Құқықтық мемлекет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Февраля 2012 в 16:17, реферат

Краткое описание

Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бүзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Құқықтық мемлекет идеясының сан ғасырлық тарихы бар. Ол сонау ежелгі дәуірден бастау алады. Құқықтық мемлекеттің философиялық негізін И. Кант жасады.

Содержимое работы - 1 файл

Құқықтық мемлекет.docx

— 49.17 Кб (Скачать файл)
 

                       ҚР Білім және ғылым министрлігі. 

БАЯНДАМА 
 
 
 
 

Пәні: Мемлекет және құқық теориясы.

Тақырыбы: Құқықтық мемлекет. 
 
 
 
 
 

                Группа: КПВ 2 – 2

Тапсырған: Джиемуратов.Н

Қабылдаған: Баулыбаева.А 
 
 

                 

                         Алматы 2012 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

 Құқықтық  мемлекет

 

Құқықтық мемлекет — конституциялық басқару тәртібі, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі бар мемлекет нысаны.

Құқықтық мемлекет – өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқы бүзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастыратын мемлекет. Құқықтық мемлекет идеясының сан ғасырлық тарихы бар. Ол сонау ежелгі дәуірден бастау алады. Құқықтық мемлекеттің философиялық негізін И. Кант жасады. 
Қазіргі ғаламдық әлемде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы мемлекет, қоғам және азаматтың арақатынасын қалыптастырудың әмбебап идеалы болып отыр. Құқықтық мемлекет идеясының мәні - оның бірізді демократиялылығы, билік көзі ретіндегі халық егемендігін бекіту, мемлекеттің қоғамға бағынуы. Құқықтық мемлекет идеясындағы бастысы - мемлекеттің және оның органдарының зорлық-зомбылығынан, басынуынан азаматтарды қорғау кепілі болатын мемлекеттің құқықпен байланыстылығы. Құқықтық мемлекет ең алдымен, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және азаматтар бағынуы тиіс өзіндегі құқықтық ережелермен өзін-өзі шектейтіндігімен ерекшеленеді, ал ондағы басты принцип - құқық үстемдігі. 
Құқық үстемдігі деген ең алдымен заң үстемдігін білдіреді. Басты, маңызды, негізгі қоғамдық қатынастар заңмен реттеледі. Қоғам өмірінде заң үстемдігі арқылы, барлық саяси институттарда жоғарғы құқық бастаулары, құқық рухы енгізіледі. Осылайша, азаматтардың құқықтарының шынайылығы әрі мызғымастығы, олардың сенімді құқықтық мәртебесі, заңдық қорғалуы қамтамасыз етіледі. Құқықтық мемлекет - ең алдымен, құқықтық мемлекет идеялары іске ас¬қан конституциялық мемлекет. Конституциялық құрылымның негізгі қағидаттары, қоғам дамуының маңызды бағыттары, оның басты идеялары конституциялық деңгейде бекітіледі. Конституция құқықтық жүйенің орталығы болып табылады. Соның негізінде құқықтық мемлекеттегі заңдылық тетіктері қалыптасады.

Құқықтық  мемлекет атауы алғаш рет ХIХ ғасырдың бірінші ширегінде пайда болып, кейін Еуропаның бірқатар елдеріне таралды. Бірақ құқықтық мемлекет туралы негізгі көзқарастар антикалық заманда қалыптасып, мемлекет пен құқықтың арақатынасы жайлы тұжырымдамалар жасалған еді. Жаңа заманда құқықтық мемлекет туралы көзқарастардың қалыптасуы табиғи құқық доктринасының бекітілуі, зайырлы заң дүниетанымының пайда болуы мен нығаюы, абсолюттік және полициялық тәртіпті сынға алу, адамдардың бостандықтары мен теңдігін, мызғымас құқықтарын тану, биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөліну тұжырымдамасының қалыптасуы, конституционализм теориясы мен тәжірибесінің дамуы арнасында жүрді. Бұл ережелердің жасалуына Г. ГроцийБ. СпинозаДж. ЛоккШ. МонтескьеД. АдамсД. Медисон, т.б. қомақты үлес қосты. Құқықтық мемлекетте биліктің, азаматтыңқоғам мен құқықтың теңдігі және олардың заң алдындағы құқықтық теңдігі негізгі орын алады. Құқықтық мемлекетте қоғам өмірі заңмен реттеледі, заң үстемдік еткен жағдайда, сот ісі тәуелсіз болып, тек заңға бағынады. Құқықтық мемлекет әрбір жеке адамның заңды мүдделерінің, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына кепілдік беруі, барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, олардың бірлестіктері мен қауымдастығын қамтамасыз етуге тиіс. Оның негізгі белгілері: құқықтық заңның үстемдігі, билік бөлінісі қағидаларын конституциялық-құқықтық реттеу негізінде егеменді мемлекеттік биліктің ұйымдасуы мен қызмет етуі, индивид, қоғам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының құқықтық нысаны. Құқықтық мемлекетте қоғам, топ мүшелері мен азаматтар қауымдастықтарының мемлекет алдында, жалпы мемлекеттің, оның органдары мен басқармаларының, лауазымды адамдардың қоғам, азаматтар алдындағы жауапкершіліктерінің қатаң тәртібі орнауы қажет. Құқықтық мемлекетте биліктің бір адамның, органның немесе әлеуметтік топтың қолында шоғырлануына жол берілмейді. Өзінің жетілген үлгісінде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы биліктің барлық институттарының өкілді болуын, лауазымды адамдардың сайлануын білдіреді. Құқықтық мемлекет жағдайында сот әділдікті жақтаушы, кең мағынада құқықты қорғаушы, негізгі міндеті – адам құқықтарын қорғау болуы тиіс. Қоғам мен мемлекеттің өзара байланысы, өзара тәуелділігі мемлекет заңдарында көрсетілген құқықтар мен міндеттер арқылы жүзеге асады. Қазіргі кезде құқықтық мемлекет тұжырымдамасы адам құқықтарымен тығыз байланыста қарастырылады және адамның жеке, азаматтық, саяси және экономикалық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын білдіреді.

Құқықтық  мемлекет. Мемлекет және қоғам

Құқықтық  мемлекет. Мемлекет және қоғам 
 
1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары. 
2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде. 
3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі. 
4. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы. 
5. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы. 
 
 
1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары. Құқықты мемлекет - бұл  адам мен азаматтың  құқықтар мен бостандықтарының толық түрде қамтамасыз етілуіне және құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік билікті құқықпен мейлінше байланыстыруға жағдай жасаушы саяси билік ұйымы.І 
Құқықтық мемлекеттің мәнін  қарастыруда оның негізгі  екі жағын (екі негізгі кағиданы) бөліп қарастыруға болады: 
1) мазмұнды  жағы - адам  мен  азаматтың құқықтары  мен бостандықтарын  мейлінше толық  көлемде  қамтамасыз  етуден тұлға үшін құкықтық ынталандыру режимін орнықтырудан  көрінеді; 
2) формальды-заңды жағы - мемлекеттік билікті құқықпен байланыстырудан, мемлекеттік құрылымдар үшін құқықтық шектеу режимін орнықтырудан көрінеді. 
Сонымен қатар, құқықтық мемлекеттің кағидасына мыналар да жатады: 
- билікті  заңсыз  пайдалануды болдырмау  мақсатында оны заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлу; 
- заңның үстемдігі, яғни, биліктің жоғары органымен барлық конституциялық тәртіптерді сақтай   отырып   қабылданған заң атқарушылық билік актілерімен жоққа шығарылуы, өзгертілуі және тоқтатылуы мүмкін емес; 
- мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі; 
- қоғамдағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі; 
- азаматтық қоғамның болуы және тарапынан құқық субъектілерінің заңдарды орындауына бақылау жүргізілуі. 
2.   Биліктің тармақтарға  бөлінуі  құқыктық мемлекеттің қағидасы ретінде. Бұл қағиданы алғаш рет Д. Локк пен Ш. Монтескье ұсынған болатын. Қағиданың басты талабы - саяси бостандықты бекіту, заңдылықты қамтамасыз ету және белгілі бір әлеуметтік топтың, мекеменің немесе жеке тұлғаның билікті асыра пайдалануын болдырмау үшін мемлекеттік билікті заң шығарушылық (халық сайлайтын және қоғамды дамытуды заңдар қабылдау жолымен жүзеге асыруға бағытталған), атқарушылық (биліктің өкілдік органы тағайындайтын және заңдар мен оралымдық-шаруашылық қызметті жүзеге асырумен айналысатын) және сот   (бұзылған құқықтарды  қалпына келтірудің, кінәлілерді әділетті түрде жазалаудың кепілі болып табылатын) биліктері деп бөлу қажет. Және осы әр бір билік түрлері дербес және бір-бірін тежей отырып, өз функцияларын органдардың ерекше жүйесі арқылы және арнайы нысандарда жүзеге асыруы тиіс. 
Констиуцияда бекітілген «тепе-теңдік және тежемелік жүйесі» заң шығару, атқарушы, сот билігінің нақты бір билік түріне қатысты құқықтық шектеулерінің жиынтығын білдіреді. Мысалы, заң шығару билігіне қатысты тежемелік жүйесінде ерекше рөлді Президент иеленген, ол заң шығарушыға қатысты вето құқығын иеленеді: атқарушы билікке қатысты тежемелік сипатта болып президент өкілеттіктерінің мерзімі, импичмент, сенімсіздік вотумы, атқарушы органдардың жауапты қызметкерлеріне заңшығару-шылық құрылымға сайлануға тыйым салу, коммерциялық қызметпен айналысу табылады; сот билігі үшін конституцияда көрініс тапқан құқықшектеуші құралдар болып мыналар табылады: кінәсіздік презумпциясы, қорғану құқығы, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, іс жүргізудің жариялылығы мен жарыспалылығы, соттарға отвод жариялау және т.б. 
 
3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі. Бұл құқықтық мемлекеттің дербес қағидасы болып табылады. Бұл саяси билікті шектеудің өзінше бір тәсілі, ол сасяи биліктің иесі ретіндегі мемлекет пен оны жүзеге асырудың қатысушысы ретіндегі азаматтың арасындағы қарым-қатынастардың адамгершілік-заңды бастамаларын көрсетеді. Қоғам мен тұлғаның бостандығын заңшығарушылық нысанда бекіте отырып, мемлекет өз шешімдері мен әрекеттерінде белгілі бір шектеулерді иеленеді. Заң арқылы ол өзінің азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен, басқа мемлекеттер-мен қарым-қатынастарындағы әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз ететін міндеттемелерді өз мойнына алуы тиіс. 
Құқыққа бағына отырып, мемлекеттік органдар ондағы ерсжелерді бұза алмайды және осы міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Заңның мемлекеттік билік үшін міндеттілігі әкімшіліктік қателіктерді болдырмауға бағытталған кепілдіктер жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оларға Үкіметтің өкілдік органдардың алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттің кез-келген деңгейдегі лауазымды тұлғаларының нақты бір тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзғандығы, билікті асыра пайдаланғаны, қызметтік жағдайын асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілігі, импичмент және т.б. жатады. 
Жалпы қауымның мемлекеттік құрылымдардың өз міндеттерін орындауды бақылауының нысандары болып референдумдар, депуттардың сайлаушылар алдында есеп беруі және т.б. табылады. 
Тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігі де дәл осы құқықтық бастамалармен негізделеді.  Мемлекеттік мәжбүрлеуді  қолдану құқықтық сипатта болуы, ол тұлғаның бостандығын бұзбауы және жасалған құқықбұзушылықтың ауырлығына сай болуы тиіс. Сонымен, мемлекет пен тұлғаның арасындагы қарым-қатынастар өзара жауапкершіліктің негізінде жүзеге асырылуы тиіс.  
4. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы. Қоғам - бұл, кең мағынада, адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан нысандарының жиынтығы немесе, тар мағынада, әлеуметтік жүйенің тарихи нақты типі, қоғамдық қатынастардың белгілі бір нысаны. 
Мемлекет - бұл саяси биліктің саяси-аумақтық, егеменді түрде ұйымдастырылуы. Қоғам мен мемлекет - әртүрлі түсініктер. Біріншісі екіншісіне қарағанда кең болып келеді, себебі, қоғамда мемлекетпен қатар мемлекеттік емес құрылымдар да (саяси партиялар, саяси қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, еңбек ұжымдары және т.б.) болады. Мемлекет қоғамның саяси бөлігі, элементі болып табылады. 
Мемлекет қоғамда орталық орынды және басты рөлді иеленген. Мемлекеттің сипаты бойынша бүкіл қоғамға. Оның мәніне сипаттама беруге болады. Мемлекет қоғамға қатысты оның істерін шешу, басқару құралы рөлін атқарады. Қоғам мен мемлекеттің хронологиялық шектері де әртүрлі болып келеді: біріншісі екіншісіне қарағанда ерте пайда болған және бай даму тарихына ие. Дамыған қоғамның негізінде пайда болған мемлекет оған қатысты салыстырмалы түрдегі дербестікті иеленеді. 
 
5. Азаматтық қоғамның түсінігі жәнс құрылымы. «Азаматтық қоғам» түсінігін Аристотель, Цицерон, Гроций, Т. Гоббс, Дж. Локк, Гегель, Маркс және т.б. ойшылдар қалыптастырған. Барлық ғалымдар азаматтық қоғамдағы негізгі идея ретінде адам идеясын таниды. Азаматтық қоғам - адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасы инсти-туттары мен қатынастарының жиынтығы, солардың көмегімен жеке тұлғалар мен топтардың мүдделері қанағаттандырылатын. 
Азаматтық қоғамның құрылымына мыналар кіреді: 
1) мемлекеттік емес, әлеуметгік-экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік); 
2) мемлекеттен тәуелсіз өндірушілердің жиынтығы (жеке фирмалар және т.б.); 
3) қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер; 
4) саяси партиялар мен қозғалыстар; 
5) тәрбиелеу мен мемлекеттік емес білім беру саласы; 
6) мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі; 
7) отбасы; 
8) шіркеу және т.б. 
Азаматтық қоғамның белгілері: 
- адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының мейлінше толық қамтамасыз етілуі; 
- өзін-өзі басқару; 
- оның құрылымдары мен адамдардың әртүрлі топтарының бәсекелестігі; 
- еркін түрде қалыптасатын қоғамдық көзқарас пен плюрализм; 
- жалпы ақпараттану мен адамның ақпаратпен танысу құқығының шын мәнінде жүзеге асырылуы; 
- өмір сүру координация қағидасына негізделеді (мемлекеттік аппарат кезінде субординация қағидасы үстемдік құрады); 
- экономиканың көпжақтылығы; 
- биліктің заңды және демократиялық сипаты; 
- кұқықтық мемлекет; 
- адамдардың жақсы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ететін мемлекеттің күшті әлеуметтік саясаты және т.б

 
        Қазақстанда құқықтық мемллекет құру

         Қазақстан халқы егеменді мемлекеттің ұлттық өркендеу процесінің негізін 90-жылдары қалай бастады. Біздің ата-қонысымыз мыңдаған жылдар бойына талай басқыншылықты басынан кешті. Қаншама көне қалалар, мәдени орталықтар қирады, кітаптар өртеліп, жазықсыз жандар кұрбан болып, өлшеусіз қан төгілді. Бірақ қандай қырғын болса да алтын бесік ата-баба жері, атамекен дәл бүгінгідей ойрандалған емес. Жер ананың аялы алақанында аман қалған әрбір от басынан рулы ел тарап, халық қашан да еңсесін көтеріп, ел болып дамып кете беретін. Халқымыздың ата-қоныс қара орманға деген ұрпақтық сүйіспеншілігінің түп-тамыры да дәл осында жатыр. Сондықтан да ата-бабамыз осындай ұлан-ғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен. 
Өкінішке орай, осы бір тарихи жалғастық Қазақстанды да өз уысында ұстаған тоталитарлық мемлекет кезінде үзіліп қалды. 70 жыл ішінде жүргізілген аяусыз зұлмат тек қазақ халқын сан жағынан ғана селдіретіп, өз отанында азшылыққа ұшыратып қойған жоқ, ол өмір сүретін табиғи ортаны да ойрандады, халық санасын уландырды, оның тарихында мыңдаған жылдар бойына мәңгілік болып саналып келген талай табиғи байлық ондаған жылдардың ішінде-ақ сарқылып келмеске кетті.  
КСРО өзінің 70 жылдық тарихында ұлттардың, этникалық топтардың, аз халықтардың теңдігі мен құқы жөнінде жар салудан жалыққан емес, ал іс жүзінде халықаралық міндеттерді сақтау былай тұрсын, тіпті, конституциялық заң ережелері де орындалмады. Шынайы демократия болмағандықтан да заң әрқашан қағаз жүзінде қалып отырды. Тек егеменді Қазақстан Республикасы жағдайында ғана құқықтық мемлекет құрудың шынайы мүмкіндігі туып отыр. Біздің жас мемлекетіміздің Конституциясында міне осы қадам тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуының кепілі ретінде жүзеге асырылады.  
 
1. Қазақстанда құқықтық мемлекет құру жолы 
 
Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – қайшылықты, ұзақ та күрделі процесс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан қаз тұру жолынан да жақсы байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап-ақ Қазақстан тұрғындарының алдында ең алдымен Қазақстан мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау міндеті тұрады.  
Бұл орайда демократияны дамыту – меншік қатынастарын реформалау мен нарықтық экономикаға өту экономиканы тығырықтан алып шығудың, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы. Саяси саладағы басты мақсат – жас егеменді мемлекетті қуатты президентті республика етіп қалыптастыру. Біздің мемлекетімізде барлық азаматтардың теңдігі барлығының заң алдындағы бірдей жауапкершілігі, кімнің қай ұлтқа жататындығына қарамастан, бірдей екендігі әуелден-ақ нақты көрсетілген. Әрине, кейбір жағдайда жергілікті ұлт – қазақтардың мүддесі ерекше ескеріледі. Мұндай жағдайға ұлттық мәдениетті, тілді өркендету, қазақ диаспорасының рухани-мәдени және басқа да байланыстарын қалпына келтіру, олардың өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады.  
Басқа елдер деңгейімен салыстырмалы түрде алғандағы экономикалық байлыққа қол жеткізудің алғышарты – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландырған тұрақты құқықтық мемлекет құру болып саналады.  
Құқықтық демократиялық мемлекетте Конституция, яғни біздің қоғам өмірінің Негізгі Заңы аса жоғары мәнге ие. Конституция жобасы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап жасалына бастады. Конституция қабылдаудан бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтті.  
Біздің Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы егемендіктің иесі, республикадағы мемлекетік биліктің жалғыз қайнар көзі болып табылады. Республикада тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де тұрады. Сондықтан саяси ымыраға келу қажет болғандықтан қазақ халқы өз қамын күйттеумен қатар, жас мемлекетіміздің тыныштығын, оны одан әрі нығайтуды ойлауы керек.  
Құқықтық мемлекет құру, қоғамдық өмірді демократияландыру, жалпыұлттық келісім мен ынтымақ Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтың лайықты толық мүшесі болып енуінің басты шарты болып табылады.  
 
2. Қазақтың ата-заңы 
2.1. Конституция - Қазақстан республикасының негізгі заңы  
Республиканың президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы қысқа мерзім ішінде әзірленді. Ол халық талқылауынан өтіп, референдум арқылы өз күшіне енді.  
Жаңа Конституцияның өмірге келуі, жан-жақты сараптамадан өтуі Н.Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. Конституцияның бас авторы – Назарбаев Н.Ә деп толық сеніммен айтуға болады.  
Конституция Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына қолайлы жағдай жасайды. Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің барлық салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға жағдай жасап отыр.  
Еліміздің бұл Негізгі Заңы бірінші рет Қазақстан Республикасын президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жария етті. Бұл мемлекеттің құзырына өз аумағының тұтастығын, сырттан қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ету толығымен жатқызылады.  
Конституцияда демократияның түпкі мәні ерекше айқындалады. “Демократия” деген грек сөзін өз тілімізге аударсақ, халықтың билігі деген мағына шығады. Осы тұжырым қағида Негізгі Заңның үшінші бабында нақты бейнеленген. “Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” нақты жазылған.  
Конституцияда республикадағы мемлекеттік билік біртұтас деп жарияланған. Бұл билік Конституция бойынша үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі болып болып дараланған. Мұндағы мақсат билікті біржақты иемденіп кетушілікті болдырмау үшін олардың аражігі ажыратылып, әрқайсысынан конституциялық өкілеттіктері айқындалған. Олар бір-бірінің ісіне қол сұқпайды, әрқайсысы өз құзырларынша қызмет етеді.  
Негізгі Заңда саяси бостандықтарға кең кепілдік берілген. Саяси қозғалыстар Конституция шеңберінде емін-еркін өмір сүріп, қызмет ете алады. Оған ешқандай қысым жасалмайды.  
Жаңа Конституцияның тағы бір басты артықшылығы – меншіктердің әралуандығын мойындап, оны заң жүзінде бекітті. Енді Қазақстан республикасында мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншік те өз күшіне еніп, заңмен қорғалады.  
Неігзі заң меншіктің қызмет аясы мен мақсатын да айқындап берді. Меншік атаулы қоғам игілігіне ғана жұмсалуға тиіс, ол адамзат мүддесіне қарсы қызмет етпеуге тиіс, ол адамзат мүддесіне қарсы қызмет етпеуге тиіс. Сонда ғана меншік иесін қорғауға кепілдік жасалады.  
Демократиялық принциптер Конституцияның арнайы “Адам және азамат” атты екінші бөлімінде айқын көрініс тапқан.  
 
2.2. Мемлекеттік саяси биліктің Конституциядағы саяси көрінісі 
 
Мемлекеттің саяси жүйесі Конституцияда нақты көрініс тапқан. Саяси жүйенің негізгі тұғыры – президенттік басқару жүйесі Конституцияда алғаш рет заңдастырылған. Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы мемлекет болып жарияланған. Президентке елдің ішкі және сыртқы саясаттарын анықтау міндеті жүктелген. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және олардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Президент заң шығарушы, атқарушы, сот жүйелерінің бәріне бірдей қатынаста болады. Бәрінің жұмысын үйлестіріп, мемлекеттік биліктің дұрыс жүргізілуіінің кепілі болып танылады.  
Біздің президентіміздің Негізгі Заңда көрсетілген конституциялық ауқымда жемісті жұмыс істеп отырғанына бүкіл ел куә. Еліміздегі саяси тұрақтылық, орын алып отырған үлкен қиындықтарға қарамастан макроэкономикалық деңгейдегі ілгерілеу, отандық өнеркәсіпті жандандыруға шетел инвестицияларын көптеп тарту, шикізат көздерін игеріп, жер асты байлықтарын экономиканы аяққа тұрғызуға пайдалану, алыс-жақын шетелдермен оңды қатынастар орнату, ұлттардың татулығын қамтамасыз ету, еліміздің руханиятын, қорғанысын дамытуға күш салу және басқа сан-салалы қызметтерді құптауға әбден тұрарлық.  
Президент ел халқына “Қазақстан-2003” атты Жолдауын жариялады. Алда тұрған дамуымыздың басты бағыттарын көрсетті.  
Жаңа Конституция елімізде екі палаталы тұрақты жұмыс істейтін Парламентті заңдастырды. Ол республиканың заң шығарушы ең жоғарғы өкілетті органы болып табылады. Парламентіміздің жаңа демократиялық сипатта дамуына конституциялық негіз қаланды. Парламент өз жұмысын саясаттандыруға бейімдемей, экономикалық және саяси реформаны елімізде жеделдетуге қажетті заңдарды қабылдауды алдына негізгі мақсат етіп қойды.  
Конституцияда Парламент депутаттарының құқықтары мен міндеттері нақтылап көрсетілген. Конституциялық шеңберде әрбір депутаттың жемісті жұмыс толық негіз бар. 
Парламент Елбасының ұсынысы бойынша Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізеді, республикалық бюджетті бекітіп, оның орындауын қолдайды, бұл туралы Есеп комитетінің есептерін бекітеді. Үкімет басшысының бағдарламасын тыңдап, оны мақұлдайды немесе қабылдамай тастайды. Соғыс және бітім мәселелелерін шешеді. Республиканың халықаралық шарттарын қадап бекітеді және олардың күшін жояды.   
Республика Үкіметі Конституция белгілеп берген өкілеттіліктерінің негізінде экономикалық-әлеуметтік дамудың барысына басшылық жасап, ұйымдастыруға, ең алдымен жауапты.  
Парламент депутаттары да атқарушы органға шексіз билік берілген деген пікірден құралақан емес. Шындығына келгенде, Үкімет те Конституцияда көрсетілген мөлшерде ғана өкілеттікке ие. Президенттің алдында есеп береді, оның үнемі бақылау-назарында болады. Бюджет жүйесі жөнінде Парламентке тікелей тәуелді.  
Жаңа Конституцияда биліктің үшінші тармағы – сот жүйесіне ерекше маңыз берілген. Елімізде құқықтық реформа жүзеге асырылуда. Бұл салада жаңа Конституцияға негізделіп қайта жасалған “Азаматтық кодекс” пен “Қылмысты істер кодексінің” қабылдануын ерекше атап өтуге болады.  
Мемлекеттің республика деңгейінде ғана емес, жергілікті жерлердегі басқаруы мен өзін-өзі басқару тәртіптері де Конституцияда айрықша дараланған.  
Облыс пен аудандарда, қала мен селода мемлекеттік басқаруды өкілді дегендер – мәслихаттар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. 
 
2.3. Конституциядағы көрсетілген ҚР азаматтарының міндеттері мен құқықтары  
 
Республика азаматының негізгі құқықтарымен қатар міндеттері де 1995 жылдың 30 тамызындағы бүкілхалықтық талқылаудан өтіп қабылданған Конституцияда анық тұжырымдалған.  
Адам тумасынан өзіне қажетті құқықтар мен бостандықтарға ие. Ал ол өз мемлекетінің азаматтығын алғаннан кейін азаматтық құқықтарға ие болып, тиісті міндеттерді қоса атқаруға тиіс. Конституцияда адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне үлкен маңыз берілген. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған. Заң бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.  
Конституцияның 19-бабында “Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы” деп жазылған. Адамдардың ар-ождан бостандығына заң жүзінде толық кепілдік берілген.  
Республика азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауында, оны мұраға қалдыруына конституциялық кепілдік жасалған.  
Конституцияның 39–бабында адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін екендігі көрсетілген.  
39 баптың 3 пунктінде азаматтардың құқықтарын, яғни азаматтық құқығы, өмір сүру құқығы, жеке өміріне, өзінің және жанұясының құпиясына қол сұғылмауына, мемлекет органдары мен лауазым иелерінің кінәсінен шеккен зиянды қайтарып алуына т.б құқықтарын тіпті ең төтенше жағдайлардың өзінде де шектеуге рұқсат бермейтіні айтылған.  
Конституцияда жеке, азаматтық және саяси құқықтарға, осы құқықтардың кепілдігіне айтарлықтай көңіл бөлінеді.  
Жеке меншік құқығы заңмен қорғалады (6 бап.). Жерді меншіктеу құқығы бекітіледі (21,25 бап.), сонымен қоса өзінің мүмкіндіктерін және мүліктерін кәсіпкерлік қызметте және заңмен тыйым салынбаған экономикалық қызметте еркін пайдалануына құқықтары бар. Бұл нарықтық экономиканың тұрақты дамуы, экономикалық реформаның алға жылжуы үшін сенімді конституциялық негіз жасауды қамтамасыз етеді.  
Қазақстан Республикасының Конституциясының 13 бабында әр адамның өзінің бостандығы мен құқығын сот арқылы қорғай алатыны көрсетілген. Әр адамның заң мамандарынан көмек алуға, үкімді Жоғары сотқа қайта қаратуға, жазаны жеңілдетуді сұрауға құқығы бар. 
Азаматтардың медициналық көмек алуына, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Ал орта білім алу Конституция бойынша міндетті деп табылған.  
Республика азаматтарының құқығы мен міндеттерін сөз еткенде, екі мәселені ерекше атап өтуге болады. Бірі – заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады, екіншісі – Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті. Азаматтардың құқығы мен міндетін сөз еткенде бұл талаптардың адамдардың өз құқықтарын көбірек біліп, міндеттерін орындауға келгенде ұмытшақтық танытатыны жиі кездеседі.  
 
 
Қорытынды 
 
Халық өзі дауыс беріп қабылдаған заңын әрдайым әділ деп есептейді. Заңға құрмет болмайынша, оны қастерлеу ішкі қажеттілікке айналмайынша, заңның құдіреті шамалы болады. Конституция мәртебелі болуы үшін, оның принциптері, қағидалары қоғам, мемлекет, халық өкіметінің туы, қазығы, мәні болуға тиіс.  
Заң жақсы жұмыс істеуі үшін, оны бұлжытпай орындау азаматтардың күнделікті дағдысына, үйреншікті әдетіне айналуға тиіс. Әртүрлі амал-айламен заңды айналып өтуге тырысушылық өркениетті елдің мәдениетіне жатпайды.  
Бізде қылмыс, ұрлық-қарлық, жемқорлық көп. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң бекерден-бекерге шығып отырған жоқ. Бұл қылмыстың дәрежесі қоғамға, мемлекетімізге, едәуір қауіп төндіріп, алға басуымызғ бөгет бола бастады.  
Заңды қабылдағаннан соң оны мүлтіксіз орындау қажет. Қалың көпшіліктің заңды жаппай мойындауын, іштей түйсініп сезінуін, өз өмірінің басты ережесіне айналдыруын қамтамасыз ету оңай шаруа емес.  
Заң беделге, мансапқа, лауазымға, ақшаға, байлыққа сатылмай, тек ақиқатқа бас иеді. Біз де келешекте осыған жетуіміз керек.  
Біздің Негізгі Заң дүние жүзіндегі ең жас Конституциялардың бірі. Нағыз сәби шағы. Оған өзгерістер енгізуге кейде ұсыныстар болады. Бұлай өзгерістер енгізе беру Конституцияның беделін көтермейді. Уақыты келгенде, пісуі жеткенде ғана өзгерістер енгізген жөн.  
 
 
Қолданылған әдебиеттер тізімі: 
 
Казақстан республикасының Конституциясы. Алматы 1995 ж.  
Нысанбаев Ә. “Жалпы ұлттық келісім және демократиялық даму”. Егеменді Қазақстан газеті. 1997 жыл. 25-26 наурыз. 
Қалмырзаев Ә. Халықтың қуаты бірлікте. “Ата-заң арналары”. Егеменді Қазақстан газеті. 1998 жыл. 27-тамыз.  
   

Информация о работе Құқықтық мемлекет