. Стравинскийдің музыкасы мен Еуропада алғаш пайда болған америка джазы елеулі ықпал етті. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа бағыттар пайда болды. 20 ғасырдағы аса танымал француз орындаушыларының қатарына: дирижер — К.Шевильяр, П.Монше, И.Маркевич, А.Клюишенс, Ш.Мюнш, Л.Форестье, П.Паре, Ш.Брюк, С.Бодо, Ш.Маршинон, П.Булез; пианиношылар — Л.Дьемер, И.Нат, А.Корто, М.Лонг, Р.Казадезюс, С.Франсуа, Ж.Б. Помье, М.Бришольери, М.Ааз; скрипкашылар — Ж.Тибо, З.Франческатти, Ж.Неве; виоленчельшілер — П.Фурнье, П.Тортелье, әншілер — Д.Дюваль, Ж.Креспен, Ж.Жириду; шансонье — А.Брюан, М.Шевалье, Мистангет, Э.Пиаф, С.Реджани, Ж.Беко, Ш.Трене, Ж.Брассенс, М.Матье, П.Каас, Д.Дассен, т.б. жатады. Ағайынды Л. және О.Люмьерлер ойлап тапқан кинематограф өнерінің көпшілік алдындағы тұңғыш сеансы (“Поездың келуі”, “Сәбиді емізу”, т.б.) Парижде 1895 ж 28 желтоқсан күні болды. Француз киносының бастапқы кезеңінде шеберлікті қажет ететін қиын көріністерді түсіруді ойлап табушы, “кинофеерия” авторы Ж.Мельес кино саласында жұмыс істеуге көрнекті драматургтерді, театр актерлері мен сазгерлерді тартқан “Фильм дар” фирмасы маңызды рөл атқарды. М.Линдердің қатысуымен түсірілген кинокомедиялар, Л.Фейадтың арандатушылық топтамалары дүние жүзіне танымал болды. Біріш дүниежүзілік соғысқа дейін француз киносы дүние жүзіндегі бүкіл кино өнімдерінің 90%-ға жуығын шығарды (“Пате” және “Гомон” фирмалары). Соғыстан кейінгі жылдары “Авангард” деп аталған, құрамына Л.Деллюк, А.Ганс, М.Л. Эрбье, Ж.Дюлак сияқты кино теориктері мен шеберлері енген топ құрылды. “Авангард” қозғалысына қосылған реалист режиссерлердің бір тобы өнердің басқа түрлерінде қалыптасқан дәстүрлерге сүйене отырып, бірқатар мәнді туындыларды көрермендер назарына ұсынды. Дүниежүзілік киноның үздік үлгілерін насихаттайтын киноклубтар пайда болды. 1930 жылдан бастап дыбысты фильмдер шыға бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция кино шеберлерінің “Жаңа толқын” атты тобы пайда болды. Киноның көркемдік шеберлігі жетілдіріліп, қысқа мерзім ішінде киноға 150-ден аса жаңа режиссерлер келді. Олардың ең әйгілі туындылары Кристиан-Жактың “Фанфан-Тюльпан” (1952), “Заңның аты заң” (1958), П.Этекстің “Йо-йо” (1965), т.б. болды. 20 ғ-дың 2-жартысындағы неғұрлым әйгілі француз киноактерлерінің қатарына Ж.Моро, Ж.Л. Трентиньян, Ж.П. Бельмондо, К.Денев, А.Делон, А.Жирардо, Ж.Депардье, Рено, Ж.Маре, П.Ришар, т.б. жатады. Францияда режиссерлер, операторлар мен басқа да кино мамандарын даярлаумен 1943 ж. ұйымдастырылған жоғарғы кино білімі институты айналысады. Жылына 300-дей әр түрлі фильмдер түсіріледі. 1972 ж. Кино тарихының музейі ашылды. 1946 жылдан бастап Канны қаласында Халықараралық кинофестиваль өткізіліп тұрады.
Информация о работе Орта ғасырлардағы Батыс Еуропа мен Ресей мемлекеттері пен құқығы